"Данияр Ақышев өз кабинетінде отыр"

2911

Билік Ұлттық банктің бұрынғы басшысының үстінен қылмыстық іс қозғалғанын растамады.

"Данияр Ақышев өз кабинетінде отыр"

Бүгін қазақстандық телеграм-арналардың бірінде қаржылық реттеушінің экс-төрағасы Данияр Ақышевтің үстінен қылмыстық іс қозғалғанын және тұтқындалуы мүмкін екенін жазылған болатын. Ал арна өзінің дереккөздеріне сілтеме жасай отырып, тергеу жұмыстарының қарқынды жүргізіліп жатқанын және оның аяқталуға да таяп қалғанын жазды. Қылмыстық қудалаудың себептері ретінде БЖЗҚ Лондон биржасында сатып алып, ізінше қазақстандық KASE биржасына саудаға салған "Қазатомөнеркәсіп" акцияларына қатысты іс-қимылдар, сондай-ақ әлдекімдерге пайда табуға жол ашуы мүмкін ұлттық валюта бағамына қатысты "ойындар" аталды.

Бұл ақпаратты бірқатар өңірлік және республикалық ақпарат құралдары таратып жіберді.

Алайда құзырлы органдар бұл деректі әзірге жоққа шығаруда.

Данияр Ақышев 2015 жылғы 2 қарашадан 2019 жылғы 25 ақпан аралығында Ұлттық банкті басқарған болатын. Ол өзіне алдыңғы төраға Қайрат Келімбетовтен ауыр мұра қалғанына шағымдануларымен, Парламентте батылырақ болмағаны үшін сыналғанымен танымал.

Ақыры оны Үкімет басшысының орынбасары Ерболат Досаев ауыстырды.

Қаржылық реттеуші жетекшісі лауазымынан кеткеннен кейін Данияр Ақышев 2019 жылғы 25 ақпаннан 9 сәуірге дейін Президенттің кеңесшісі болды.

Ал қазір Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасының көмекшісі болып табылады.

Сондықтан бұл хабарға түсініктеме алу үшін журналистердің барлығы Елбасы әкімшілігіне хабарласуда.

Тұңғыш Президенттің баспасөз хатшысы Айдос Үкібай бұл хабарды растамады. Оның айтуынша, Данияр Ақышев жұмыс орнында жүр.

"Данияр Талғатұлы жұмыс орнында. Таңертеңнен кабинетінде болды. Әдетте, егер шынымен қылмыстық іс қозғалса, құзырлы орган өкілдері жауапты тұлғаның кеңсесіне келеді, оның басшылығын құлақтандырады. Ондай ештеңе де болған жоқ қой. Біздің кеңсе органдардан ешқандай да ресми хабарландыру қағазын алған жоқ. Ешқандай да тергеу амалдары жүргізіліп жатқан жоқ", – деді Айдос Үкібай.

Ұлттық банктің бұрынғы төрағасына қатысты тергеу амалдарының жүріп жатқаны туралы хабарды Бас прокуратура да растамады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу