Дәрігерлер Елжан Біртановқа араша түсті

Экс-министрге тағылған айыпқа сенбеген ақ халаттылар әлеуметтік желіде ашық хат жариялады.  

Дәрігерлер Елжан Біртановқа араша түсті Фото: Мария Матвиенко

Қазірдің өзінде бұл петицияға 2000-нан аса адам қол қойған. Хатта олар бұрынғы денсаулық сақтау министрі Елжан Біртановты босатуды сұраған.  

"Экс-министрге қатысты іс әділ және кәсіби түрде тергеледі деп үміттенеміз. Оны жақындарынан оқшауламау мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз. Ол тергеуге барлық ақпаратты беру үшін қолынан келгенін жасайды деген сеніміміз мол. Бес баланың әкесі, пневмониямен қатты ауырған адам тергеу кезінде үйінде болғаны дұрыс", – деп жазылған ашық хатта. 

Сонымен қатар хат авторлары экс-министр қызметтік мансабын қатардағы санитар қызметінен бастап дәрігер, бөлім меңгерушісі, ғылыми орталық жетекшісі, министрге дейін өз еңбегінің арқасында өскенін жазған. Бұған қоса олар денсаулық сақтау саласындағы ең үлкен өзгерістерді осы Елжан Біртанов енгізгенін айтады. 

"Еліміздің денсаулық сақтау жүйесі соңғы жылдары қатты дамыды, міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры құрылды, денсаулық сақтау туралы жаңа кодекс қабылданды, медицина қызметкерлерінің жалақысы өсті, шешімдер ашық қабылданды", – деп жазылған хатта.

Сондықтан еліміздің танымал дәрігерлері бұрынғы денсаулық сақтау министріне тағылған айыпқа сенбейтінін жеткізген. 

"Мықты ұйымдастырушы, дәрігерлер отбасынан шыққан маман мен азаматтық қоғам мен дәрігерлер сенген адамның жемқорлыққа қатысы бар дегенге сену мүмкін емес. Саланың дамуына, саяси шешімдерді қабылдауға жауапты министрдің мемлекеттік сатып алуларға қатысы қандай? Ол оның міндеті емес қой. Ол IT технологияларға маманданбаса, мұндай техникалық шешімдерді қалай қабылдайды?", — деп қарсылықтарын білдірді ақ халаттылар.

Қорытындылай келе, олар тергеу әділ жүретініне және әріптестерінің кінәсіз екеніне үміттенетіндіктерін жеткізген. 

Әріптесін қолдағандардың ішінде елге танымал дәрігерлер бар. Атап айтсақ, профессор, "Қазақстанның Еңбек Ері" Юрий Пя, профессор, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, "Ұлттық нейрохирургия орталығы" АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов,  Ұлттық ғылыми медицина орталығының басқарма төрағасы, медицина ғылымдарының докторы Абай Байгенжин, профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман, "Республикалық Медицина Палатасы" қоғамдық қорының басқарма төрағасы Мақсұт Құлжанов, Қазақстан репродуктивті медицина қауымдастығының президенті Вячеслав Локшин, танымал репродуктолог Салтанат Байқошқарова, Help Today қорының жетекшісі Эля Алиева және басқалары бар.

Еске сала кетсек, 3 қараша күні Қаржы мониторингі комитеті Елжан Біртановтың қамауға алынғаны туралы мәлімдеген. Хабарламада оған аса ірі көлемде бюджет қаражатын ысырап ету фактісі бойынша айып тағылғаны жазылған. 

Құралай Құдайберген
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу