Даррен Диц ұлттық құрама сапына келіп қосылды

1341

8 және 9 мамырда Ригада Қазақстан құрамасы Латвия құрамасымен екі жолдастық матч өткізеді.

Даррен Диц ұлттық құрама сапына келіп қосылды

Хоккейден Қазақстан ұлттық құрамасы әлем чемпионатына дайындықты жалғастыруда. 4 мамырда ұлттық құрама Латвиядағы "Даугава Арена" мұз айдынында алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізді. Нұр-Сұлтандық ойыншылар қатарына командаға Кертис Волк (Автомобилист) пен Виктор Сведберг (Авангард), бір күннен кейін Джесси Блэкер ("Моторист") келіп қосылды. Сондай-ақ Про Лигасының финалына қатысқан хоккейшілері сапарға елордадан аттанды. Бұл Қазақстан чемпионы атанған сарыарқалықтар - Саян Данияр, Михаил Рахманов, Эмиль Нұрғалиев, Денис Каратаев және "Арлан" хоккейшісі Илья Румянцев.

7 мамыр күні ЦСКА қорғаушысы Даррен Диц те Қазақстан құрамасы орналасқан жерге келді. Маусым кезінде хоккейші "Барыстан" Мәскеулік клубқа ауысып, таяуда ғана Гагарин кубогін жеңіп алды. Соңғы плей-офф сериясының жетінші кездесуінде ЦСКА "Металлургтан" басым түскен болатын. Плей-офф кезеңінде Диц 20 ойын өткізіп,  4 (1 + 3) ұпай жинады.

"Мен Ригаға келдім. Команда сапына қосылып, чемпионатқа дайындықты бастағаныма өте қуаныштымын. Қолдауларыңыз үшін барлықтарыңызға рахмет! Бұл өте маңызды және әлем чемпионатында бізге сіздердің қолдауларыңыз қажет болады", – деді Даррен Диц.

Осылайша, әлем чемпионатына дайындалуға ұлттық құрама сапында өнер көрсететін барлық ойыншылар келді. Алдағы Финляндиядағы әлем чемпионатына соңғы өтінім Латвия құрамасымен өтетін жолдастық кездесулерден кейін белгілі болады. Әзірге Ригадағы оқу-жаттығу жиыны жалғасуда. Кеңейтілген тізімде ҚХЛ клубтары мен Қазақстан чемпионатының 32 хоккейшісі - 28 ойыншы мен төрт қақпашы бар.

Әлем чемпионаты алдында хоккейшілеріміз алдағы чемпионат жайлы пікірлерімен бөлісті.

Әлихан Әсетов, "Барыс"

Латвияда өткен әлем чемпионаты Әлихан Әсетовтың жоғарғы дивизиондағы дебюті болды. Шабуылшы 6 кездесу өткізіп, екі ұпай жинады (0+2). ҚХЛ плей-офф кезеңінде Әсетов жарақат алып, командаға көмектесе алмады. Жарақатынан айыққаннан кейін "Номад" сапында Қазақстан чемпионатының плей-офф кезеңінде өнер көрсетті.

- Латвияда екі бақылау матчын өткіземіз. Содан кейін Финляндияға барамыз. Біз біраз қарсыластармен ойнадық. Өткен жылы элитадан ешкім шыққан жоқ. Мүмкін, бұл бізді біраз босансытқан шығар. Мүмкін, қарсыластар кей кездері бізге лайықты түрде дайындалмаған шығар. Біз болсақ бір-біріміз үшін ойнап, ойыннан рақат алдық. Сондықтан болар осындай нәтижеге қол жеткізе алдық. Әркім өз күшіне сенді. Біз үздік құрамаларды да жеңе алатынымызды дәлелдедік. Плей-оффқа шыға алмадық, сәл-пәл жетпей қалдық. Әрине, Финляндиядағы әлем чемпионатында барлығы нәтижені жақсартқысы келеді.

Самат Данияр, "Барыс"

Жас қорғаушы ҚХЛ-дағы үшінші маусымын өткізді. Алғашқы жылы ол бар болғаны 4 матчта айдынға шықты. Ал өткен маусымда барлығы 43 кездесуге қатысты. Әлем чемпионаты алдында қорғаушы "Барыспен" жаңа келісім-шартқа отырды.

- Ұлттық құрамаға шақырту алғаныма қуаныштымын. Еліміз үшін ойнау әрқашан үлкен мәртебе. Елордадағы оқу-жаттығу жиындары тамаша өтті. Үлкен жұмыс атқардық. Енді осының бәрін ойындарда қолданып, жеңіске жету керек. Қазір Латвияда тактикамен көп жұмыс жасап жатырмыз. Енді жолдастық ойындарда комбинацияларды қолданып, қорытынды шығарамыз. Әлем чемпионатына жақсы дайындықпен барамыз. Мұнда дайындалуға, әртүрлі жаттығуларды өткізуге барлық жағдай жасалған. Оған қоса, еуропалық уақытқа бейімделудеміз. "Элитада" тек үздік командалар ойнайды. Сондықтан әр қарсыласқа көңіл бөліп, барлық ойындарда максималды нәтиже көрсетуге тырысу керек.

Павел Акользин, "Металлург"

"Металлург" командасымен бірге Гагарин кубогының финалына дейін жеткен Павел Акользин командамен бірге Нұр-Сұлтаннан Ригаға аттанды. Өкінішке орай, жарақатына байланысты оның әріптесі Алексей Маклюков ұлттық құрамаға келе алмады. Павел плей-офф кезеңінде барлығы 18 матчқа қатысып, 4 ұпай жинады (1+3). Өткен жылғы әлем чемпионаты да шабуылшының элиталық дивизиондағы дебюті болды.

- Ұлттық құрама сапына 2019 жылы қосылдым. Өткен жылы алғаш рет бірінші дивизионда ойнап, тәжірибе жинақтадым. Әрине, біз ойындардың қалай өтетінін және оған қалай дайындалу керектігін білеміз. Сондықтан чемпионатқа бірінші рет қатысатын жігіттер үшін бұл үлкен тәжірибе болады.

Латвия құрамасымен өтетін кездесулерді 8 мамыр – 20:00-де, 9 мамыр – 22:30-да тікелей эфирде тамашалауға болады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу