Дәніккеннен құныққан жаман

3435

Алаяқтарға алданған адамдар президентке шағымданбақшы.

Дәніккеннен құныққан жаман

Осыдан біраз бұрын  Қарағандыда риэлторлық фирмадан зардап шеккен адамдар дабыл қағып, полициядан көмек сұраған болатын.  Шағымданушылар баспана тауып беруге уәде берген алаяқтар әрқайсысынан 8 мың теңгеден алғанын, содан кейін үшті-күйлі жоқ болып кеткенін алға тартқан.

Алданғандардың бірсыпырасы Қарағанды қаласына іссапармен келген, тағы біразы отбасылық жағдайына байланысты жалға берілетін пәтер іздеген.

Жалған риэлторлар жапа шегушілердің ақшаларын алып алған соң, оларға пәтерлерін жалға өткізетін адамдардың нөмірлері жазылған тізім ұсынады екен. Клиент қолындағы нөмірге хабарласқанда телефон сөніп тұратын немесе тұтқаны көтерген адам: "пәтер бос емес" дейтін көрінеді. Осылайша сарсаңға салынған клиенттер уақыт жоғалтас үшін 8 мың теңгелеріне қолдарын сілтей салып жүрген. Ақыр аяғында алданғандардың саны 180 адамға жеткен. Ал "Позитив", "Шығыс" және "Квартирный вопрос" атты үш агенттік құрған риэлторлық фирма дәніккеннен құныққан жаман дегеннің керін келтіре берген.

Күндердің күнінде олардың төбесінен жай түскен. Себебі ашу мен ызаға булыққан адамдар "өтірікшілердің" соңына шам алып түскен.

Риэлторлық фирма ашқан Марат Нөкербековтың кеңсесін торуылдағандар көбейіп, екі жақтың полиция шақырып жанжалдасқан кездері көп тіркелген. Соңында Марат Нөкербековтің үстінен 180 адам полицияға шағым түсіріп, 80 эпизод бойынша қозғалған іс сотқа жіберілген. Осыдан соң риэлторлық фирманың  директоры қамауға алынған.

Күзден бері жалғасқан сот отырысына күні кеше нүкте қойылды. Қазыбек би аудандық сотының шешімімен риэлторлық фирма директоры Марат Нөкербеков ҚР қылмыстық кодексінің 190 бабы 3 бөлімі, 3 тармағы бойынша  айыпты деп танылып, 4 жыл бас бостандығын айырылды. Бұған қоса оған алдағы үш жылда кәсіпкерлікпен  айналысуға тыйым салынды. Пәтер іздегендерге жалған телефон нөмірлерін ұсынып отырған үш менеджер 120 сағаттан қоғамдық жұмысқа жегілетін болды. Ал осыған дейін қамауда отырған фирма директоры сот залынан бостандыққа шықты.

Айтпақшы жәбірленушілердің ешқайсына материалдық  шығын төленбейтін болды.Алданған адамдар сот алаяқтарға тым жұмсақ жаза қолданды деп отыр.

"Осы уақытқа дейін адамдарды алдап келген директор түк болмағандай сот залынан босап шықты. Жазықты адам жазықсыз деп жарияланып, істі дұрыс қарамады деген желеумен ішкі істер департаментінің мамандарына кінә тағылды. Көптеген дәлелдер қылмыстық іске тіркелмеген. Біз аппеляциялық сотқа жүгінеміз, одан нәтиже шықпаса, президентке шағымданамыз, – деді жәбірленуші Светлана Жүнісова.

Айтпақшы таяуда бір топ адам тағы бір риэлторлық фирма директорының үстінен полицияға шағым түсірді. Алайда осыдан бір ай бұрын бұл істі құқық қорғаушылар қылмыстық құрам жоқ деген желеумен жауып тастаған болатын.

Арайлым Еркебаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу