Данил Анкудинов: "Қарсыластар өте қиын, алайда жасыл алаңда жүрекпен ойнауға тырысамыз"

1533

Жас футболшы биылғы жылдың ақпан айында Молдованың "Шериф" клубына ауысты.

Данил Анкудинов: "Қарсыластар өте қиын, алайда жасыл алаңда жүрекпен ойнауға тырысамыз"

Қазақстан жастар құрамасының шабуылшысы Данил Анкудинов оқу-жаттығу жиындарынан алған әсері мен алдағы ойындардан қандай нәтиже күтетіні жайлы өз пікірімен бөлісті.

– Данил, Сіз жастар құрамасына алғаш рет шақырту алдыңыз. Команда сапындағы алғашқы әсерлеріңіз туралы айтып беріңізші.

– Тамаша әсер алдым. Кешегі оқу-жаттығу жиыны командамен жақсы өтті. 5х5 форматтағы матч қызықты болды. Оған қоса қақпаға көп соққылар бағытталып, голдар көп соғылды. Командамен қарым-қатынасым жақсы. Мен жаңа ойыншы ретінде командаға ақырындап үйреніп жатырмын.

Алда Дания және Түркия құрамаларымен кездесулер болады. Сол ойындардан қандай үміт күтесіз?

– Қарсыластар осал емес. Өйткені олардың ұлттық лигаларының деңгейі біздікінен жоғары. Жасыл алаңда жүрекпен ойнауға тырысамыз. Дайындалып жатырмыз. Енді қарсыластарға талдау жүргіземіз.

– Ақпан айында "Шерифке" ауысып, содан кейін Молдова чемпионы атандыңыз. Қандай әсерде болдыңыз?

– Мен келісім-шартқа ақпан айында қол қойдым. Ол уақытта Чемпиондар лигасында сенсация болған. Оған дейін клуб онша танымал емес еді. Чемпиондар лигасынан кейін барлық журналистер "Шерифті" бақылап отырады. Қаңтар айынан бастап клуб орналасқан жерде болдым. Жаттығып, бір айдан кейін мені ресми түрде команда ойыншысы ретінде таныстырды. Екі айдан кейін чемпионаттағы алғашқы кубокты, ал бір аптадан соң "Молдова кубогын" алдық. Сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Енді Чемпиондар лигасына дайындық болады. 15 маусымда жеребе тартылса, 3-4 шілдеде Чемпиондар лигасының алғашқы ойындары өтеді. Шынымды айтсам, бұл мен үшін түс секілді. Мен әлі де сене алар емеспін.

– Финалдан кейін жанкүйерлерге қолтаңба, футболкалар беріп, суретке түстіңіз. Жергілікті жанкүйерлермен қарым-қатынасыңыз қандай?

– Кубок финалынан кейін Тираспольден біршама шалғайда орналасқан стадиондағы жанкүйерлерге келдім. Қолдаулары мен жылы лебіздері үшін алғысымды айта алмадым. Барлығын да қуантуға тырыстым: біреуіне футболка, біреуіне шолақ шалбарымды – бәрін таратып бердім. Олармен суретке түсуге, қолтаңба беруге әрқашан дайынмын. Жанкүйерлермен жақсы қарым-қатынаста болғанымның да бір себебі осы деп ойлаймын.

29 мамыр күні Қазақстан ұлттық және жастар құрамалары оқу-жаттығу жиындары аясында жолдастық матч өткізеді. Ойын "Астана Арена" стадионында жабық режимде өтеді. Оқу-жаттығу жиынына жарақат алған қорғаушы Марат Быстров пен отбасы жағдайына байланысты қақпашы Стас Покатилов келе алмады. Олар алдағы ойындарға қатыспайды. Ал Нұралы Әліп қатарға 29 мамыр күні қосылады.

Қазақстан жастар құрамасы 30 мамырдан бастап "Талғар" базасында дайындығын жалғастырады. Содан кейін Еуро-2023 іріктеу матчына Данияға аттанады. Ал Қазақстан ұлттық құрамасы 3 маусым күні Әзербайжанды қабылдайды.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу