Қырым кәсіпорындарымен тікелей жұмыс істеген өскемендік "ВостокМедСнаб" компаниясы қазақстандық салық заңнамасын бұзғаны үшін Қырымдағы жеткізушілеріне миллион теңге айыппұл төлеп, жауапқа тартылуы мүмкін.
Кәсіпкерлер сотта Еуразиялық экономикалық сауда ережесі бойынша Қырымның жеткізушілерімен жасаған салықтық жұмысы туралы есепті қате берілген деп кері қайтарған "Өскемен қаласы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасының" әрекетінің заңсыз екенін дәлелдеуге мәжбүр.
Салық органы Қазақстанның Қырым Республикасының халықаралық-құқықтық дәрежесін ресми мойындағанға дейін ол жақтан әкелінетін тауар шетелдік тауар ретінде (тауар Украина Республикасынікі) кедендік декларация мен кедендік тазалаудан өтеді дегенді негізге алып отыр.
Саяси мәселемен шаруасы жоқ "ВостокМедСнаб" ЖШС басшылығы мұның мәнін түсінбей дал, өйткені олардың Қырымдағы жеткізушілері ресми түрде Ресей Федерациясының субъектісі ретінде тіркелген және бұл даулы түбек Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕАЭО) картасында оның толық құқықтық қатысушы болып көрсетілген, сондай-ақ ЕАЭО-да өз коды бар.
"ВостокМедСнаб" ЖШС – Галина Балабаеваның отбасылық бизнесі. Ол күйеуімен бірлесіп медициналық диагностикалық жабдықтарды жеткізу, жөндеу, сатуды қолға алған. Қырымға барып жүргенде Галина Балабаева жергілікті косметикалық өнімді сапалы деп тауып, оларды Қазақстанға жеткізуді ойластырады.
Бизнесмен саяси оқиға болғанға дейін 2013 жылы ойын іске асыруды көздеп, тауарларды Өскеменге жеткізбек болады. Бірақ, оның айтуынша, Украинадан сауда жасағанда салық төлеу қиын болғандықтан, мұны іске асыра алмаған. Компания Қырымнан тікелей тауар жеткізуге тек 2016 жылдың тамыз айында ғана кіріскен.
Басынан дұрыс басталмаған шаруа
"Басынан бастап заң бойынша жұмыс істемекші болдық. Қазақстандағы заңгерлер мен бухгалтерлерден кеңес алдық, – дейді Галина Балабаева. – Былтыр Қырымның Симферополь, Евпатория, Алушта қалаларындағы фирмалармен ресми келісімшарт жасадық. Бұл – "Крымская Роза" комбинаты, "Пантика" ЖШҚ, Долгая И. А. ЖК, "Сакские грязи" зауыты және басқалар. Бізде салық қызметіне жанама салықты төлеуге қатысты талап етілетін барлық құжат – келісімшарт, сипаттама, тауарға арналған декларация бар. Көлік компанияларымен ресми келісімшарт жасап, тауарды тікелей әкелеміз".
Галина Балабаеваның айтуынша, жасалған келісім көлемі үлкен емес, айына 500 мыңнан үш миллион теңгеге тауар әкелінеді. "Крымская натуральная коллекция" сауда маркасының тауарын компания 2016 жылдың тамыз айында әкеліп, есепке қойған. Салықтық міндеттемені орындау үшін "ВостокМедСнаб" ЖШС тауарды әкелу мен жанама салықтарды төлеу, импортталған тауарларға қатысты жанама салықтар жөніндегі декларацияны, ҚҚС-ты төлеу туралы құжат, яғни Еуразиялық экономикалық одақпен сауда қарым-қатынасын жасауда талап етілетін құжаттарды беру үшін Өскемен қаласы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасына өтініш тастаған.
Ведомство салықтық есепті электронды түрде қабылдап, кәсіпкерлерге есепті алғаны туралы хабарлама берген. Қырымдағы "Долгая И. А." ЖК жеткізушісінен келген тауардың тағы бір партиясын компания қыркүйек айының соңында алып, есепке қойған. Содан кейін компания салық органына электронды түрде тағы есеп береді. Ал олар болса салықтық есепті қабылдап, тағы хабарлама жіберген. Сондай-ақ 2016 жылдың қыркүйек айының ортасында Қырымның "Крымская роза" комбинатынан әкелінген тауарға да салықтық есеп жасалған. Салық органы бұл есепті де қабылдап, тиісті хабарлама берген.
Алайда қазан айының ортасында Өскемен қаласы бойынша мемлекеттік кіріс басқармасы "Крымсакая роза" және "Долгая И. А." ЖК жеткізушілерінен тауар әкелгендігі туралы өтінішті ҚР салық кодексінің 276-22-бабының 1,3 -тармағына сәйкес қате ұсынылған деп кері қайтарған.
Әрине, "ВостокМедСнаб" ЖШС жағдайды түсіндіруге тырысқан. Содан мемлекеттік кіріс басқармасына хат жазған, бірақ олар, Галина Балабаеваның сөзінше, мәселеге қатысты дұрыс жауап бермеген.
Күтпеске амал жоқ
"2016 жылдың желтоқсан айында ШҚО мемлекеттік кіріс департаменті жауап беріп, онда Қазақстан Республикасы Қырым Республикасының халықаралық-құқықтық дәрежесін ресми мойындағанға дейін ол жақтан әкелінетін тауар шетелдік тауар ретінде (тауар Украина Республикасынікі) кедендік декларация мен кедендік тазалаудан өтеді деп көрсетілген. Осыған сәйкес "ВостокМедСнаб" ЖШС-ның ЕАЭО кедендік аумағынан әкелген тауарлары ішкі тұтыну үшін кедендік рәсімдеу арқылы кедендік декларациялануға тиіс", – деді Галина Балабаева.
Кәсіпкерлер Еуразиялық экономикалық комиссия алқасына, республикалық мемлекеттік кіріс комитетіне, ШҚО кәсіпкерлер палатасына, облыстық прокуратураға, басқа да құрылымдарға өтініш жазған. Еуразиялық экономикалық комиссия мүдделі тұлғаларға кеңес беру олардың құзіретіне жатпайтынын айтты. Ал басқа органдар компанияның мәселесін шешуге ұзақ уақыт керек екенін айтты.
"ВостокМедСнаб" ЖШС Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына өтініш берген. Олар салық органының Қырымнан Қазақстан Республикасы аумағына тауарды импорттауда кедендік декларация жасау керек дегенін заңсыз деп тануды ұсынды. "ВостокМедСнаб" ЖШС-ның айтуынша, олардың салықтық міндеттемені тиісті орындаудағы заңды мүдделері бұзылған. Мемлекеттік кіріс басқармасының өкілдері сотта талапты мойындамай, "ВостокМедСнаб" ЖШС-ның салықтық өтінішін кері қайтаруға "Крымская роза" және "Долгая И. А." ЖК-ның Кедендік одақ пен ЕАЭО-ға мүше-елдердің жеткізушісі емес екендігі негіз болғанын айтты.
Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының судьясы Қайрат Ілиясов қазақстандық салық заңнамасының талаптарын негізге ала отырып шешім шығарған. Ол мемлекеттік кіріс басқармасы "ВостокМедСнаб" ЖШС-ның салықтық өтінішін өздігінен кері қайтарғанда ҚР салық кодексінде көрсетілген заңды бұзған деп таныды.
"Басқарма тарапынан салық заңнамасын бұзу орын алған, жоғарыда айтылған нормалардан, егер тауарларды әкелу мен жанама салықты төлеу туралы өтініш қате берілген жағдайда мұндай өтінішті кері қайтаруға мемлекеттік кіріс органы емес, декларацияны мақұлдаушы құқылы, – деп ШҚО мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының 2017 жылдың 25 қазанында шығарылған шешімінде жазылған. – "ВостокМедСнаб" ЖШС салық органына кері қайтару туралы өтініш жасамаған"
Алайда сот "ВостокМедСнаб" ЖШС сотқа арыз түсіру мерзімін яғни ҚР азаматтық процессуалдық кодексінің 264-бабында азамат және заңды тұлға лауазымды тұлғаларға, мемлекеттік органдарға, өзін өзі басқару органдарына бостандықтарының және заңды мүдделерiнiң бұзылғаны туралы өздерiне мәлiм болған күннен бастап үш ай iшiнде сотқа арызбен жүгiнуге құқылы деп көрсетілген мерзімді өткізіп алған деп шешті.
"Сот отырысында өтініш беруші тауарды әкелу және 2016 жылдың қазанынан бастап жанама салықты төлеу туралы өтініші кері қайтарылғанын білген, алайда өтініш беруші сотқа тек 2017 жылдың 15 қыркүйегінде яғни заңмен бекітілген үш ай мерзім өтіп кеткеннен кейін ғана өтініш берген", – деп көрсетілген сот шешімінде. Осының негізінде сот кәсіпкерлердің өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан.
"Біздің жеткізушілермен жасаған келісімшартта: егер мен декларацияны тапсырып, салық төлейтін болсам, онда олар ҚҚС төлемейді,– деп жазылған деп түсіндірді Галина Балабаева. – Біздің салық қызметкерлері оны қазына органдарына салыққа қатысты есеп өткізілгенін және оны төленгенін хабарлайды. Қазір олар мұны жасамай отыр, содан барып Қырымдағы жеткізушілерде ҚҚС салығын төлеп жатыр. Сонда екі рет салық төлеп отырмыз. Егер біз қазақстандық салық органдарымен келісетін болсақ, онда Қырымдағы жеткізушілерге үлкен айыппұл төлейміз, сонымен қатар одаққа кірмейтін үшінші елмен сауда жасағанымыз үшін айыппұл төлеп, барлық тауарды декларациядан өткізуге тиіспіз. Сондай-ақ егер тауарды біздің шенеуніктердің ақылы бойынша Қырым өнімін, мысалы, Новосібір арқылы сатып алатын болсақ, өскемендік сатып алушы үшін оның бағасы 50-70%-ға кей жағдайда 100%-ға қымбаттап кетеді".
Бір қызығы осы оқиғаға ұқсайтын бір жыл бұрын Павлодар облысында орын алған жағдай кәсіпкерлердің пайдасына шешілген. Ол кезде "ТПБ Агромир" компаниясы Қырымнан ауыл шаруашылығына арналған техниканың құрамдас бөлшектерін сатып алған болатын. Қазір павлодарлық компания сотта жеңіп шығып, Ресей Федерациясының субъектісі ретінде тіркелген Симферопольдің фирмасымен тікелей ынтамақтастық жасауда.
"Біз Павлодардың салық органымен үш сот инстанциясына қатыстық, ақыр-соңында жеңіп шықтық, – деді "ТПБ Агромир" компаниясының ортақ иесі Наталья Поплавец. – 2017 жылдан бастап Симферопольдің фирмасымен тікелей жұмыс жасап жатырмыз және салықтық есепті Ресей Федерациясының субъектісі ретінде рәсімдейміз. Олардың мемлекеттік тізімінде компания Ресей Федерациясының субъектісі ретінде тіркелген. Қазір салық органы бізге ешқандай талап қойып отырған жоқ".
Галина Балабаеваның айтуынша, олар салықтық қызметтен басқа кедендік органға, статистика басқармасына электрондық есеп берген кезде ешқандай проблема туындамаған. Өйткені бұл ведомстволарда Қырым ЕАЭО субъектісі ретінде көрсетілген. Қазір "ВостокМедСнаб" ЖШС бірінші сот инстанциясының шешіміне аппеляциялық өтініш дайындап жатыр.
Гүлназ Ермағанбетова, Ольга Ушакова