Алматы әкімі Дархан Сатыбалды "Болашаққа ұмтылған Алматы" атты мақаласында қаланың алдағы даму жоспарына тоқталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Дархан Сатыбалдының сөзінше, бүгінде Алматы экономикасының көлемі 72 миллиард долларға жуықтайды. Қазақстанға тартылатын тікелей шетелдік инвестицияның 40%-дан астамы осы қалаға тиесілі.

Мегаполисте жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім 30 мың доллардан асқан. Мегаполис басшысының айтуынша, бұл ретте шаһар әлемнің ірі мегаполистеріне ортақ күрделі кезеңді бастан өткеріп отыр.
"Урбанизацияның қарқыны тұрғын үйге деген сұранысты арттырды. Көлік жүйесіне түсетін салмақ көбейді. Инженерлік инфрақұрылымның мүмкіндігіне қойылатын талап күшейді. Қала халқы өскен сайын мектепке, балабақшаға, медицинаға, қоғамдық көлікке, саябақ пен демалыс орындарына деген қажеттілік те арта түсті. Яғни қаланың экономикасы инфрақұрылымынан жылдам өссе, оның игілігі тұрғынның өміріне толық жете қоймайды. Бұл – Алматы үшін ғана емес, әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан барлық мегаполиске ортақ сын. Қазір қалада қолға алынып жатқан жүйелі жобалардың негізгі мақсаты да осында", – деді шаһар басшысы.
Алматы тау кластерін дамыту, туризм әлеуеті
Бұл мақсатта Шымбұлақ, Кимасар және Бутаковканы, ал болашақта "Пионер", Oi-Qaragai және басқа да туристік нысандарды біріктіретін біртұтас тау жүйесін қалыптастыру жоспарланып отыр. Дархан Сатыбалды бұл кластер жыл бойы жұмыс істейтін болатынын атап өтті.
2025 жылы қалаға шамамен, 2,5 миллион турист келген, оның 750 мыңнан астамы – шетелдіктер. Жоспар бойынша 2030 жылға қарай шетелдік туристер санын 1,7 миллионға, ал 2050 жылға қарай 4 миллионға дейін жеткізу көзделген.
Алматыны бірнеше орталықтан тұратын мегаполиске айналдыру
Дархан Сатыбалды Алматының ұзақ уақыт бойы бір орталыққа тартылған қала ретінде қалыптасқанын айтты. Шаһардың негізгі іскерлік, әкімшілік, мәдени және әлеуметтік өмірі орталыққа шоғырланған. Қала әкімі мегаполис өскен сайын мұндай модельдің мүмкіндігі де шектеле түсетінін баса айтты. Осы мәселені шешу үшін қаланы өзара байланысқан бірнеше полицентрден тұратын кемелді мегаполиске айналдыру ұсынылады.
"Әрбір негізгі орталықтың өз жұмыс орындары, университеттері, медициналық және мәдени нысандары, бизнес орталықтары, сауда және демалыс орындары қалыптасуы қажет. Сонда тұрғын үшін қаланың барлық мүмкіндігі бір ғана нүктеде шоғырланбайды. Адам өз үйіне жақын жерде жұмыс істеп, білім алып, ем қабылдап, демалып, қажетті қызметтерін пайдалана алады. Бұл – көлік кептелісін азайтудың ғана жолы емес, қаланың экономикалық қуатын кеңістікте теңгерудің тәсілі", – деп жазады қала әкімі.
Полицентрлік модель қаланың әр бөлігін өзіндік экономикалық және қоғамдық өмірі бар дербес орталыққа айналдырады, дейді Дархан Сатыбалды.
Жоспар бойынша 2030 жылға дейін "Шығыс қақпасы" және Сайран көлінің шығыс бөлігіндегі Almaty Downtown полицентрлері қалыптасуы тиіс. Кейін бұл жүйеге Алматының "Батыс қақпасы", Оңтүстік-батыс және Солтүстік полицентрлері қосылады.
"Бұл дегеніңіз тұрғын үй, жұмыс орны, қоғамдық кеңістік, сауда және қызмет көрсету нысандары, мектеп, балабақша, медицина, мәдениет пен демалыс орындары бір-бірінен алшақ орналаспайтынын білдіреді. Осының бәрін "15 минуттық қала" қағидаты біріктіреді", – деп түсіндірді Дархан Сатыбалды.
Қоғамдық көліктің жаңа түрлері
Дархан Сатыбалды мақаласында қоғамдық көліктің жаңа түрлерін дамыту мәселесіне де тоқталды. Болашақта метро желісін "Барлық" көлік торабына дейін 5,3 шақырымға ұзартып, үш жаңа станция салу жоспарланған. Ал шығыс бағытта "Жібек жолы" желісін әуежайға дейін жалғастыру көзделген. Бұл учаскенің ұзындығы 14 шақырымға жуықтап, сегіз станцияны қамтиды.

ЛРТ-ның алғашқы желісінің ұзындығы 18,3 шақырым болып, Индустриялық аймақты Алматы-2 вокзалымен байланыстырады. Желіде шамамен 34 аялдама болады. Жоспар бойынша ЛРТ жүйесін "Барлық" және "Шығыс" көлік тораптарымен байланыстыру көзделген. Бұдан бөлек мегаполисте эстакада үстімен жүретін Sky Train қоғамдық көлік жүйесін іске асыру жобасы қарастырылуда. Оның жалпы ұзындығы 42 шақырымға жетеді.
Әлеуметтік инфрақұрылым
Қала әкімінің жазуынша, Алматыда 2030 жылға дейін 32 жаңа медициналық нысан салынып, қолданыстағы 14 медициналық мекеме жаңғыртылады. Оқу орындарының тапшылығын азайту мақсатында биыл 8 жаңа мектеп іске қосылды, жыл соңына дейін тағы 2 мектептің ашылуы жоспарланғаны белгілі болды.
2030 жылға дейін тағы 69 жаңа мектеп бой көтереді. "Шығыс қақпасы" полицентрінің аумағында 45 мың көрерменге арналған жаңа стадион салынады.