Алматыда өткен кәсіпқой бокс кешінің басты оқиғасы Данияр Елеусінов (12-0, 7 KO) Филиппин боксшысы Джо Нойнай (23-5-2, 11 КО) арасында өткен болатын. 10 раундқа жоспарланған жекпе-жек небәрі бесінші раундтан кейін аяқталды.
Бәске екінші дәрежелі WBC Peace чемпиондық белбеуі тігілген болатын. Бірінші раундта Данияр қарсыласын нокдаунға жіберсе, бесінші раундтан кейін филиппиндік боксшының секунданты жекпе-жекті тоқтатуды сұрады. Өйткені, Нойнайдың жағы сынып кеткен-мыс. Қызығы сол, Нойнайдың лақап аты – "жақ сындырғыш". Бірақ, бұл жолы бәрі керісінше болды.
Айта кетейік, Данияр Елеусінов кәсіпқой рингтегі соңғы жекпе-жегін 2021 жылдың желтоқсан айында өткізген болатын.
Ол кезде отандасымыз аргентиналық боксшы Хуан Эрнан Лаельді төрешілер шешімімен жеңген еді.
Одан кейін Данияр менеджерімен соттасып, мансабын ұзақ уақыт жалғастыра алмады.