Деректерді өңдеу орталығын (ДӨО, Data-center немесе ЦОД) бір салып алсаңыз, ары қарай ол 24/7 режимінде, жыл он екі ай бойы ұзақ жылдар тынымсыз жұмыс істеп, әрбір секунд сайын, күн-түн демей табыс әкеледі.
iKS-Consulting Қазақстандағы басшысы Светлана Черненконың айтуынша, республикада дата-орталықтар мен бұлтты сервистердің коммерциялық нарығы қарқынды өсім траекториясына шықты. Кейінгі үш жылда коммерциялық ДӨО-лардағы таған-орындар (стойко-место) саны 1,2 мыңнан 2,5 мың бірлікке дейін күрт өсті.
Нақтылағанда, сол кездегі Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың №832-ші қаулысымен "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптар" бекітілген тұста, 2016 жылы Қазақстанда 980 таған-орын ғана болыпты.
2019 жылы соған тағы 230-ы қосылып, жалпы саны 1 210-ға жетті.
Келесі 2020 жылы басталған жаһандық пандемия және карантин шаралары, оқушылардың және жұмыскерлердің қашықтан жұмысқа көшірілуі, азаматтардың мемлекеттік қызметтерді мобильді қосымшамен алуға жаппай ынтығуы дата-орталықтар салу бизнесіне қуатты серпін берді. Нәтижесінде, 2022 жылға дейін тағы 1 240 таған-орын жаңадан пайда болып, жалпы саны 2 450 межесін бағындырды.
Былтырғы 2023 жылы аталған көрсеткіш 2 613-ті құраған.
Сарапшының болжамынша, 2030 жылға қарай Қазақстанда дата-орталықтардағы коммерциялық тағандардың саны 10 мың данадан асып түседі.
Бірақ бұл бәрібір аздау. Салыстырсақ, Ресейде дата-орталықтардағы таған-орындардың саны 2023 жыл қорытындысында 70,1 мың бірлік болды. Дегенмен, санкцияларға байланысты РФ-та бұл саланың қарқыны құлдырады: жаңа таған-орындардың енгізілуінің жылдық өсімі былтыр 20 пайыздан аспады.
Светлана Черненконың дерегінше, коммерциялық ДӨО-лар табысы 2016–2022 жылдары 9,1 миллиардтан 17,9 миллиард теңгеге дейін өсті. iKS-Consulting 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 25,8 миллиард теңгеден асады деп болжады.
Қазақстанда дата-орталықтардағы тағандар санының өсімі болашақта еселенуі мүмкін. Мысалы, Астанада салу жоспарланған бір ғана Akashi ДӨО-сында жалпы қуаты 42 МВт болатын 4 096 таған-орын болады деп есептелген. Егер табысты жүзеге асырылса, ол Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы саладағы ең ірі объекті болады.
Оның үстіне бұл ДӨО істен шығуының болмаушылығы (отказоустойчивость) бойынша Uptime Institute моделінде ең жоғарғы деңгейіне сәйкес болып, тиісті Tier IV сертификаттауынан өтпек. Осы мақсатта компания қалалық желіге қосыла салмай, нысанға жоғары вольтты жеке желі тартуды жоспарлап отыр. Сондай-ақ алаңда 110/10 кВ электр подстанциясы орнатылмақ. Барлық жүйелерді қосарлама резервтеу жүзеге асырылуға тиіс.
"Қазтелепорт" АҚ басқарма төрағасының орынбасары Сырым Төлеулиев хабарлағандай, компания әр өңірде орналасқан дата-орталықтары желісіндегі жетінші нысанды биыл іске қосуды жоспарлады. Астананың орталығында салынатын, бірақ "Ерейментау" аталған бұл ДӨО-да 4 машина залы және 100 серверлік таған орналасады.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асқар Жамбакиннің айтуынша, әзірге қолданыстағы деректерді өңдеу орталықтарының өзі толық жүктеле қойған жоқ.
"Бүгінде Қазақстанда 51 ДӨО бар. Соңғы бес жыл ішінде таған-орындар саны 2 еселенді. Деректерді өңдеу орталықтары қазіргі кезде шамамен 76%-ға жүктелген. Мемлекеттік инфрақұрылымға қызмет ететін дата-орталықтардың жүктелу көрсеткіші 97 пайызға жетті. Деректерді сақтау және өңдеу нарығы ұлғаюда және ары қарай да өсе береді. Себебі, көптеген процестер барған сайын қағаздан цифрға ауысады. Бұл одан әрі сұраныс тудырады. Қазіргі уақытта елімізде бірнеше ДӨО құрылысы жүргізілуде. Мысалы, "Қазтелепорт" АҚ-ы – 200 таған-орынға, "Қазақстан Инфрақұрылымы" ЖШС – 4 мың тағанға арналған орталықтар салып жатыр. Яғни, бұл секторға инвесторлардың қызығушылығы бар", – деді Асқар Серікұлы.
Осылайша, биыл және келесі жылы қосымша 5 мың таған-орындық ДӨО іске қосылуы мүмкін.
Цифрлық даму вице-министрі бұл салаға шетелдік компанияларды шақырып отырғандарын жеткізді. Соның ішінде Қазақстан аумағында деректерді өңдеу орталықтарын ашуы үшін Microsoft, Google сияқты алпауыттармен келіссөздер жүргізілуде екен.
Президент Қ.Тоқаев Үкіметке екі жыл ішінде жасанды интеллект жүйесіне маманданған дата-орталықтардың құрылысын қамтамасыз етуді жүктеді. Мемлекет басшысының айтуынша, осы мақсатта Amazon, Google, Mastercard және Citigroup сияқты жаһандық ойыншыларды елге тарту керек. Тиісті уағдаластықтарға Қасым-Жомарт Тоқаевтың Америкаға соңғы сапары кезінде қол жеткізілген.
Қазақстан көшбасшысының тағы бір бастамасы – республиканы өңірлік цифрлық хабқа айналдыру да елімізде деректерді өңдеу орталықтарының дамуына дем беруге тиіс. Мысалы, осы президенттік бастаманың аясында Каспий теңізінің түбінен Батыс–Шығыс бағытында жоғары жылдамдықты талшықты-оптикалық байланыс желісі тартылады. Жоба жұмыстары басталды. Соның арқасында Қазақстанда және Орталық Азияда интернет байланысының жылдамдығы артуға тиіс.
Дәл осы халықаралық магистральдің бойында және дәл қасында жеке инвесторлар қаражатына 2 "гиперДӨО" тұрғызылмақ.
Әрине, мұның бәрі – болашақтың еншісі. Әзірше оның табысы өзге бизнеспен салыстырғанда, шағын. Мысалы, Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, қазіргі кезде Қазақстанның ақпараттық-коммуникациялық технологиялар нарығының көлемі 5 млрд 438,2 млн долларды немесе 2 триллион 504,2 миллиард теңгені құрады.
В 2023 жылы нарық 8,3% өсіп, 5 млрд 888,4 млн долларға немесе 2 триллион 709,3 млрд теңгеге жеткен. Соның ішінде дата-орталықтар нарығының үлесі мардымсыз 20 миллиард теңгені ғана құрайды.
ІТ-саланың негізгі өсім сегменттеріне ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, бағдарламалық қамтылым және бұлтты қызметтер кіреді.
Деректерді өңдеу орталығы бизнесіне кірмес бұрын осы және басқа да жағдайларды ескерген жөн.
Салаға маманданған Vicom Plus компаниясының CEO басшысы Сабыр Жақыпов дата-орталықтар бизнесі бастапқыда өте көп шығынды талап ететінін айтады.
"ДӨО бизнесіне кірудің "табалдырығы биік" деуге болады. Себебі, оның талап ететін капиталды шығындары миллиондаған қаражатты қажет етеді. Бір ғана таған-орынды жабдықтау ондаған мың долларға түспек. Дегенмен, бұл бизнестің қызметіне сұраныс өсіп келеді. Ұсыныстар бойынша тапшылық, сұраныс бойынша қарқынды өсім күтіледі. Қалай болғанда, бұл бизнеске кіру оңай емес. Бірақ егер мол ақша салуға дайын инвестор табылса, жобаны уақытылы, дұрыс жүзеге асырсаңыз, сонша үлкен болмағанымен, тұрақты табыспен қамтамасыз етілесіз", – деді сарапшы.
Оның мәліметінше, ДӨО қызметтерінің табысы ІТ-қызметтерден түсетін жиынтықты табыстың шамамен 3,5%-ынан аспайды. Ендеше ақпараттық технологиялардың басқа салаларына қарағанда, коммерциялық ДӨО-лар сегменті ірі инвесторлар үшін тартымды емес.
Алайда коммерциялық дата-орталықтардың табысы тұрақты болып келеді, дата-орталықтар ұзақ жылдар қызмет етеді.
Сарапшылардың мәліметінше, егер инвестор 100 таған-орындық ДӨО ашса, әрбір тағанға 30 мың доллардан шығын шығаруға тура келеді. Мұндай жағдайда табыстылық жыл сайын орта есеппен 13% болады. Егер 1 000 таған-орындық дата-орталық салса, әрбір тағанның шығыны 25 мың долларға дейін төмендейді. Ірі ДӨО-ларда орташа рентабельділік жоғары – 21%. Тиісінше, ірі орталықтар өзін-өзі тезірек ақтайды.