Қазақстанның жұптық сындағы бірінші, әлемнің 20-ракеткасы Анна Данилина Парма (Италия) WTA 250 турнирінің ширек финалына өтті.
Жарыстың 3-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші чехиялық Джесика Малечковамен бірге алғашқы айналымда ұлыбританиялық Эмили Эпплтон – америкалық Куинн Глисонмен шеберлік байқасты. Қазақстандық-чехиялық жұп қарсыластарын 6:1, 6:0 есебімен бет қаратпай ұтты.
Данилина мен Малечкова жартылай финалға шығу үшін ресейліктер Ангелина Габуева – Анастасия Захарова жұбын жеңген чехиялықтар Анастасия Детюк – Мириам Колодзиёвамен 29 қыркүйек күні кездеседі.
Тағы бір қазақстандық теннисші Тимофей Скатов Португалия астанасы Лиссабонда ерлер арасында өтіп жатқан Челленджер турнирінің екінші айналымында өнер көрсетті.
Турнирдің жүлде қоры 45,7 мың еуроны құрайды. Италиялық теннисші, осы жарыстың үшінші ракеткасы болып тіркелген Франческо Пассаромен (әлемнің 122-ші ракеткасы) кездесуде Скатов үш сетте 6:1, 5:7, 6:1 есебімен жеңіске жетті. Матч 2 сағат 47 минутқа созылды. Ойын барысында Тимофей (әлемнің 233-ші ракеткасы) екі қос қателік жіберді.
Сонымен қатар 11 ұпай жинап, алты гейм қатарынан жеңіске жетті.
Айта кетейік, ойын 1/8 финал кезеңінде өтті. Скатов келесі айналымда француз теннисшісі Бенуа Пэрмен кездеседі.
Ермұхамед Мәулен