Данилина ТОП 10 қатарына енді, Скатов келесі кезеңде

944

Қазақстандық Анна Данилина жұптық сында алғаш рет әлемдегі үздік он теннисшінің қатарына кірді.

Данилина ТОП 10 қатарына енді, Скатов келесі кезеңде

Данилина бүгін жаңартылған әлемдік рейтингіде 11-ден 10-орынға көтерілді. Бұл – оның спорттық жолындағы жеке рекорды. Анна үндістандық Саня Мирзамен бірге Аделаида-2 (Аустралия) WTA 500 турнирінің алғашқы айналымында бүгін осы жарыстың бірінші ракеткалары, чехиялық Барбора Крейчикова – аустралиялық Сторм Сандерспен шеберлік байқасты. Тартысты кездесуде бірінші партияда қазақстандық-үндістандық жұп басымдылық танытты – 6:3. Екінші сетте қарсыластары дәл сондай есеппен есе қайырды – 6:3. Супер тай-брейкте Б.Крейчикова мен С.Сандерс жеңісті жұлып алды – 10:6.

Енді Данилина Мирзамен бірге жылдың басты турнирлерінің бірі – Аустралия ашық чемпионатында өнер көрсетеді.

Қазақстандық Тимофей Скатов Аустралия ашық чемпионатының іріктеу сайысын жеңіспен бастады. Әлемнің 144-ракеткасы Тимофей алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 215-орында тұрған америкалық Николас Морено де Альборанмен кездесті. Қазақстандық спортшы екі сетте 6:3, 6:4 есебімен жеңіске жетті. Скатов іріктеу сайыстарының финалына шығу үшін әлемнің 155-ракеткасы, чилилік Николас Харримен таласады.

Тағы бір қазақстандық, рейтингте 195-орындағы Михаил Кукушкин іріктеу сайысындағы бастапқы кездесуін әлемнің 157-ракеткасы, аустралиялық Джеймс Даквортпен өткізеді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу