Қазақстандық теннисші Анна Данилина WTA 500 турнирінің ширек финалында бразилиялық Беатрис Хаддад Майямен бірге жарыста үшінші нөмірмен өнер көрсететін жұпты жеңді. 1 сағат 5 минутқа созылған кездесуде қазақстандық-бразилиялық жұп Габриэла Дабровски (Канада) мен Джулиана Олмостан (Мексика) 6:4, 6:2 есебімен басым түсті. Ширек финалда Анна мен Беатрис ресейлік теннисшілер Екатерина Александрова/Натела Дзаламидзе дуэтімен кездеседі. Матч елорда уақытымен бүгін 14:10-да басталады.
Сонымен қатар дәл осы Сиднейде өтіп жатқан турнирде Андрей Голубев хорватиялық Франко Скугормен бірге турнир қожайындары, аустралиялықтар Мэтт Рид пен Алексей Попырин жұбына қарсы өнер көрсетіп, екі сетте де ұтылып қалды. Қорытынды есеп 3:6, 1:6.
Бүгін тағы бір қазақстандық теннисші Александр Недовесов те осы жарыс аясында пәкістандық Айсам Курешимен кортқа шығады. Олар аустралиялық ширек финалда Джон Пирс пен словакиялық Филипп Полашекке қарсы сынға түседі.
Ал әлемнің 13-ракеткасы Елена Рыбакина жарақатына байланысты Сидней WTA 500 Sydney Classic турнирін жалғастыра алмады. Рыбакина екінші айналымда франциялық Каролин Гарсиямен кездесуі тиіс болатын.
"Өткен аптадағы матчтың көптігінен және Сиднейге келіп, кешегі бәсекені өткізгеннен кейін ағзам толықтай қалпына келмей, аяғымда ауырсыну пайда болды. Жанкүйерлеріме айтарым, уайымдамаңыздар! Аустралия ашық чемпионатына дейін бабыма келіп, онда міндетті түрде өнер көрсетемін. Ал турнирдің қатысушыларына сәттілік тілеймін!", – деді Елена Рыбакина.
Ермұхамед Мәулен