Даррен Диц ЦСКА сапындағы алғашқы голын соқты

1553

Даррен Диц халықаралық үзіліс кезінде ЦСКА сапына ауысқан болатын. 

Даррен Диц ЦСКА сапындағы алғашқы голын соқты

Құрлықтық хоккей лигасы аясында кезекті ойын өтті. Мәскеудің ЦСКА командасы өз алаңында Минскінің "Динамосымен" ойнады. Кездесу 6:4 есебімен, ЦСКА-ның жеңісімен аяқталды. Осы жеңістен кейін мәскеулік клуб 58 ұпай жинап, ҚХЛ Батыс конференциясында үшінші орынға жайғасты.

Бұл матчта хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасының қорғаушысы Даррен Диц гол соқты. Айта кетейік, Даррен Диц бұған дейін елордалық "Барыс" хоккей клубында өнер көрсеткен болатын. Алайда халықаралық үзіліс кезінде, 17 желтоқсан күні "Барыс" канадалық қорғаушыны мәскеулік клубқа сатты.  

"Барыстың" экс-капитаны алғашқы жеңісті шайбасын соққаннан кейін ойынға қатысты пікір білдірді.

"Матч қиын болды, қарсыластарымыз да оңай емес. Біз өз ойынымызды көрсетіп, жеңіске жеттік. Өзімді жақсы сезінемін. Бастысы командаға көмектестім. Мен жанкүйерлердің қолдауын сезіндім. Бұл өте керемет. Жаңа командада мені жылы қабылдады. Қазіргі таңда бейімделу қиынға соғуда. Мен команда сапына халықаралық үзіліс кезінде келдім. Мен жаттығу жасамадым. Дегенмен жігіттер мені жақсы қабылдап, команданың ойынына қосылуыма көмектесті. Қаланың кептелістеріне үйреніп жатырмын. Бірақ мұндайды өмірімде көрген емеспін", – деді Даррен Диц.

Қазақстан құрамасының қорғаушысы "Барыста" бес маусымға жуық уақыт өткізді. Осы уақыт аралығында хоккейші 269 матч өткізіп, 174 (67 + 107) ұпай жинаған. Дицтің ЦСКА-мен жасаған келісімнің шарттары да белгілі. 28 жастағы хоккейші маусымның соңына дейін мәскеулік команда намысын қорғайды. Бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, ҚХЛ-2021/22 чемпионатының соңына дейін оның жалақысы 40 миллион рубльді (237 миллион теңгеден астам) құрайды. Жалпы Диц "Барыс" сапындағы ең қымбат ойыншы болды және оның жылдық жалақысы шамамен 600 миллион теңгені құрады.

Естеріңізге сала кетейік, "Барыс" биылғы маусымды өз айдынындағы екі ойынымен аяқтайды. Бүгін қазақстандық команда "Автомобилистпен" кездеседі. Ағымдағы маусымда "Барыс" пен "Автомобилист" екі кездесу өткізіп, екеуінде де қазақстандық команда жеңіске жетті (5:4 ОТ және 2:0). Қос команда арасындағы матч бүгін "Барыс-Аренада" елорда уақытымен 19:30-да басталады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу