Жартылай орта салмақта IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағы үшін өтетін жекпе-жекте Данияр Елеусіновтың қарсыласы кім екені белгілі болды. Сонымен Олимпиада чемпионы мексикалық Данте Хардонға қарсы кездесу өткізеді.
33 жастағы Хардон үшін бұл оның 2021 жылғы үшінші жекпе-жегі болмақ. Ол бұған дейінгі екі кездеуінде де мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Ұлыбританияда өткен бокс кешінде Данте жергілікті боксшы Энтони Томлинсонды жеңіп, IBO нұсқасы бойынша жартылай орта салмақтағы құрлықаралық чемпион атағын иеленген болатын. Ол тоғызыншы раундта Энтонидің оң жағынан қатты соққы бағыттап, осы кездесудің фавориті саналған қарсыласын тізе бүктірді. Сонымен қатар Хардон мансабында WBC Youth (Жастар арасындағы әлем чемпионы), WBC Continental Americas, WBC International және WBO Latino белбеулеріне ие болды. Ал 2013 жылы мексикалық боксшы әлем чемпионы атағы үшін Жапонияда жекпе-жек өткізгенімен, жеңіл салмақтағы WBC чемпионы Такаси Миуреден жеңіліп қалды.
Жалпы Хардон спорттық мансабында 34 жекпе-жекте жеңіске жетіп, оның ішінде 25 кездесуді мерзімінен бұрын аяқтаған. Сондай-ақ 7 кездесуде жеңіліс тапқан. Дегенмен жартылай орта салмақ рейтингінде ол 88 орында тұрса, Данияр 32-сатыға жайғасқан. Сондықтан қазақстандық боксшы бұл кездесудің айқын фавориті екені сөзсіз.
Даниярмен қатар бокс кешінде аса ауыр салмақта қазақстандық Иван Дычко (10-0, 10 КО) өнер көрсетеді. Оның қарсыласы ресейлік боксшы Александр Устинов болмақ.
Сондай-ақ осы бокс кеші аясында 20 жылдан бері алғаш рет 55,3 келі салмақта Қазақстан чемпионының белбеуі Ержан Залилов пен Ескендір Харсан арасында сарапқа салынады. Данияр Елеусіновтың ағасы Дәурен Елеусінов әзірбайжандық боксшы Әли Мамедовпен кездессе, бокс кешінің тағы бір қатысушысы Жанқош Тұраров. Ал Ангелина Лукас кәсіпқой бокстағы дебютін жасайды.
Бокс кеші 18 желтоқсанда Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтеді және тікелей эфирде "Хабар" телеарнасынан тамашалауға болады.
Ермұхамед Мәулен