Даурен Абаев: eGov.kz порталында уақытша тіркеу қызметі іске қосылды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
5934

Азаматтарды уақытша тіркеу қажеттілігі енгізілгеннен кейін қоғамда туындаған наразылық салдарынан уақытша тіркеу қызметі eGov.kz "электрондық үкімет" порталында екі аптаға ерте іске қосылды.

Даурен Абаев: eGov.kz порталында уақытша тіркеу қызметі іске қосылды

"Достар, біздің министрлік "электронды үкімет" веб-порталында азаматтарды уақытша тіркеу қызметін сынақ режимінде белгіленген мерзімнен екі апта ертерек іске қосты". Сынақ жұмысы аяқталмағандықтан аздаған олқылықтың туындауы мүмкін. Бұған түсіністікпен қарауды сұраймын. Осы аптаның соңына дейін қызмет бақылауға алынып, қажеттілігіне қарай жетілдіріледі. Енді eGov.kz порталы арқылы онлайн түрде тұрғылықты жер бойынша уақытша тіркелуге болады", – деп жазды Ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев Facebook-тегі жеке парақшасында.

Қызметті "Азаматтық, миграция және иммиграция" бөлімінде, "Халықты тіркеу және тіркеу есебінен алып тастау" бағанына кіріп алуға болады.

"Онлайн сұрау" тетігін басқаннан кейін өтініш беруші ұсынылған нысанды толтырады, онда ол тіркелмек болған тұрғын үйдің меншік иесі ме, жоқ па соны белгілейді.

Егер өтініш беруші жылжымайтын мүліктің иесі болса, ол тіркелу мекенжайын, мерзімін белгілеп, содан кейін көрсетілетін қызмет үшін мемлекеттік салықты онлайн төлеп, электронды санды қолтаңба (ЭСҚ) қоюы қажет.

Ал егер тұрғын үй иесі үшінші тұлға болса, онда өтініш беруші меншік иесінің ЖСН, жылжымайтын мүліктің мекенжайын, уақытша тіркеу мерзімін белгілеп, сұрау жіберуі тиіс, ол сұрау үй иесінің жеке кабинетіне түседі. Егер үй иесі бірнеше адам болса, онда тек біреуінің ғана мәліметін енгізсе болады, қалғаны ҚР жылжымайтын мүлік тіркеуінің мәліметтер қоры арқылы автоматты түрде анықталады. Меншік иесі ЭСҚ арқылы өз келісімін растайды, осыдан соң  сұраным қайтадан тіркелушінің жеке кабинетіне түседі. Ол онлайн түрде мемлекеттік салықты төлеп, өз ЭСҚ-сын қоюы тиіс.

Осыдан кейін сұраным ІІМ-нің жүйесіне түседі, бұл жерде ол 10 минут қарастырылады, осыдан кейін порталда "Уақытша мекенжайды тіркеу орындалды" хабарламасы шығады. Уақытша тіркеу мекенжайын анықтама алу арқылы тексеруге болады.

Айта кетсек, eGov.kz порталы арқылы баланы уақытша тіркеуге болмайды, баланы тіркеу үшін ХҚКО-ға жүгіну қажет.

eGov.kz порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталығында уақытша тіркеуден өтуге қатысты барлық сұраққа тәулік бойы жұмыс істейтін 1414 нөміріне хабарласып, тегін кеңес алуға болады.

Бұған дейін Дәурен Абаев уақытша тіркеу мәселесіне қатысты өз мекемесінің шала ісін ішінара мойындаған болатын. PaperLab пікірсайыс клубының отырысында Ақпарат министрлігінің басшысы сөзін халыққа қызмет көрсету орталығында уақытша тіркеуге кезекте тұрып қайтыс болған 52 жастағы алматылық Жарас Құнтақовтың туған-туыстарына көңіл айтудан бастады.

"Оған медициналық көмек бірден көрсетілді, себебі бірінші оқиғадан кейін біз ол жерде дәрігерлердің кезекшілік етуін сұрадық. ХҚКО-ның жұмыс уақытын ұзарттық. Біз қаңтардың соңына дейін осы қарқынмен жұмыс істейміз. Бүгіннің өзінде кезектің азайғаны байқалады", – дейді министр.

Мекеме басшысы министрлік кей істе шалалық жасағанын мойындады.

"Оны мойындау керек, ашық айту керек. Бұл онлайн-тіркелуді ертерек бастау керектігін білдіреді. Қазақстан азаматтары осылайша ағылып келетінін ешкім білген жоқ, біз де күтпедік. Оның үстіне жәрдемақыны есептету, анықтама алу секілді рәсімдер жағдайды одан бетер  қиындатты", – дейді Дәурен Абаев.

"Уақытша тіркеуді рәсімдеу қызметі электронды үкіметтің сайтында осы аптаның соңында шығады", – деп сөз берді ол. Техникалық жағынан алғанда жоба іске қосуға дайын деуге болады.

"Біздің министрлікке қатысы бардың барлығын, мысалы онлайн-тіркеуді, осы аптаның соңына дейін аяқтауға дайынбыз. Ақпарат және коммуникация министрлігіне қарасты ұлттық ақпараттық технологиялар жауап беретін техникалық жабдықтау 80%-ға дайын. Тапсырыс беруші – ішкі істер министрлігі. Олар тиісті жұмысты атқарған соң, онлайн-тіркеу іске қосылады деп ойлаймын", – деп мәлімдеді министр. Оның айтуынша, ХҚКО-дағы келеңсіз оқиғаға орталық қызметкерлерінің көші-қон полициясының мәліметтер қорына кіруге құқы болмауы себеп болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу