Дәстүрлі "Қоқиқаз-2019" республикалық фестивалі мәресіне жетті

5580

Мақсат – балаларға табиғатты аялауды үйрету. 

Дәстүрлі "Қоқиқаз-2019" республикалық фестивалі мәресіне жетті

Әлем елдерінің көпшілігіне "фламинго" атауымен танымал қызғылт құсты қазақ "қоқиқаз" дейді. Қоқиқазды бір көруді армандап, фламинго деп ән салып, би билейтін жұрт Қазақстан астанасынан 130 шақырымдай қашықтықтағы Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығына баруы керек. Африка, Үндістан сынды ыстық өлкелерді мекендейтін жыл құсы жаз шыға шем-жөбі мол Теңіз-Қорғалжын көлдеріне келіп ұя салып, балапан басады. Қазақстанның "Қызыл кітабына" енген қоқиқаз – Қорғалжын қорығы мен Қорғалжын экологиялық обсерваториясының символы. 2019 жылы 19 қазанда Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығында "Қоқиқаз-2019"  республикалық шығармашылық фестивалінің жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті.

Қоқиқаздар ұя салатын Теңіз көлі 2000 жылы "Тірі көлдер" халықаралық ұйымының әлемдегі бірегей көлдері тізіміне енді. Ал Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы 2007 жылы "құстарды сақтау үшін аса құнды аймақтар" бүкіләлемдік желісінің (IBA) бір бөлігіне айналды. Қорық 2008 жылы ЮНЕСКО ұйымының дүниежүзілік табиғи мұрасы ретінде танылса, 2012 жылы екінші мәрте ЮНЕСКО ұйымының Қазақстан Республикасындағы алғашқы биосфера резерваты атанды.

Маңыздылығын әлем мойындаған сулы да, нулы өлкеде табиғатты аялай білудің қажеттілігін ерте жастан түсінген абзал. Осы орайда, жастың да, кәрінің де қоршаған ортаға деген сүйіспеншілігін, экологиялық мәдениетін арттыру мақсатында әртүрлі ізгі шаралар іске асырылуда. Солардың бірі – 2008 жылдан бері жыл сайын өткізіліп келе жатқан "Қоқиқаз" табиғатты қорғау фестивалі. Биыл балалар мен жасөспірімдер арасында өткен "Қоқиқаз -2019" республикалық фестивалінде бейнелеу өнері, сәндік-қолданбалы өнер, қысқаметражды фильм, фотосурет және экологиялық ертегі аталымдары бойынша жүлдегерлер анықталған. Балалар фестивальде қоршаған ортаға байланысты салған суреттерін, киіз, тас, қағаз тәрізді әртүрлі табиғи материалдардан жасаған бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынып, өздері әзірлеген компьютерлік графика өнімдерін, түсірген бейнероликтерін, анимацияларын, фотосуреттерін дүйім жұртқа паш етті. 

Рустам Қабидеш есімді балақай жазған "Теңіз көліндегі қоқиқаз" ертегісі  экологиялық ертегі шығармашылық байқауында жүлдегер атанды.

Жас қаламгер Рустам қуанышымен былай ортақтасты:

"Бірде  сынып жетекшім экология тақырыбында байқау өтетінін айтып, қатысуыма кеңес берді. Қоқиқаздар жыл сайын алыс Африкадан ұшып келіп, Қорғалжын ауданындағы Теңіз көлінде ұя салып, күз кезінде балапандарымен бірге ұшып кететінін білемін. Жыл сайын солай. Осы өңірде өсіп келе жатқан мен үшін қоршаған ортаны қорғау тақырыбы өте таныс әрі экологтардың маңызды іспен айналысатынын көріп жүрмін. Менің жазған ертегілерім адамдарға қоршаған орта, экология мәселесі туралы ой салса деймін. Сол себепті, шабытым келіп, осы байқауға қатысуға бел будым",– дейді жігерлі бала.

Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің басшысы Берік Рыспаев "Қоқиқаз-2019" республикалық фестивалінің ерекшелігін айтып берді.

"Фестивальдің басты мақсаты – балалардың табиғатқа деген махаббатын ояту. Тек балаларды ғана емес, ересек азаматтардың да қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыруға, табиғатты аялауға шақырамыз. Фестиваль байқауларына әзірлеген жұмыстарын тек балалар тапсырғаннан кейін, 10 жастан бастап 19-ға дейін жас ерекшеліктеріне байланысты бірнеше  топқа бөліп марапаттадық",– деді Берік Рыспаев.
Фестивальді "Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қоры" КҚ, "Қорғалжын экологиялық обсерваториясы" ЖМ және "Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығы" РММ ұйымдастырып, ERG (Еуразиялық Топ) қаржылай қолдау көрсетті. Қорғалжын ауданының әкімдігімен бірлесе өткізілген шараға Қазақстан Республикасының экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілдері мен журналистер қатысады.

"Қоқиқаз" фестивалінің негізгі демеушісі, Қазақстандағы табиғи ресурстарды өндіру және өңдеу саласындағы әртараптандырылған ERG (Еуразиялық Топ) компаниясының қоршаған ортаны қорғау Департаментінің директоры Талғат Төребеков фестивалдің пайдасын тілге тиек етті.

"Дәстүрге айналған "Қоқиқаз-2019" фестивалі тек біздің компания үшін ғана емес, жалпы ел үшін де маңызы зор. Осындай жобалар балаларымыздың экологиялық тәрбиесін дамытуға септігін тигізеріне сенімдімін. ERG құндылықтарының бірі – жауапкершілік. Компаниямыздың қызметкерлері стейкхолдерлері алдында міндеттерін орындап қана қоймай, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайды. Қорғалжын қорығымен біздің ынтымақтастығымыз оның жарқын дәлелі",– деді демеуші компания өкілі.

Нұржан Көшкін

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу