Дәрігерлер де мұғалімдер секілді мәртебе алғалы жатыр

245

Қазақстанда жыл сайын 30-дан астам дәрігер өзгелердің шабуылына ұшырап, түрлі жарақат алады.   

Дәрігерлер де мұғалімдер секілді мәртебе алғалы жатыр Фото: qazaqstan.su

Ресми дерек кейінгі 5 жылдан астам уақытта медицина қызметкерлеріне қатысты 170-тен астам қылмыс тіркелгенін көрсетіп отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Осылайша, ем іздеген науқас немесе олардың жақындары көмек көрсетуге келген абзал жандарды соққыға жығып жүр. Оқиғаларды тізбектеп жатпаймыз, тіпті жедел жәрдем көлігі жол бермеді деп қастандық жасағандардың оқиғасын ел ақпарат құралдары арқылы көріп-білді.

Дәрігерді қорғауда заңның да кем-кетігі болғаны жасырын емес. Ақ халаттылар ерекше мәртебе алмады, ал оларға қол көтергендер қарапайым әкімшілік жазамен құтылып кетіп жүрді. Енді осы олқылықтың орнын толтыруға тиіс заң жобасы Мәжіліс депутаттарының қарауына келді.

Құжаттың атауы – "ҚР Қылмыстық кодексіне және ҚР Қылмыстық-процестік кодексіне толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы. Талқылау алдағы жалпы отырыста өткізілмек.

Мәжілістің хабарлауынша, Қылмыстық кодекске медицина мамандары мен жедел жәрдем жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұққаны үшін жауапкершілік жүктейтін нормалар енгізіледі. Құқықбұзушылықтың ауырлығына қарай айыппұл мен бас бостандығын шектеу, бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылмақ екен. Бұған дейін Қазақстанның Қылмыстық кодексінде тікелей медицина қызметкерлерін ұрып-соғу мәселесіне арналған баптар болмағанын айттық.

Көбіне дәрігерлер мен жедел жәрдем қызметкерлерін ұрып-соғып, құқықбұзушылық жасағандардың қылмысын "Дене жарақатын келтіру", "Бұзақылық" секілді жазасы аса ауыр емес баптармен қарап келді.

Мысал ретінде айтсақ, медицина қызметкерінің бетін көгертіп, денесіне сызат түсіріп жатса, жеңіл дене жарақатын келтірді деп саналды. Бұған ең ауыры 1 жыл бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.

Ал қарапайым бұзақылық ретінде қаралса, 2 жылға дейін қамалады немесе бас бостандығы шектелді. Демек, дәрігерлердің статусын айшықтайтын ештеңе жоқ.

Биыл шілдеде Қостанайда хирург-дәрігерге шабуыл жасалып, салдарынан маман ауыр хәлде Астанаға жеткізілген болатын. Кейін бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырып, билік өкілдерінің назарын аударды. Көп ұзамай Президент үкіметке жедел түрде дәрігерлерді қорғауға негізделген заң жобасын жазып шығуды тапсырған еді. Мәжіліс талқылағалы отырған құжат – сол.

Пәрменнен кейін Денсаулық сақтау министрлігі алдын ала заң жобасының сипаты қалай болатынын түсірдірген еді. Онда Қылмыстық кодекстегі жаңа 158-баптың 1-тармағы медицина қызметкерлеріне арналатыны, ол бостандықты шектеу немесе айыру жазасын қарастыратыны айтылды. Егер медицина қызметкеріне күш қолдану қаупі төнсе және факті тіркелген жағдайда 2 жылға дейін бостандығын шектеу жазасы көзделіп отыр.

– Ал егер бір медицина қызметкеріне қатысты күш қолданған жағдайда 2 жылдан 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру, төтенше жағдай кезінде жасалған болса 10 жылға дейін, ал егер бұл әрекет бірнеше медицина қызметкеріне, яғни бір топ маманға қарсы бір немесе бірнеше адам тарапынан жасалса 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады, – деген министр Ақмарал Әлназарова.

Шамасы, жаңа құжаттың сарыны осы айтылғандарға ұқсас болады. Кем-кетігі бар делінсе, аздаған өзгеріс бола жатар. Әйтеуір медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігі жаңа баппен қорғалмақ.

Бірақ заң жобасының мәтіні, жұмыс істеу механизмі түсінікті әрі қарапайым бола ма? Бұған дейін бізге заңгер Талант Рамазанов қарастырылып отырған құжат халыққа ұғынықты, ұстанымы оңай болуы керек екенін айтқан.

– Медицина қызметкеріне тіл тигізді ме – 15 тәулікке қамалсын. Оның ешқандай баламасы болмауға тиіс. Тек 15 тәулікке қамалу, айыппұлмен босатуды қарастырмаған жөн. Ал медицина қызметкеріне қол көтерді ме, жазасы – бас бостандығынан айыру болғаны абзал. Адамдар сонда ғана бұл мәселе туралы ойлана бастайды. Айыппұл секілді баламалы жаза болса, онда ол қайтадан көзбояушылыққа айналып кетеді, – дейді сарапшы.

Шамалауымызша, алдағы уақытта қабылдануы мүмкін заң жобасында айыппұл тетігі болатын секілді. Толық алынып тасталмайтыны айдан анық, өйткені Мәжілістің баспасөз қызметі құжат туралы алдын ала мәлімдеген қысқаша ақпаратында да айыппұл туралы айтылған.

Негізі еліміз бұл заңды мәселе әбден қоғам назарына ілініп, қордаланғанда ғана қолға алғаны жасырын емес. Әйтпесе алыс-жақын мемлекеттердің бәрі әлдеқашан осы сарындағы заңдарды қабылдап үлгерген.

Мысалы, АҚШ-та дәрігерге қол көтерген адам 5-10 жылға сотталады, Ұлыбританияда дәрігерге тіл тигізіп, сес көрсеткендердің өзі 5 жылға қамалады. Ал немістер дәрігерлердің статусын мемлекеттік қызметшілермен теңестіріп қойған.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу