Оның орнына ұлттық құрама сапына Оралхан Өміртаев шақырту алды.
Дастан Сәтпаев жарақатына байланысты маусымаралық кезеңде алматылық клубтың оқу-жаттығу жиындарына қатыспаған. Сондай-ақ, соңғы 4 матчта толық ойын өткізбеген.
Ұлттық құраманың бас бапкері Талғат Байсуфинов бұл шешімнің ойыншының денсаулығына байланысты қабылданғанын айтты.
– "Челси" клубының медициналық штабынан Дастан Сәтпаевтың қазіргі жағдайы және наурыздағы халықаралық үзіліс кезінде толық қалпына келуі қажет екені туралы ұсыныс алдық. Қазақстан құрамасының медициналық штабымен бірге ақылдаса келе, ойыншыға толық сауығып шығуға мүмкіндік беру туралы шешім қабылдадық. Оның орнына қазір жақсы спорттық бабында жүрген Оралхан Өміртаев шақырылды. Ол ұлттық құрама алдындағы міндеттерді орындауға дайын, – деді бас бапкер.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасы FIFA Series 2026 аясында Астана қаласында өтетін матчтарға қатысады. Алғашқы ойын 25 наурыз күні Астана Арена стадионында Намибия құрамасына қарсы өтеді. Кездесу сағат 17:00-де басталады.