Даулы қаулы: ЕАЭО компаниялары Қазақстан жерін меншікке алмайтын болды

2235

ЕАЭО компаниялары қазақ жеріне көз сүзбейтін болды. 

Даулы қаулы: ЕАЭО компаниялары Қазақстан жерін меншікке алмайтын болды

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қатысы бар компанияларға Қазақстан аумағынан жер телімдерін ақысыз беру мәселесі талқыланбайтын болды.

Еске салсақ, 7 сәуір күні электрондық үкімет порталында 21 сәуірге дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің қатысы бар компаниялардың меншігіне жер телімдерін ақысыз беру туралы қаулының жобасы көпшілік талқылауына ұсынылған болатын. Қаулының жобасын жұрт талқылады дегеннен гөрі, сынға алып, осы бастаманы көтерген мемлекеттік органдарға шүйлікті деген дұрыс болар. Ал қоғам қайраткері Мұхтар Тайжан аталмыш қаулыны қабылдатпау үшін "Жер қорғаны" атты жаңа қозғалыс құратынын мәлімдеді. 

"Өздеріңіз көріп жатқандай, карантин кезінде билік (Үкімет) жер жайлы түрлі-түрлі өте күмәнді шешімдерін қабылдағысы келеді. Бұл жайт бәрімізді қатты алаңдатады. Мысалы, субаренданы заңдастырғысы келді (о туралы бір емес екі рет пост жаздым, билік оған мән берген жоқ). Қазір міне ЕАЭО-ның фирмаларына жерімізді тегін береміз деп жатыр. Біз бұған түбегейлі қарсымыз және бұндай бассыздыққа жол бермейміз! Үкіметтің мұндай сатқын әрекеттеріне біз қазір бейжай қарап отырсақ, ертең кеш болады. Сондықтан менің ұсынысым – біз әзірше виртуалды түрде (карантиннің кезінде басқаша болмайды) жалпы ұлттық қозғалысты ашып жариялауымыз қажет. Жұмысшы атауы "ЖЕР ҚОРҒАНЫ" болсын", – деп жазды ол өзінің Facebook-тегі парақшасында.

Жаңа қозғалыс жанданбай тұрғанда мәселені біржақты ету жөн деп шешсе керек, бүгін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ресми сайтында жаңа ақпарат жарияланды. 

"Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ҚР Үкіметі қаулысының жобасы жалпыхалықтық талқылау жүргізу мақсатында Egov порталына жүктелді. Аталмыш жобада Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 13 сәуірдегі № 459 қаулысы мен 2004 жылғы 26 қарашадағы № 1237 қаулысына жер учаскелері меншікке өтеусіз негізде берілетін отандық өнеркәсіп кәсіпорындарын тізбеге енгізу туралы толықтырулар енгізу көзделген. Бүгінгі таңда аталған қаулы жобасын талқылау барысында мемлекеттік органдар мен аккредиттелген қауымдастықтардан ҚР Үкіметінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер қатысатын кәсіпорындарға жер учаскелерін беру құзыреті жоқтығы бөлігінде ескертулер жасалды.

Осылайша ҚР Үкіметі қаулысының жобасы аталған ескертулерді ескере отырып талқылаудан және одан әрі қараудан алынды", – деп жазылған ресми мәліметте.

Қаулы алғаш жарияланғанда өре түрегелген әлеуметтік желі қолданушылары бұл ақпаратты да іліп әкетіп, бір-бірінен сүйінші сұрасып жатыр. 

"Құттықтаймын, достар! Бұл Сіздердің ыңтымағыңыздың, азаматтық белсендігіңіздің арқасы, жетістігі! Бұдан былай жерге келгенде бәріміз бір жұдырықтай жұмылып тұрсақ, арам пиғылдарға жол бермей, кез келген сатқындықты тоқтата аламыз, жерімізді ұрпақ үшін сақтай аламыз! Енді субаренда жайлы пресс-релизді күтемін. Оған ауыл шаруашылығы министрлігі жауапты", – деп жазды Мұхтар Тайжан.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу