Данилина Australian Open турнирін жеңіспен бастады

1710

Аустралия ашық біріншілігі жалғасуда. Жарыстың төртінші күні Мельбурндегі теннис корттарына бірден төрт қазақстандық теннисші шығады.

Данилина Australian Open турнирін жеңіспен бастады

Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымына шықты. Бұл туралы ҚТФ баспасөз қызметі хабарлады. Данилина бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге алғашқы айналымда испаниялық Паула Бадоса – тағы бір қазақстандық Елена Рыбакинамен кездесуі керек еді. П. Бадоса мен Е. Рыбакина жұптық сында жарысқа қатысудан бас тартқаннан кейін олардың орнына мажарстандық Анна Бондарь мен грузиялық Оксана Калашникова шықты. Қазақстандық-бразилиялық жұп 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Олар 1 сағат 14 минутқа созылған бәсеке барысында 3 эйс жасап, 5 брейк-пойнттың екеуін пайдаланды. Жуырда ғана Сидней турнирінің жеңімпазы атанған Анна мен Беатристің екінші айналымдағы қарсыластары кейін анықталады.

Ерлер арасында Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының екінші айналымында франциялық Гаэль Монфистен жеңіліп, Үлкен дулыға турнирінен шығып қалды. Қазақстанның бірінші ракеткасы екі сетте тек бір гейм ғана (0:6, 1:6). Үшінші сетте Бублик белсенді өнер көрсетет бастады. Бірақ нәтижесінде ол тағы жеңілді – 4:6. Матч бір жарым сағатқа созылды.

Бейсенбі, 20 қаңтар күні Мельбурнде Аустралия ашық чемпионатының төртінші жарыс күні өтеді. Қазақстандық спортшылардың жарыс кестесін назарларыңызға ұсынамыз.

Бейсенбі күні жаңа маусымдағы бірінші "Үлкен дулыға" турнирінде бірден Қазақстанның төрт өкілі өнер көрсетеді. Бір матч жекелей, тағы үшеуі жұптық сайыстар бойынша өтеді. Алдымен Александр Недовесов өнер көрсетеді. Нұр-Сұлтан уақыты бойынша таңғы сағат 06:00-де 12-кортта 34 жастағы қазақстандық Сауд Арабиясының 41 жастағы ардагер теннисшісі Айсам-Уль-Хак Курешимен бірге жұп болып, Франциядан келген, осы турнирде жетінші нөмірмен өнер көрсететін Николас Мают пен Фабрис Мартинді жеңуге тырысады.

Бірінші айналымның тағы бір кездесуінде Александр Бублик пен польшалық Ян Зиелински жұбы америкалық Маркос Хирон / кореялық Сунг-Ву Квонмен кездеседі. Матч 15-кортта өтіп, шамамен таңғы 10:00-де басталады.

Үшінші кортқа соңғы болып осы турнирде 16-шы болып өнер көрсететін қазақстандық Андрей Голубев пен хорватиялық Франко Шкугор аустралиялықтар Ли Ту және Дэйн Суини жұбымен өзара мықтыны анықтайды. Кездесу елорда уақытен шамамен 11:15-те басталады.

Қазақстандық жанкүйерлер үшін ең қызықты матч "Джон Кейн Аренасында" өтетін кездесу болмақ. Сағат 10:00 шамасында бұл кортқа Елена Рыбакина (12) мен қытайлық Чжан Шуай шығады. Олар жекелей бәсекенің үшінші кезеңіне жолдама алу үшін өзара таласқа түседі.

22 жастағы Рыбакина мен 32 жастағы Шуай осы уақытқа дейін екі рет кездесіп, екі ойында да қазақстандық жеңіске жетті. 2020 жылдың қаңтарында Елена Хобарттағы (Аустралия) турнирдің финалында Чжанды 7:6 (7), 6:3 есебімен жеңді. Бұл Елена үшін WTA сериялы турнирлеріндегі екінші жеңісі болды. Сондықтан қазақстандық теннисші бұл ойынның айқын фавориті екенін айта кетейік.

Ермұхамед Мәулен