Қазақстан Премьер-Лигасының жетінші турындағы матчта жезқазғандық "Ұлытау" өз алаңында алматылық "Қайратпен" кездесті.
Командалардың бастапқы құрамдары келесідей болды:
"Ұлытау": Павлов, Кейлер, Сламбеков, Каррильо, Бугулов, Терехов, Вачиберадзе, Нұрсұлтанов, Данияров, Молдақараев, Солодовников;
"Қайрат": Заруцкий, Мата, Широбоков, Мартынович, Арад, Станоев, Глейзер, Громыко, Зария, Жоржиньо, Сәтпаев.
Бірінші таймда фаворит команда минималды басымдықпен алға шықты. Дастан Сәтпаев Жоржиньоның жылдам шабуылы мен дәл пасынан кейін бос қақпаны дәл көздеді. Екінші таймның басында алматылықтардың капитаны Александр Мартынович Жоржиньоның баспен берген пасынан кейін баспен гол соқты. Сондай-ақ Гиорги Зария пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Одан кейін Жоржиньо айып алаңында Сәтпаевқа пас беріп, ол дубль авторы атанды. Қорытынды есепті Александр Заруцкийдің қателігін ұтымды пайдаланған Максим Чалкин белгіледі — 4:1. Осылайша фаворит саналған алматылықтар жеңіске жетті.
Енді "Қайраттың" 20 ұпайы бар және олар "Астанадан" үш ұпай алда. Елордалық клуб өз ойынын ертең өткізеді. Ал "Ұлытау" турнирлік кестенің соңғы орнында. Олардың еншісінде бар болғаны екі ұпай.
"Ұлытау" — "Қайрат" 1:4 (0:1)
Голдар: Сәтпаев 30 (0:1), Мартынович 48 (0:2), Зария (пенальтиден) 62 (0:3), Сәтпаев 67 (0:4), Чалкин 78 (1:4).