Дәрі-дәрмек қашан келмек

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
3752

Келесі жылдан бастап ел тұрғындары бұл сұраққа бас қатырмайтын болады.

Дәрі-дәрмек қашан келмек

Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов осындай уәде берді. Оның айтуынша, 2019 жылдан бастап қазақстандықтар тегін дәрі-дәрмекті уақытылы алатын болады. Бұған дәрі-дәрмекті сатып алудың жаңа электронды веб-порталы мүмкіндік береді.

"Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету процесінің барлығы толықтай автоматтандырылып жатыр. Қазір емханалардың жұмысы да электронды форматқа көшірілуде. Демек барлық жағдайды бақылап отыруға жол ашылады", – деді Елжан Біртанов жаңа веб-порталдың таныстырылымында.

Министрдің сөзінше, жаңа веб-портал науқастарды дәрі-дәрмекпен уақытылы қамтамасыз етуге жол ашады. Сондай-ақ оны денсаулық сақтау саласын цифрландырудағы маңызды жобаның бірі ретінде қарастыруға да болады.

"Сатып алудың электронды форматы әкімшілік кедергілерді жояды. Сонымен қатар сатып алу рәсімдерінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Осылайша тұрғындардың дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласына деген сенімі артады", – дейді министр.

Мамандардың айтуынша, веб-порталдың жұмысы қарапайым. Аса күрделі ештеңе жоқ. Баршаға қолжетімді. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне ұқсас. Веб-портал дәрілік препараттарды сатып алу туралы заңнаманың талаптарын ескере отырып әзірленген.

"Бүгінде "СК-Фармация" компаниясында дәрі-дәрмектердің артылып қалатынын байқап отырмыз. Мұндай жағдай дәрі-жәрмекті жоспарлау жұмысына қатысты салғырттықтан туындап отыр. Аталған сұрақ кеше үкімет отырысында да қаралды. Бұдан былай мұндайға жол берілмейді. Енді әрбір науқас өзіне қажетті дәріні алған-алмағанын SMS хабарлама немесе мобильді қосымша арқылы растайды. Ал "СК-Фармация" онлайн-режимде елдегі тұтас жағдайды бақылап отырады", – деді министр.

"СК-Фармация" АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Берік Шәріптің айтуынша, жаңа портал қаржы министрлігінің "Электронды коммерция орталығы" АҚ-мен бірлесіп әзірленген.

"Бұған дейін біз комиссиялардың отырыстарын онлайн режимде көрсеттік. Сөйтіп барлық сатып алу шараларын ашық жүргізуге тырыстық. Енді осының бәрі автоматты түрде атқарылады. Біз қаржы министрлігінің мемлекеттік сатып алулар порталын негізге алып, өз порталымызды әзірледік. 19-26 шілде аралығында портал тесттік режимде жұмыс істейді. Осы уақыттың ішінде тауар жеткізуші компаниялар порталды жан-жақты зерттеп, тіркелу мен өтінім беруді үйрене алады. Шілденің аяғынан бастап біз барлық сатып алуларды портал арқылы жүргізуді бастаймыз", – деді Берік Шәріп.

Оның айтуынша, сатып алуларға қатысу үшін алдымен sk-pharmacy.ecc.kz сайтына тіркелу керек. Ол үшін қатысушының электронды сандық қолтаңбасы болуы керек. Осыдан кейін әрбір компания дәрі-дәрмектің бағасын ұсынады. Аукцион кезінде ең төмен баға ұсынған компания жеңіске жетеді.

Веб-портал әзірше тесттік режимде жұмыс істейді. Бір аптадан кейін толығымен іске қосылады. Содан кейін тегін медициналық көмек аясында барлық препараттар осы портал арқылы сатып алынады.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу