Данияр Елеусіновтің нокаутсыз жетінші жеңісі

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2634

Олимпиада чемпионы кәсіпқой бокс рингінде жетінші жекпе-жегін өткізіп, жеңіске жетті.  

Данияр Елеусіновтің нокаутсыз жетінші жеңісі Фото: inform.kz

Қарсыласы да, жекпе-жекке шығатын күні де бірнеше рет өзгеріп, ақыры Данияр Елеусінов шаршы алаңға шықты. Әрі жартылай орта салмақтағы жетінші жекпе-жегін өткізді. Негізі, Геннадий Головкиннің жекпе-жегі өтетін кардта (біздің уақытпен 9 маусым күні таңертең) шықпақ болып еді, оған жерлесі GGG келіспеген көрінеді. Сөйтіп, апыл-ғұпыл бүгін өткізді.

Американың Оксон-Хилле қаласында (Мэриленд штаты) өткен кеште Чили боксшысы Луис Норамбуэнамен (3-1-1, 0 KO) жұдырық түйістірді. Бұл жігіттің статистикалық деректеріне қарап-ақ, аса тәжірибелі боксшы деп айта алмаймыз. Бірақ намысты қолдан бермейтіннің өзі екен. Алты раунд бойы дес бермей, тайталасып бақты. Бірақ жеңілістің кермек дәмін екінші рет татты.

Данияр бұл жолы тырысты-ақ. Кәсіпқой бокс мамандары мен жанкүйерлерін риза қылуды да ойлады. Алға қарай ентелеп, соққыларын нық тигізіп, бар күшімен ұруға талпынды. Бұғып қалып, тайқып кетіп, Норамбуэнаның соққыларын тигізбеуді де есінен шығарған жоқ. Сөз жоқ, төрешілердің бір ауызды шешімімен жеңіске жетті – 59:55, 60:54, 60:54.

Жетінші жеңіс (7-0, 3 KO)! Әлі жеңіліс жоқ! Бірақ қарсыласын жалп еткізіп, сұлатып салатын соққы жетіспей жүр. Жеңіске жетіп жүрсе де, кәсіпқой бокс мамандары мен жанкүйерлері одан сарылып нокаут күтеді. Неге? Бұл дұрыс па, жоқ па, оны кесіп айта алмаймыз. Бірақ шетелдіктер бүгінгідей қарсыластарын қоғадай жапырып кетуі керек деген пікірде...

Данияр бүгінгі жекпе-жегінен кейін Луис Норамбуэнаның өзіне қолайсыз қарсылас болып шыққанын, әрі оған қарсы дайындалуға уақыт тым аз болғанын ашық айтты. Әрі кәсіпқой боксқа тез бейімделіп кете алмай жүргенін де жасырмады. Сондай-ақ, қарсыласын сұлатып салатын жойқын соққы жөнінде де өз ойын бүкпесіз білдірді:

"Соққыны күшейту үшін әлі де шүмектетіп  тер төгу керек. Жай ғана қатты ұрмай, таймингті ескеру қажет. Соққы деген әрбір еркекте бар ғой. Тек дер кезінде ұру керек", – деп отыр, Данияр.

Осылай, бокс жанкүйерлері мен мамандары одан нокаут күтіп жүр. Тіпті бұл тұрғыда білікті бапкердің көмегіне жүгіну керек деушілер де жоқ емес. Неде болса, әліптің артын бағайық.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу