Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, 10:00-дегі жағдайға сәйкес, республика бойынша тізімге алынған сайлаушылардың 12,8 пайызы сайлау бюллетендерін алған.
Бұл ретте, Ақмола облысының халқы белсенділік танытуда. 10:00-дегі жағдай бойынша өңір сайлаушыларының 20,5 пайызы таңдауын жасаған. Одан кейінгі орындарда Жамбыл (18,5 пайыз), Алматы (17,7 пайыз), Ақтөбе (16 пайыз) облыстары тұр.
Дәл осы сәттегі жағдай бойынша белсенділігі төмен өңір – Алматы қаласы. Шаһардағы сайлаушылардың тек 4,1 пайызы ғана сайлау учаскелеріне барған. Сондай-ақ әзірше Батыс Қазақстан (7,4 пайыз) және Атырау (8,5 пайыз) облыстарындағы сайлаушылардың белсенділігі төмен.
Еске сала кетейік, бүгін Қазақстанда кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Сайлау учаскелері 07:00-ден ашылды. Дауыс беру 20:00-ге дейін жалғасады.
Фархат Әміренов