Осылайша 5 жылдық "демалыстан" кейін 9 жыл бойы тақтан түспеді. Ел ішінде "Облыстың әкімі болу – жарты патша болу" дейтін қыжыртпа тіркес бар. Әлгі тіркес Даниал Ахметовтің Шығыс Қазақстанда әкімдік еткен жылдарын дәл сипаттайды. Inbussines.kz тілшісі сол тоғыз жыл шығысқазақстандықтардың есінде қандай оқиғалармен есте қалғанына шолу жасап көрді.
Команда және кадр саясаты
Бұған дейін екі бірдей облыстың тізгінін ұстап, Премьер-Министрдің орынбасары, Үкімет басшысы, Қорғаныс министрі сияқты аса жоғары лауазымдарды атқарған кейіпкеріміз шығысқа келе салып тауарлы сүт фермаларын қаптату арқылы ақ тамақтың импортын нарықтан ығыстырып тастауға бел шешіп кірісті.
Әкімдікте осы мәселеге байланысты күн сайын жиын өтіп, әкімдер мен басқарма басшылары әскери адамдардай баянат беретін. Сол кезде ауыл шаруашылығы басқармасын басқарған ең тәжірибелі саналатын екі бірдей басшы әкімнің әуел бастағы қарқынына "ілесе алмай", бірінің артынан бірі қызметпен қош айтысты. Кейін мұндай ауыс-түйіс тенденцияға айналды. Әкімнің назары ауған саланың бәріне басшы шақ келмейтін болды. Мұның бәрі әкім командасын жасақтаудың мысықтабандап іске асатын стратегиясы екенін жұрт кейін ғана түсінді. Құрылыс, білім, денсаулық сақтау, кәсіпкерлік, бюджетті жоспарлау, индустрия, жұмыспен қамту, жер қатынастары сияқты салалардың басына кімдер келіп, кімдер кетпеді осы тоғыз жылдың ішінде... Тіпті бір кезде Даниал Ахметовтің қасынан жиі табылып, кейін орнын жастарға босатып берген біраз басшы Абай облысы өз алдына бөлек отау құрған кезде бір-бір маңызды саланың тізгінін ұстады.
Тауарлы сүт фермаларына оралсақ, қызды-қыздымен Даниал Ахметов халықтың сүт қабылдайтын бекетке ағарғанды қандай ыдысқа құйып әкелу керектігін де қағазда қаттап берген. Осылайша қарқынды басталған жоба уақыт өткен сайын бәсеңдей берді. Жыл сайынғы әкім есебінде биыл ондаған тауарлы сүт фермасының қолданысқа берілгені, келер жылы оның саны тіпті еселеп артатыны туралы жалынды уәделер айтылатын. Сол сүт фермаларының арқасында тек Шығыс Қазақстанның ғана емес, Астана мен Алматының дүкен сөрелерінде Ресей мен Беларусьтің сүт өнімдері жоғалып, орнын Алтайдың ақ тағамы басатынына жұрт та сене бастаған. Ол уәденің қалай орындалғанын біз емес, Астана мен Алматының, Семей мен Өскеменнің дүкен сөрелері айтсын.
"Абай Арена" әлде "Елбасы Арена"?
Өңірдегі "Казцинк", "Полиметалл", "ТМК", "Азия Авто", "Востокцветмет", "Силумин Восток", "ҮМЗ" сияқты ірі кәсіпорындар жүз миллиондап бөлген демеушілік қаражат есебінен ашылуға тиіс болған робот техникасы сыныптары, бюджет есебінен шетелде оқыған дәрігерлер мен қымбатқа алынған импорттық қондырғылар арқылы көтерілуге тиіс болған медицина сапасы, әкімнің тікелей араласуымен жасалған қазақ тілі мен орыс тілін оқытудың ортақ әдістемесі сияқты науқаншыл жобалар шығыста көп болды. Ондай атышулы бастамалардың қандай нәтиже бергенін бізден гөрі шығыстағы жұрт жақсы біледі.
Даниал Ахметов Абай облысы мен Шығыс Қазақстан бөлінбей тұрғанда Алаш шаһарына жиі қатынайтын. Оның ресми себебі – қала шетінен жаңадан бой көтерген Қарағайлы ауданының құрылысы мен совет заманынан бері түйіні тарқамаған жылу жүйесі. Жаз болса, шаһарды ыстық сусыз қалдыратын жылу-электр орталықтары мен қазандықтардың проблемасы 9 жылдың ішінде қалай шешілгенін сондағы тұрғындар білер. Біздің білетініміз пандемия басталғанға дейін республикалық трансферттен Семейдің жылу қазандықтарын жаңартуға деп миллиардтап қаражат бөлініп келді. Ал Қарағайлы ауданы сырт көзге Семейдің көркін келтірген ауданның бірі болып тұр. Ішкі аурасы сыртқы келбетіне қаншалықты сәйкес екенін тұрғыны болмаған соң біз айта алмаймыз.
"Ар-Бедел" дейтін қор мен Даниал Ахметовке өкпелі кәсіпкерлердің арасындағы сот дауына арқау болған "Абай арена" да алыстан менмұндалайды. Құны бірнеше рет өзгеріп, әр өзгерген сайын еселеп қымбаттаған кешен әупірімдеп жүріп Абайдың атын алған. Әлеуметтік желінің қысымы болмағанда ол нысан Нұрсұлтан Назарбаевтың атын иемденуі әбден мүмкін еді. "Ар-Бедел" қоры сотқа берген деректі фильм авторлары арена арқылы жымқырылған ақшаның ізін жасыру үшін нысанға сол кезде елдегі ең ықпалды тұлға Назарбаевтың атын беру бастамасы көтерілгенін айтқан.
Десек те, көпшілік алдындағы сөзінің бәрін "Наш великий современник Елбасы" деп бастап, осы сөзбен аяқтайтын әкімнің Нұрсұлтан Назарбаевқа деген құрметі Қаңтар оқиғасына дейін ерекше болғанын бүкіл шығыс жұрты жақсы біледі.
Қытаймен қатынас
Экс-әкімді жақтаушылар оның БАҚ бетінде жиі сынға ұшырайтынын ақпарат құралдарымен жұмысқа құнтсыздығымен байланыстырады. Оған дәлел ретінде бірнеше жылдан бері баспасөз хатшысынсыз жұмыс істеп жүргенін алға тартады. Бірақ Даниал Ахметов керек деп тапқан кезде БАҚ-ты барынша пайдаланды. 2016 жылы бүкіл Қазақстанда жер дауы бұрқ ете қалғанда өңірлік газеттердің шұғыл санын ұйымдастырып, Семейдегі әр пәтердің есігіне жер сатудың экономикаға қаншалықты пайдалы екені туралы үнпарақтар қыстырғаны ел есінде.
Даниал Ахметовке дейін шығысты басқарған Бердібек Сапарбаев (1953-2023жж.) Қытай мен Қазақстан арасын Майқапшағай кеден бекеті арқылы жалғайтын теміржол салуға ынталанып көрген. Ол жол кенге бай Алтай қаласы арқылы Өскеменге немесе Аягөз қаласы арқылы Алматыға бастауы керек-тұғын. Бұл жобамен біздің кейіпкеріміз де шұғылданып көрді. Тіпті осы келісімдердің аясында Қытай нарығын игеру үшін жергілікті ауылшаруашылық өнімдерді Қытайдың санитарлық талаптары бойынша сертификаттайтын зертхана салу жобасын қолға ала жаздаған. Жергілікті БАҚ Қытай тарапы Шығыс Қазақстанға аталмыш зертхананы жабдықтау үшін 1 млрд теңгенің қондырғысын ақысыз негізде беретінін жазған. Ал Шығыс Қазақстан теміржол төсеу шығындарының ақысына Ертістің жағасынан шыны зауытына шикізат алуға жарамды телім бөлуі керек екен дейтін бейресми ақпар тарап жүрді. Зертхана жобасы іске асса, Қытай нарығына Алтайдың балы мен астығы, еті мен өсімдік майы жоғары бағамен сатылуы керек еді. Қос жобаның да неге аяқсыз қалғаны бізге белгісіз.
Көпір салуға құмарлық
Қоғамдық көлікпен қатынайтын өскемендіктер қала ішіндегі маршурттық автобустардың сағаттай сақылдып тұрған жүйесі Даниал Ахметовтің кезінде қалпына келместей болып бұзылғанын әлеуметтік желіде әлі жазады. Ол дау қоғамдық көлікке меншігіндегі автобустарын ұсынып жүрген жүздеген кәсіпкерге корпоративтік табыс салығы қосарлап салынған даудан басталған еді. Бұл дау басылды-ау дегенде Семейдегі қоғамдық көлік иелері табыстан қағылып, орнына бірыңғай оператор құрылды. Жұмыс жүйесіз ұйымдастырылды ма, әлде басқа себебі бар ма, содан бері Семей мен Өскемен халқы қоғамдық көлікке жарымай келеді.
Тоғыз жылдың ішінде Шығыс Қазақстанда бірнеше ірі көпірдің құрылысы жобаланды. Оның ең ірісі – Бұқтырма су қоймасының үстінен салынып жатқан 1,3 шақырымдық алып көпір. Өткен мақалалардың бірінде оның құны 2020-2023 жылдар арасвнда 3 седей өскенін жазғанбыз. Ал "Азаттық радиосы" сайтының журналистік зерттеуінде аталған жобаның мердігерлерін экс-әкіммен не байланыстыратыны туралы бұлтартпайтын дәлелдер ұсынылған.
Даниал Ахметовтің бастамасымен Өскеменнің ішінде де ірі көпір салу жобасы қолға алына жаздаған. Бірақ Еуропа қайта құру және даму банкі концессиялық жобаны қаржыландырмай қойды. Айтпақшы, әуелде Бұқтырма су қоймасының үстінен түсетін көпірді де осы банк қаржыландыруы керек болған. Қазір оған республикалық бюджеттен ақша бөлініп отыр.
ГЭС-тердің тағдыры
Даниал Ахметов Алтай мен Тарбағатайдан табылған "Алтын адамды" Лондон төріндегі көрмеге қойғызды. Жыл сайын алтын іздеген археологтардың жұмысына бюджеттен 100 миллион теңге бөлінетінін жергілікті БАҚ сүйіншілеп жазып жүрді. Соның арқасында Берелден бірнеше құнды қабір қазылып, "алтын адамның" тоналған қалдықтары, Елеке сазы жайлауынан "алтын адамның" жұрнағы табылды. Бұл – Даниал Ахметов облыс мәдениетіне нендей үлес қосты деген сұрақтың жауабы. Ал идеологияға қосқан үлесіне сөз соңында тоқталамыз.
Ахметовтің тұсында Өскемен және Шүлбі су электр стансалары құжат жүзіндегі шетелдік инвесторларға сатылып кете жаздағанын көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Қаңтар оқиғасынан кейін Үкімет бастапқы ұстанымынан 360 градус айнып, ратификация жобасын қайта жасақталған Парламент арқылы жойды. Ол келісімге экс-әкімнің қандай қатысы барын, тіпті қатысы болған-болмағанын дөп басып айту қиын. Ал қуаты аталған ГЭС-терден әлдеқайда аз болғанымен, тау өзенінің бойынан салынған, кәсіпкерлік тұрғыдан аса тартымды Тұрғысын ГЭС-іне Ахметовтер әулетінің тікелей қатысы бар. Оны Даниал мырзаның өзі журналист Асхат Ниязовқа берген атышулы сұхбатында мойындады.
Даниал Ахметов халықтың салығынан жиналған бюджет ақшасын аямай бөлгізген саланың бірі – туризм. Оның ішінде Алакөлдің Шығыс Қазақстанға тиесілі болған бөлігі. "Алакөлді Анталиядай қылам" деген уәдесін орындау үшін жыл сайын су мүжіп жатқан жағалауды абаттандыруға, көлікпен барған адамның бүйрегін түсіретін жолын жөндеуге тағы да миллиардтап қаржы жұмсады. Әзірге халық жағалауды абаттандыру жұмыстарына көп сын айтып жүрген жоқ. Ал Алакөлге апаратын жолдың сапасына сын әлі көп.
Дауға толы тоғыз жыл
Осы тоғыз жылдың ішінде Шығыс Қазақстанда бүкіл республиканың назарын аударған бірнеше шулы ереуіл тіркелді. Оның ең ескісі Ақтоғайдағы мыс өндіретін комбинат құрылысы кезінде тіркелген еді. Жергілікті халықтан құралған жұмысшылар тобы мен қытайлық жұмысшылардың арасындағы еңбек дауы ұлтаралық қақтығысқа ұласа жаздап, әупіріммен басылған.
Ал пандемия басталған кезде Зайсан ауданының шетінен жергілікті мұнай компаниясының қытайлық жұмысшылары карантинде жататын бекет ашу бастамасы халықты көтеріп, Ахметовтің өзі барып әрең тоқтатқаны есімізде.
Осы екі аралықта құрамына бірнеше аудандық және екі облыстық газет кіретін "Шығыс Ақпарат" ЖШС-інде дау туындаған. "Рухани жаңғыру" дейтін бағдарламаның Шығыс Қазақстанда формалды кейіпте ғана іске асып жатқанын сынап жазған мақалаға медиахолдинг басшылығына Даниал Ахметов тағайындаған басшы шүйлігіп, соңы тағы ұлтаралық әңгімеге ұласқан. Сол даудан бері аталмыш медихолдигтің көсегесі көгермей келеді. Басшы құтаймаған ұжым жыл сайын айлық дауына тап болып жүр.
Даниал Ахметовке ерекше өкпелі қауым "Шығыс Ақпарат" ұжымы ғана емес. Бұрын бір қазанға күштеп біріктірілген облыстар бөлініп, жаңа аудандар құрылып жатқанда жеке отауымызды қалпына келтірсек деген үміт Катонқарағай мен Марқакөл өңірінің тумаларын да қанаттандырған. Бірақ бұл мәселе бойынша Үкімет жанынан комиссия құрылса да шешімін тапқан жоқ. Моңғолия, Қытай, Қазақстан, Ресей шекаралары түйіскен тұстағы қос ауданның халқы ендігі үмітін Даниал Ахметовтің орнына келетін әкімге артатыны күмәнсіз.
Жалпы Даниал Ахметовтен орнына келетін әкімге "мұра" боп қалатын проблема жалғыз бұл емес. Қыс бойы қатып шыққан Риддердің жылу жүйесі, жыл сайын миллиардтап ақша салса да бітпей келе жатқан "Өскемен-Алматы" жолы, экологтарды ауласына аттап бастырмайтын өнеркәсіп алпауыттарының қорғашан ортаға тастайтын шығарындылары, күнбағысқа деген сұранысқа құныққан диқандардың егістік нормативін сақтамауы, өз газы өзіне бұйырмай отырған Зайсан, Тарбағатай аудандарының энергетика мәселесі сияқты қадау-қадау түйткілдер тоғыз жылдың ішінде шешімін таппаған еді.
Кейіпкеріміз осы тоғыз жылдың ішінде қарапайым тұрғындармен бірге шерулетіп жүргенді жақсы көретін басшы ретінде танылған. Нақтырақ айтсақ, Ресейді бүгінгі идеологиялық тығырыққа тіреген "Ажалсыз полкті" көшірмелеп, "Даңқ полкі" деген шеру өткізетін. Шерушіл әкімнің репутациясына Қаңтар оқиғасы кезінде қатты сызат түсті. Қоғам мен әкімнің арасында дау бар. Ахметов сын сағатта ел алдына "шықтым" дейді, алаңда болғандар "шықпады" дейді.
Даниал Ахметовтің кезінде Күршім ауданындағы Маралды ауылының іргесінен ционид қоспасы арқылы алтын шайқайтын комбинаттың құрылысы қолға алынған. Халық тік тұрып қарсы шықты. Соңғы дерек бойынша, Жер ресурстары комитеті сот залында нысан салатын жер телімі жоба иесіне заңсыз берілгенін дәлелдесе керек. Бұл жоба да Даниал Ахметовтің айналасындағы адамдардың жеке мүддесімен байланысты дейтін пікір бар. Оның қаншалықты рас екені экс-әкім облыс билігінен түбегейлі кеткен кезде анықталар.