Даниил Фоминых спорттық мансабын аяқтады

1559

Даниил жекелей уақытқа арналған жарыс бойынша Азия чемпионы. Жекелей жарыс бойынша үш дүркін Қазақстан чемпионы (2014, 2018, 2021 ж). 2014 жылы алғаш рет Гранд-турды жүріп өтті. Сонымен қатар алты рет Солтүстік монументалды классикаға қатысты.

Даниил Фоминых спорттық мансабын аяқтады

Қазақстандық велошабандоз Даниил Фоминых Prosports.kz сайтына берген сұхбатында мансабын не себепті аяқтағанын болашаққа жоспары туралы және Almaty Cycling Team жобасы жайлы әңгімеледі.

- Келесі маусымда қай командада өнер көрсетесіз?

- Мен велошабандоз ретінде мансабымды аяқтап жатырмын. Келесі жылдан бастап құрлықтық Алматы велокомандасында спорт директоры және Ұлттық Олимпиада Комитетінде аға жаттықтырушы болып жұмыс істеймін.

- Мансабыңызды аяқтауыңызға не себеп болды? Әлде сізге ешкім келісім-шарт ұсынбады ма?

- Спортпен айналысқаныма он жеті жыл болды. Сондықтан өз тәжірибеммен жігіттермен бөлісетін сәт келді деп шештім.

- Биыл жекелей уақытқа арналған жарыс бойынша Қазақстан чемпионатында жеңіске жетсеңіз де, Астанаға қайта шақырту алмадыңыз ма?

Бұл мәселе тіпті талқыланбаған да шығар. Өйткені ол кезде мен басқа шешім қабылдап қойған болатынмын.

- Almaty Cycling Team жобасы туралы толығырақ айтып берсеңіз? Бұл қандай команда және онда кімдер өнер көрсетеді?

- Жалпы бұл бұрынғы Apple team командасы. Бірақ биыл ребрендинг болды. Команданың басшылығы мен аты да өзгерді. Келесі жылға мен мықты жігіттерді жинадым. Мысалы, команда сапында Антон Кузьмин, Игорь Чжан, Даниил Марухин, Нұржан Хатпин сияқты тағы да басқа көптеген жігіттер бар. Біз мықты команда құрдық. Жұмысқа кірісіп кеттік. Бірінші оқу-жаттығу жиынын Ыстықкөлде өткіздік. Келесі маусымда жақсы нәтиже көрсету үшін барлығына жауапкершілікпен қарағымыз келеді.

- Жарыс жоспары қандай болады. Негізінен Азияда өтетін турларға қатысасыздар ма?

- Қазір күнтізбе туралы айту қиын. Өйткені ұйымдастырушылардың өздері жарыстардың өтуі екі талай деп отыр. Яғни Қытайда өтетін жарыстардың ұйымдастырушылары пандемияға байланысты нақты жауап бере алмайды. Басқа жарыстар да дәл солай.

- Дегенмен соған қарамастан қай жерде өнер көрсеткіңіз келеді?

- Иә, әрине. Біз маусымды Түркияда өтетін жарыстардан бастағымыз келеді. Сонда жаттығулар өткізіп, жарыстарға қатыссақ. Келесі маусымның екінші жартысында Еуропаға бірнеше жарыстарға баратын шығармыз. Оған қоса "Алматы туры" да бар.

- Жақында Антон Кузьминнің капитан ретінде сіздің командаңызға келіп қосылатыны туралы ақпарат естідім. Бұл рас па?

- Иә, ол бізбен бірге команданың капитаны болады. Антон соңғы екі маусымды кәсіпқой "Gazprom – RusVelo" командасында өткізді. Оның тәжірибесі жеткілікті өте мықты шабандоз.

- Антон Кузмин қандай жарыстарға қатысады?

- Ол таулы аймақта өте жақсы жүреді, бірақ көпкүндік жарыстарда да тамаша нәтиже көрсете алады.

- Almaty Cycling Team – ұзақ мерзімді жоба. Дегенмен ол бір-екі маусымда ыдырап кетпей ме?

- Кедергілер болмайды деп үміттенемін. Бұл қазақстандық шабандоздардың басын біріктіріп, бір жерге жинайтын ұзақ мерзімді жоба. Біз шабандоздардың жағдайын жасауға тырысамыз. Қазіргі таңда құрал-жабдықтарды түгендеу бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Бір сөзбен айтқанда, біздің команда нөлден бастайын деп отыр. Сондай-ақ бізге қосалқы бөлшектер, тағы да басқа заттар керек. Жағдайды түзетуге тырысамыз. Табысқа жетеміз деп сенемін.

Айта кетейік, 2012 жылы Даниил мансабын "Астана" командасынан бастады. Екі маусымнан кейін ол команданың негізгі құрамына алынып, жеті маусымды әлемдік турда өткізді. Одан кейін елордалық ұжым мен шабандоз арасындағы келісім-шарт ұзартылған жоқ және Фоминых биылғы жылды Almaty Cycling Team велокомандасында өткізді.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу