Данияр Елеусінов пен Иван Дычко Zuffa Boxing промоушенінде өнер көрсетеді

223

 Zuffa Boxing промоушенде өнер көрсететін былғары қолғап шеберлерінің тізімін жариялады. 

Данияр Елеусінов пен Иван Дычко Zuffa Boxing промоушенінде өнер көрсетеді Фото: Объектив.kz

Жартылай орта салмақтағы қазақстандық боксшы Данияр Елеусінов (13-0) 5 сәуірде UFC президенті Дана Уайт негізін қалаған Zuffa Boxing лигасында жекпе-жек өткізеді. Бұл туралы оның менеджері Зия Әлиев мәлімдеді.

– Жекпе-жек 5 сәуірге жоспарланған, күні бекітілді. Қарсылас бар, келісімшартқа қол қойылған. Алайда лига ресми түрде жариялағанға дейін оның есімін айта алмаймыз, – деді Әлиев Prosports.kz-ке берген сұхбатында.

Данияр Елеусінов соңғы айқасын 2025 жылдың шілдесінде Филадельфияда өткізіп, Джеймс Бейконды екінші раундта техникалық нокаутпен жеңген.

Сондай-ақ аса ауыр салмақта өнер көрсететін Иван Дычко да Zuffa Boxing жобасының қатарына қосылды. Кәсіпқой бокста оның есебінде 15 жеңіс, бір жеңіліс бар және 14 жекпе-жегі нокаутпен аяқталған.

Дычко соңғы рет қыркүйек айында шаршы алаңға шыққан. Ол америкалық Джермейн Франклинге (24-2, 15 КО) есе жіберіп, мансабында алғаш рет жеңіліс тапты. 

Естеріңізге сала кетейік, жыл басында кәсіби бокс әлемінде қаржылық мүмкіндігі өте жоғары жаңа ірі промоушен пайда болған еді. UFC-дің бас компаниясы TKO Group Holdings-пен бірлесіп құрылған Zuffa Boxing жобасына Сауд Арабиясы тікелей қаржылай қолдау көрсетеді. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу