Егер аумаққа шабуыл жасалса, Дания арнайы әскери нұсқауларды күтпей-ақ бірден жауап қайтара алады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Даттың Berlingske басылымы қоғам назарына Екінші дүниежүзілік соғыстан соң, дәлірегі 1952 жылы қабылданған шешімді ұсынып отыр. Бұл – Дания әскерінің тосын жағдайға тап болмауы үшін қабылданған шешім. Құжат АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияға қатысты мәлімдемесінен кейін қайтадан өзекті саналды.
Аталған шешімге сай, ұлттық аумаққа шабуыл жасалса, Дания қарулы күштері соғыс ресми түрде жарияланбай-ақ, жоғарыдан бұйрық күтпей жедел әрекет ете алады.
Құжатта даниялық әскери қызметшілердің "жау қолына түскен немесе өзге себептермен қатардан шығарылған офицерлердің бұйрықтарына бағынбауы тиіс" екені көрсетілген.
АҚШ президенті Дональд Трамп стратегиялық маңызы бар Гренландияда Ресей мен Қытайдың ықпалы артып келе жатқанын назарға алып "Ұлттық қауіпсіздік тұрғысынан бізге Гренландия қажет" деп мәлімдеген еді.
Сонымен қатар, ол АҚШ-тың Гренландияны бақылауы Батыстың кең ауқымды мүдделеріне қызмет ететінін және қауіпсіздік тұрғысынан Еуропалық одаққа да қажет екенін ескертті.
Данияның автономды аймағы – Гренландия осыған дейін АҚШ-тың егемендікті беру жөніндегі ұсыныстарын қабылдамаған.