Қазақстандық дзюдошы Дана Әбдірова дзюдодан жастар арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Перудің Лима қаласында басталған әлем біріншілігінде ол ел қоржынына алғашқы жүлдені салды. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясы хабарлады.
Дана Әбдірова қыздар арасында 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде бақ сынады. Жарыс барысында барлығы бес кездесу өткізіп, оның төртеуін жеңіспен аяқтады. Іріктеу кезеңінде Эльвира Гурьеваны (IJF), Коралина Сиенниканы (Польша) жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда Жапония спортшысы Уено Асукадан айласын асырса, жартылай финалда Андраде Жованнаны тізе бүктірді. Алайда отандасымыз финалда жапониялық жас дзюдошы Мио Шираканеге есе жіберді.
Айта кетейік, дзюдодан жастар арасындағы әлем чемпионатын Лимада (Перу) өтіп жатыр. Аталған додада әлемнің 65 елінен 463 жас татами шебері бақ сынауда. Қазақстан сапынан ел намысын 18 жас татами шебері қорғауда.