Дауға қалған коттеджді пәтерге ауыстырды

2066

Былтыр Павлодар билігі 50 млн теңгеге сатып алған коттеджді жеті пәтерге ауыстырып, жетімдерге үлестіріп берді.

Дауға қалған коттеджді пәтерге ауыстырды

Өткен жылы Павлодар қаласының әкімдігі коммуналдық меншікке құны 49 млн 900 мың теңге болатын екі қабатты үйді сатып алып, оны мемлекеттік қызметшілердің біріне беруді жоспарлаған еді. Үйден үміттілердің қатарында шаһар басшысы Әнуар Күмпекеев болды. Бұл жайт көпшіліктің наразылығын тудырып, қоғамда қызу талқыға түсті. Содан соң облыс әкімі Болат Бақауов Павлодар қаласының әкіміне бюджеттік қаржыны тиімсіз жұмсағаны үшін сөгіс жариялады. Оған қоса, аймақ басшысы аталмыш коттеджді сатып, одан түскен қаржыға ата-анасынан айырылған тұрғындарға пәтер алуды тапсырды.

 Сөйтіп, бүгін жеті бірдей павлодарлық баспаналы болды. Оларға Қамзин көшесі 41/1 мекенжайында орналасқан "Ирина" тұрғын үй кешенінен 6 бір бөлмелі және 1 екі бөлмелі пәтер бұйырды.

  Қоныстанушылардың бірі – 30 жасар Елена Бурдуковская. Ол 2004 жылы Песчан балалар үйінен шығып, Ақсу қаласындағы колледжде аспаз мамандығы бойынша білім алды.

"Балалар үйінен кеткен соң түрлі қиындық пен кедергі  кездесті. Колледждегі сабақтан шыққан соң қайда барарымды білмей, саябақта түнейтінмін. Кейін баспаналарды жалға алып, пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Қиналғаным соншалық, Украинадағы туысыма кетуіме тура келді. Соңғы төрт жылда сол елде, ағайынның қасында тұрдым. Осыдан бір ай бұрын әкімдікке хабарласып, үй кезегінде бірінші болып тұрсам да неліктен пәтердің берілмегенін біліп, хабарластым. Сол кезде жаңа жылдан соң кілтті қолыма алатынымды айтты. Енді, міне, сондай қуанышты сәт келді. Менің өз үйім бар", – дейді Елена Бурдуковская.

Павлодар қаласының әкімі Әнуар Күмпекеев бұл пәтерлердің төмен бағаға алынғанын айтты.

"49 млн 900 мың теңге болған үйдің орнына 51 млн теңгеге 7 пәтер алдық. Бұл пәтерлер арзан. Мұндағы бір шаршы метр 185,8 мың теңге тұрады. Ал нарықтағы баға 200 мың теңгеден асады", – деді Әнуар Күмпекеев.

Сонымен қатар, шаһар басшысы алдағы үш жылда Павлодар қаласына өзге өңірлерден көшіп келетін мемлекеттік қызметшілерге пәтердің сатып алынбайтынын айтты. Ал бұған дейін осы жылы шамамен 90 млн теңгеге екі үй алу жоспарланған еді.

Айта кетелік, бүгінде 15 шенеунік тұрғын үй кезегінде тұр. Әнуар Қайыргелдіұлының өзі де пәтер жалдап тұрады.  

Ақтоты Қабдықайыр, Павлодар облысы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу