Данияр Қайсанов Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

2060

17-23 ақпан аралығында Индияның Нью-Дели қаласында өткен Азия чемпионатында  74 келіге дейінгі салмақ дәрежесі бойынша Данияр Қайсанов еркін күрестен чемпион атанды.

Данияр Қайсанов Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында алтын медаль жеңіп алды

Құрлықтық біріншілікте қазақстандық Данияр Қайсанов жеңіске жетті. Ол алғашқы қарсыласы Ирак спортшысы Карам Махмұдты 10:0 есебімен ойсырата ұтса, ал ½ финалда жапониялық Даичи Такатаниді 9:4 есебімен жеңіп, финалға жолдама алды.

Сонымен финалға шыққан отандасымыз индиялық Житендерге қарсылас атанды. Житендер бұған дейін Моңғолия спортшысы Сумьябазар Занданбудты 2:1 есебімен жеңген еді. Ойын басталғаннан кейін шаршы алаңда алғашқы ұпайды Данияр еншісіне жазды. Сәлден кейін қайта шабуылға шығып, ұпайын еселеп, есеп 2:0-ге жетті. Житендер ұпай айрымашылығын 2:1 қысқартып, екі спортшы үзіліске кетті. Ал үзілістен соң шайқас алаңына оралған спортшылар қайта белдесуге кірісті. Қайсанов бірден тағы бір ұпайға ие болды. Нәтижесінде, тартысты кездесу 3:1 есебімен аяқталып, Данияр алтыннан алқа тақты.

Осылайша, 26-жасар Қайсанов "Азия чемпионы" атағын қорғап қалды. Бір жыл бұрын өткен осы чемпионатта финалда Индия өкілі Амит Кумармен кездесіп, қарсыласын 5:0 есебімен ұтқан еді. Сонымен қатар Данияр еркін күрестен 2018-жылы өткен Азия чемпионатының қола, 2018-жылы Азиада ойындарының күміс жүлдегері, Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2019 жыл), Қазақстанның спорт шебері және халықаралық санаттағы спорт шебері.

Естеріңізге сала кетсек, Нью-Делиде өткен Азия чемпионатында еркін күрестен Қазақстан намысын қорғаған спортшыларымыз Әлішер Ерғали (97 келі), Мейіржан Әшіров (70 келіге дейінгі салмақта), Дәулет Ниязбековтер (65 келіге дейінгі салмақта) қола медаль жеңіп алған болатын.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу