Данияр Елеусінов бокстағы титулдарды иемдену үшін біртіндеп алға қадам жасайтын болады. Бұл жайлы оның менеджері Зия Әлиев мәлімдеді.
"Жанкүйерлер бокстағы кейбір мәселелерден бейхабар. Өзім де бокстың жанкүйері ретінде, менеджерлік қызметке келмес бұрын неге былай жасауға болмайды, неге былай жұдырықтасуға болмайды деген сияқты ойлар келетін.
Неге екенін білмеймін, бірақ көп адамдар Данияр Елеусіновтың спорттық мансабын Ломаченкомен салыстырып жатады. Менің ойымша бұл екеуі мүлде бөлек былғары қолғап шеберлері. Бірі 400-дей кездесу өткізген Әлемнің екі дүркін чемпионы. Салыстыра берсек, одан әрі айта беруге болады. Қарама-қайшылықтар өте көп.
Осы тұста бір ерекшелікті айтқым келеді. Ең алдымен Данияр кәсіпқой боксқа ауыспас бұрын оның әкесімен және өзімен бұл туралы талқылаған болатынбыз. Біз оның спорттық мансабының қалай өрбитіні жайлы алдын ала жоспар құрдық және сол жоспар бойынша жүретін болып шештік. Чемпиондық атаққа таласып, екінші кездесуден кейін-ақ боксты тастап кету туралы ойымызда жоқ. Біз Данияр белгілі бір дәрежеге жеткенде ғана оның келесі үлкен жекпе-жекке дайын екенін білеміз. Данияр Елеусіновтен бренд жасау үшін пиармен, маркетингпен де айналысуымыз қажет. Сондықтан бізге уақыт керек.
Тіпті Ломаченконың өзі екінші кездесуінде қарсыласына ұтылып қалған. Әділ болса да, әділ емес болса да бұл тарихта жеңіліс ретінде қалады. Сондықтан біз Елеусіновке ыңғайластырып үлкен бір жоба жасадық. Қазір сол жоба бойынша жұмыс жасап жатырмыз. Белгілі бір уақыт өткен соң ол келесі жекпе-жекке дайын болады. Мысалы сіздер оның қалай жұдырықтасатынын көрдіңіздер. Алғашқы кездесуде шаршы алаңда тамаша өнер көрсетті. Екінші жекпе-жекте оның кейбір мәселелер бойынша тағы да жұмыс жасауы керек екенін түсіндік. Сол себепті бірден рингке шыға салуға болмайды. Біраз жұмыс жасау керек", - деді Әлиев.
Естеріңізге сала кетсек, биыл тамыз айының соңында Данияр Елеусінов Әлемнің экс-чемпионы Джулиос Индонгомен (23-2, 12 КО) кездесуі мүмкін.
Ермұхамед Мәулен