Қазақстан құрамасы мен Англияның "Бернли" клубының шабуылшысы Дастан Сәтпаев Чемпионшип аясында "Линкольн Ситиге" қарсы сырт алаңда өткен матчтан (1:4) кейін жанкүйерге өзінің ойын жейдесін сыйлады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Матч басталмай тұрып, Сәтпаев оның "Челси" клубына арналған коллекциялық карточкасына қолтаңба қалдырған.
"Сәтпаев стадионға келген кезде онымен сөйлесудің сәті түсті. Ол коллекциялық карточкама қолтаңба қалдыруға ықыласпен келісті. Дастан матчтан кейін Қазақстан туы арқылы мені іздеп табуға тырысатынын айтты. Ойын соңында жанкүйерлерге қолдау көрсетіп келгені үшін алғыс білдіргеннен кейін маған өзінің жейдесін сыйлады. Мұны видеодан көруге болады. Дастан – Қазақстаннан шыққан ең жарқын футболшылардың бірі. Ол Англияда мансабын бастаған сәттен-ақ тұтас елдің үмітін арқалап жүр. Үлкен рақмет, Дастан", – деп жазды жанкүйер.