Дания АҚШ президенті Дональд Трамптың Гренландияны күшпен басып алмаймын деген уәдесіне қарамастан, Арктикадағы әскери әлеуетін нығайтып келеді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты BILD-ке сілтеме жасап.
Аралға соңғы уақытта жүздеген даниялық сарбаз жіберілген. Алдағы уақытта тағы әскерилер келеді деп күтілуде. Гренландияның астанасы – Нуукта тұрып жатқан адамдар саны көп. Осыған байланысты Дания өзінің әскери қызметкерлерін қонақүйлер мен демалысқа арналған үй-жайларға орналастырған. Жақында бұл мәселе шешімін таппақ.
BILD басылымының ақпаратына сүйенсек, Ocean Endeavour круиз кемесі демалыс күндері Нуук портына жақындап, 150 даниялық сарбазға арналған казармаға айналуы тиіс. Vesselfinder мәліметінше, салмағы 1762 тонна болатын алып кеме 23 қаңтарда Францияның Уистреам портынан шығып, Арктикаға бағыт алды. Дания армиясы бұл ақпаратты растады.
"Келесі жылы Гренландияда Arctic Endurance жаттығулары өтеді. Оған қатысатын даниялық және халықаралық әскери қызметкерлердің бір бөлігі ақпанның басынан бастап Ocean Endeavour кемесіне орналасады. Қонақүй кемесі Нуук портында тұрады", – делінген хабарламада.
Арнайы кеме жалға алынғаны белгілі болды.
Polaris Tours туристік операторы бұл кеме соңғы рет 2014 жылы күрделі жөндеуден өткенін хабарлады. Кеме полярлық суларда экспедициялық мақсатта пайдаланылады. Оның ішінде мейрамхана, үш лаунж-аймақ, бақылау алаңы, кітапхана, сауна, тұзды сумен толтырылған жылытылатын ашық бассейн, көп орынды каюталар бар. Кеменің ұзындығы 137 метр болса, ені – 21 метр.
Кемені алғаш рет 1982 жылы Кеңес Одағының Қиыр Шығыс теңіз кеме шаруашылығы "Константин Симонов" атауымен пайдалануға берген. Бастапқыда ол паром ретінде қолданылған. Кеңес одағы ыдырағаннан кейін "Константин Симонов" Ocean Endeavour деп аталды. Ол америкалық SunStone кеме компаниясының меншігінде болып, 2025 жылдың қазанында сатылымға шығарылған. Осылайша кеме алдағы уақытта НАТО әскери қызметкерлері үшін казарма болады.