Ұлттық құрама бас бапкерінің міндетін атқарушы Әли Әлиев наурыз айында өтетін ӘЧ-2026 іріктеу кезеңіндегі Уэльс (22 наурыз) және Лихтенштейнмен (25 наурыз) ойындарға шақырылған футболшылардың кеңейтілген тізімін жариялады. Тізімге 36 ойыншы енді.
Айта кетейік, ойыншылар тізімінде таяуда ғана ересектер арасында "Қайрат" сапында ҚПЛ-да дебют жасап, командасын жеңілістен құтқарып қалған 16 жасар ойыншы Дастан Сәтпаев та бар.
Сондай-ақ ұлттық құрамаға Георгий Жуков қайта оралды. Бұған дейін Жуков Қазақстан құрамасы сапында 21 матч өткізіп, соңғы ойынын 2022 жылдың наурызында өткізген. Осыдан кейін оның азаматтығына байланысты мәселелер туындады.Себебі Қазақстанда қос азаматтыққа тыйым салынған. Әли Әлиев Жуков ұлттық құрамада қайта ойнау үшін бұл мәселені шешуі керек екенін айқан болатын. Енді міне, мәселе шешіліп, Жуков қайта оралды.
Жуков 2025 жылдың қаңтар айының соңында Польшаның "Пуща" клубына ауысқан. Ол аталмыш клуб сапында төрт матчқа қатысты. Жуковтың Қазақстан құрамасына оралуы оның халықаралық тәжірибесі мен кәсіби шеберлігі арқасында команданың жартылай қорғанысы күшейеді.
Ойыншылардың нақты тізімі шыққанға дейін құрамада өзгерістер болуы мүмкін.
Қақпашылар: Мұхаммеджан Сейсен ("Астана"), Александр Заруцкий, Темірлан Анарбеков (екеуі де – "Қайрат"), Стас Покатилов ("Сабах", Әзербайжан), Дулат Талыспаев ("Кеге", Дания);
Қорғаушылар: Әлібек Қасым ("Ақтөбе"), Александр Марочкин, Ян Вороговский, Марат Быстров (бәрі – "Астана"), Нұралы Әліп ("Зенит", Ресей), Роман Асранкулов ("Тобыл"), Еркін Тапалов ("Қайрат"), Ұлар Жақсыбаев, Сұлтанбек Астанов (екеуі де – "Ордабасы"), Әділбек Жұмаханов ("Елімай"), Мәди Хасейн ("Жеңіс");
Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген ("Ордабасы"), Рамазан Оразов ("Силькеборг", Дания), Бақтиер Зайнутдинов ("Бешикташ", Түркия), Эльхан Астанов ("Астана"), Ислам Чесноков, Наурызбек Жагоров (екеуі де – "Тобыл"), Серікжан Мужиков, Жан Әли Пайруз (екеуі де – "Елімай"), Ғалымжан Кенжебек ("Кошице", Словакия), Алияр Мұхамед ("Оқжетпес"), Георгий Жуков ("Пуща", Польша), Дінмұхамед Қараман ("Жеңіс"), Давид Есімбеков ("Жетісу");
Шабуылшылар: Абат Айымбетов ("Адана Демирспор", Түркия), Максим Самородов ("Ахмат", Ресей), Айбар Жақсылықов ("Қайсар"), Дастан Сәтпаев ("Қайрат"), Оралхан Өміртаев ("Ақтөбе"), Рамазан Кәрімов ("Астана"), Артур Шушеначев ("Сочи", Ресей).