Даниярды кәсіпқой бокста не күтіп тұр?

2259

Рио олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов кәсіпқой боксқа ауысты. Әзірше келісімшарт толық жасалған жоқ, бірақ оның енді әуесқой боксқа қайта оралуы неғайбыл.

Даниярды кәсіпқой бокста не күтіп тұр?

"Екі дүркін олимпиада чемпионы болғым келеді"

Осы сөз Рио олимпиадасынан келген бетте Елеусіновтің өз аузынан шықты. Халық бөркін аспанға атып қуанды. Шынына келгенде, бұған дейін дәл осындай лебізбен халқының көңілін марқайтқан екі-ақ саңлағымыз болған-ды. Бірі – Бекзат Саттарханов. Сидней жеңісінен кейін "мен үш дүркін олимпиада чемпионы боламын, оған мүмкіндігім жетеді" деді, алайда ғұмыры жетпеді. Афина олимпиадасында жалауымызды желбіреткен Бақтияр Артаев та 2008 жылы Бейжіңге олимпиаданың екі дүркін чемпионы болуға бекініп жол тартты. Бірақ ширек финалда ұлыбританиялық Джеймс Дигейлден ұтылды. Енді Елеусінов те арманынан бас тартпақ па?

Біздің ойымызша Данияр кәсіпқой бокста жүрсе де, кез келген уақытта олимпиада жолдамасына таласа алады. Қазіргі бокс ережесі осындай. Кәсіпқой боксшылардың кез келгені төртжылдықтың басты сынына өз қалауымен қатыса алады. Әуелде "боксшы кәсіпқойлар арасында 15 жекпе-жектен көп өткізбеуге тиіс" деген талап болған еді, 2014 жылы оны мүлде алып тастады. Ендеше, мархабат! Елеусіновтің кәсіпқойға ауысу тәуекелінен шошудың қажеті жоқ.

Данияр кімнің қолына түсті?

Кәсіпқой бокста дарынды боксшының болашағы қандай промоутерлік компаниямен келісімшарт жасасқанына қатты байланысты. Мысалды алыстан іздемей-ақ қояйық. Қазір әлемді таңдай қақтырып жүрген Геннадий Головкин 2006 жылы Германияның "Юниверсум" компаниясымен шарт жасасып, 2010 жылға дейін ауа жұдырықтап жүрген жоқ па?

Қарсыластарының бәрі әлсіз болды, ең бастысы, "Юниверсум" біздің батырды бір рет те титулды жекпе-жекке шығара алған жоқ. Сондықтан болар, қазіргі Альварес, Котто, Чавес сияқты мықтылар Головкинді онша мойындағысы келмейді, "құлатқан" боксшыларының бәрін әлсіз қарсыластар санайды.

Елеусінов осы қателікті қайталамауға тиіс. Алайда ол келісімшартқа отыратын MJA Entertainments промоутерлік компаниясы жалпақ жұрт түгілі, туған Аустралиясына да мәлім емес. Компанияның иесі – Майул Джон Алтамура. Ол бокс менеджментінде 16 жылдан бері жұмыс істеп келеді екен. Бірақ жарыққа жетелеп шығарып, әлем чемпионы атағына жеткізген былғары қолғап шебері жоқ, өйткені промоутерлік шаруаны жаңа бастап отыр. Ендеше Елеусіновтер отбасы бұл компаниямен ақпан айында шартқа отырса, үлкен тәуекелге барып тұр деуге болады.

Өйткені MJA Entertainments ең алдымен Азия және Тынық мұхиты аймағында жұмыс істейді. Майкл Алтамураның пікірінен ұққанымыз, ол Қытай нарығын жаулап алуды нысанасына алып отыр. Осы деректерді қорыта келе, Данияр Елеусінов алғашында Америкада жаттығып, тіпті бірінші жекпе-жекті де сонда өткізіп, әуелгі титулды жекпе-жегін Азия-Тынық мұхиты аймағының чемпионы атағы үшін өткізуі мүмкін деп болжаймыз. Ең бастысы, MJA Entertainments Даниярдың бағын байламауға тиіс. Уәдені үйіп-төгіп уақыт өткізіп алса, Елеусінов те өзін кәсіпқойлар арасынан тапқанша біраз нәрсе жоғалтып алуы мүмкін. Оның беті аулақ дейік.

Қандай салмақ дәрежесінде өнер көрсетеді?

Әзірге Данияр 66 келі (жартылай орта) салмақта сынға түсетіні белгілі. Оның негізгі таза салмағы – 72 келі. Кәсіпқой бокста былғары қолғап шебері жекпе-жекке бір күн қалғанда таразыға түседі де, қалған уақытта ағзаны қалпына келтірумен айналысады. Демек жартылай орта салмақ Елеусінов үшін өте ыңғайлы.

Бұл салмақта түрлі нұсқаларда Кит Турман (АҚШ, WBA), Дэнни Гарсия (АҚШ, WBC), Келл Брук (Ұлыбритания, IBF), Мэнни Пакьяо (Филиппин, WBO) сияқты мықты боксшылар әлем чемпионы атағына ие. Егер Елеусіновтің жолы болып, атағы шығып жатса, бірінші орта салмақта (63,5 келі) немесе орта салмақта (69,9 келі) да сынға түсе алады.

Елеусінов алысқа бара ала ма?

Бұл туралы мамандар пікірі әртүрлі.

Майкл Алтамура, Елеусіновтің болашақ промоутері:

"Данияр – өте жылдам контрпанчер (қарсы шабуылды шебер ұйымдастырушы). Оның аяғы өте жылдам. Даниярда ұлы боксшыға тән мықты қасиеттің бәрі бар. Ол ешкімнен қорықпайды, тынымсыз шабуылдай алады".

Виктор Демьяненко, Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының вице-президенті:

"Даниярдың бойында боксшыға қажетті қасиеттің бәрі бар. Ең бастысы, ол кәсіпқой боксқа тез бейімделу үшін жекпе-жек мәнерін өзгертіңкіреуге тиіс. Сондай-ақ оның дайындығы да жоғары деңгейде болуы керек, бұл үшін бапкері өте кәсіпқой болғаны дұрыс. Елеусінов титулды жекпе-жек мерзімін тым ұзатып алмауға тиіс, ондай жағдайда есімі көмескілене береді".

Жұмабек Өмірзақов, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы:

"Менің ойымша, Елеусіновтің жекпе-жек өткізу мәнері кәсіпқой боксқа келіңкіремейді. Оның әуесқой бокста қала бергені жөн еді".

Чемпионның орнын кім басады?

69 келі қазақтың алтын салмағы екені күмәнсіз. Афинадан бергі 4 олимпиадада қазақ ұлдары (Артаев, Сәрсекбаев, Сәпиев және Елеусінов) осы салмақта топ жарды. Енді осы алтын салмақта осы төрттікті жоқтатпауға кім лайық?

Қазір нөмірі бірінші кандидат – 20 жастағы Абылайхан Жүсіпов. Ол өткен жылдың қараша айында Павлодарда өткен Қазақстан чемпионатында осы салмақта топ жарды. Тез өсіп, шеберлігі көзге ұрып тұрған боксшы Рио олимпиадасында 64 келіде сынға түсті.

Әрине, жүлде ауылынан алыс қалды, дегенмен бокс мамандары Жүсіповтің болашағы жарқын екеніне сенеді. Қанағат Маралов, Илья Очкин, Алмасбек Әлібеков сынды боксшылар ел біріншілігінде үздік төрттікке енді. Жастар арасында әлем чемпионы атанған Садриддин Ахметовтің жұлдызы да жылдам жануы тиіс. Әлем чемпионатында ол 2 қарсыласын нокаутпен ұтты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу