Данияр Берлібаев: "ҚМГ-ның қытайлық CEFC компаниясымен ынтымақтастығы синергия қағидасымен құрылған"

2280

"ҚазМұнайГаз" және қытайлық CEFC компаниясының Еуропадағы бірлескен инвестициялық бағдарламасының құны үш миллиард доллардан асады.

Данияр Берлібаев: "ҚМГ-ның қытайлық  CEFC компаниясымен ынтымақтастығы синергия қағидасымен құрылған"

"ҚазМұнайГаз" ұлттық компаниясы аспан асты елінің CEFC ірі энергетикалық компаниясымен бірлесіп тек Еуропада ғана емес, сонымен бірге көршілес Ресейде және Таяу Шығыста да жаңа жобаларды іске асыруды жоспарлап отыр. Бұл жайында кездесуде қытайлық және қазақстандық журналистерге "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ-тың (ҚМГ) тасымалдау, өңдеу және маркетинг жөніндегі атқарушы вице-президенті Данияр Берлібаев мәлімдеді.

"Біз (ҚМГ- автор еск.) бизнесті тек Қазақстанда ғана емес, басқа елдерде дамыту ойымыз бар. Сондықтан Қазақстанда және Қазақстаннан тыс жерлерде бірлескен бизнес жүргізу үшін қытайлық CEFC компаниясын серіктес ретінде қарастырамыз", – деді Данияр Берлібаев конференцияның ашылуы барысында.

Еске салар болсақ, былтырғы жылдың көктемінде "ҚазМұнайГаз" және CEFC Energy Company Limited қытайлық компаниясы KMG International N.V. (бұрынғы Rompetrol- автор еск.) компаниясының базасында бірлескен кәсіпорынды құру туралы құжатқа қол қойған болатын. бірлескен жаңа кәсіпорында ҚМГ үлесі 49%, CEFC үлесі 51%. Келісімшарт жасау барысында қытайлық тарап үш миллиард доллар инвестицияны қамтамасыз ету бойынша міндетті өздеріне алған еді.

"Бұл – біздің CEFC-мен бастаған бірлескен жобаларымыздың бірі, бұл жоба нақ Еуропалық елдерде жұмыс істеуге бағытталған. Бұл "Бір белдеу – бір жол" сияқты басқа көлемді жобаның екі бағыт – Қазақстаннан Қытайға және Қазақстаннан басқа елдерге іске асып жатқанының нақты дәлелі. Осылайша, біздің CEFC-мен ынтымақтастығымыз стратегиялық болып табылады", – деді Данияр Берлібаев.

Ол ҚМГ-ның қытайлық CEFC компаниясымен ынтымақтастығы синергия қағидасы негізінде құрылғанын айтып отыр

"Біз табиғи ресурстар мен сараптамаларға баймыз, ал қытайлық компанияда қаржы бар. Осылайша, біз ынтымақтастық үшін ортақ мәселені таптық. Біз компанияны сатып кетейін деп жатқанымыз жоқ, керісінше оны БК базасында құрамыз", – деді ҚМГ вице-президенті.

Данияр Берлібаев бірлескен кәсіпорын құру тарихына қысқаша түсініктеме бергеннен кейін қазақстандық және қытайлық журналистер нақты сұрақтар қойды. 

 БК құруға арналған инвестиция мәселесін қалай шештіңіздер?

– "ҚазМұнайГаз" үшін Қара және Жерорта теңізі нарығы өте тиімді. Бізде мұнай артылады, бірақ бізді одан алынатын дайын өнімді сату қызықтырады. Қара теңіз – бұл біздің мұнай өнімдерін өндіріп, ол жерде-ақ саудалайтын нарығымыз.  Біз үшін бұл – стратегиялық нүкте.

Мұнай өнімдерін сату – бұл ақша табуға болатын сала екенін айтқым келеді. Біз жақын арада мұнай өндірудің көлемін арттырғымыз келіп отыр, сондықтан тек шикізат қана емес, жоғары сапалы тауарда сатқымыз келеді.

Жақын арада мұндай жоспарды іске асыратын болсақ, онда бізге көп қаражат керек болады. Ол қаражатты құрылыс салуға, жаңа ЖЖС сатып алуға, мұнай-химия кешенін, көлік-логистика инфрақұрылымын дамытуға және өңірде трэйдингтік операцияларды ұлғайтуға жұмсамақпыз.

Сол себепті бұл идеямызды "Бірге ақша табайық" деп CEFC компаниясындағы әріптестерімізге ұсындық. Біз шикізат пен мүмкіндік береміз, ал олар инвестиция шығарады. Ойымыз бір жерден шығып, БК құрдық.

Бұған дейін да Франциядағы бірлескен жобада табысты серіктестік жасаған болатынбыз. 

– ҚМГ және CEFC арасындағы серіктестік одаққа Ресей қалай қарады?

– Ресей тарапынан қандай да бір кедергі немесе ұсыныс болған жоқ. CEFC компаниясымен бірлескен бизнесімізді Ресейде де дамытуды жоспарлап отырмыз. Келешекте де осындай жобалар болады деп ойлаймыз.

– Былтыр сәуір айында ҚМГ және CEFC компаниясы БК құру туралы құжатқа қол қойғаннан кейін Румыния үкіметі Rompetrol концернінің бұрынғы қарыздарын төлеу туралы талап қойған еді. Қазіргі күні бұл шаруа қалай шешілді, алдағы жоспарларыңызға еш кедергі болмай ма?

– Біріншіден, бұл кедергі болған жоқ. Керісінше, бұл біздің келісіміміздегі жаңа жағдай болды. Екіншіден, Румыния үкіметінің арызы бізге қатысты емес, ол концерннің бұрынғы иелеріне қатысты болды. Сондықтан біздің БК құру туралы келісім әлі жасалып жатыр және оған ештеңе де кедергі келтіріп отырған жоқ.

– Ондай болса, Румыниядағы Қазақстан-Қытай БК жұмысын қашан бастамақ?

– Өздеріңіз білесіздер, БК құру туралы құжатқа былтырғы жылдың көктемінде қол қойылған. Қазір тек келісімді өкілетті органдардың мақұлдауына қатысты міндетті рәсімдердің аяқталуын күтіп отырмыз. Алдағы екі-үш айда тәмамдалып қалады деп ойлаймыз.

CEFC China-Beijing Group бас менеджерінің орынбасары Чао Донг (Chao Dong) бизнесті табысты жүргізу үшін екі маңызды фактор керек екенін айтады.

"Қытайда "Табысты келісім жасау үшін дұрыс уақыт пен дұрыс серіктесті таңдау керек" деген түсінік бар. Біз дұрыс уақыт пен жақыс серіктесті таптық. Біздің бірлесіп жұмыс істеуіміздің арқасында еуропалық нарықтағы бизнесімізді ұлғайта аламыз", – деді Чао Донг.

Гүлназ Ермағанбетова, Күлпаш Қоңырова​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу