Давиде Мартинелли: Мүмкіндік барда неге қол ұшын созбасқа?

1539

"Астана Про Тим" шабандозы індетке қарсы күрес жүргізіп жатыр.

Давиде Мартинелли: Мүмкіндік барда неге қол ұшын созбасқа?

Италияның солтүстік аймағы Еуропадағы COVID-19 вирусының көп таралған орталықтарының біріне айналды. Брешияға жақын маңда орналасқан Ровато коммунасына жататын жергілікті Лодетто елді-мекенінің тұрғындары да бүкіл Еуропа секілді үйреншікті өмір салтынан бас тартып, коронавирустың одан әрі таралуының алдын алу үшін үйде оқшаулануға мәжбүр.

Сол Лодеттода "Астана Про Тим" велокомандасының шабандозы Давиде Мартинелли тұрады. Қазақстандық команданың велесебедшілері, сондай-ақ әлемнің басқа да командаларының басым көпшілігі сияқты Давиде уақытының барлығын үйде өткізеді. Ол пандемияның аяқталып, Әлемнің бұрынғыдай қалыпты өмірге қайта оралғанын және кәсіби жарыстарда өнер көрсетуді тағатсыздана күтуде.

Тас жолда жаттығуға мүмкіндік болмағандықтан Давиде үй жағдайында спорттық бабын барынша сақтап қалу үшін түрлі физикалық жаттығулар жасайды. Ал соңғы күндері карантинде отырған басқа адамдарға көмектесуде. – Менің күн тәртібім бір сарынды. Алғашқы жаттығуым шамамен 11-де. Көбінесе велостанокта жұмыс жасаймын. Күндіз демалам немесе үй шаруасымен айналысамын. Кешкі ас алдында екінші жаттығуымды жасаймын. Әр түрлі бұлшық еттерге – арқаға, пресске, аяққа жаттығуларды орындаймын.  Ал соңғы күндері көршілеріме көмектесуге мүмкіндік туды және бұл іспен қуана-қуана айналысамын. Көмектесуге мүмкіндік пайда болғаны мені шын мәнінде жігерлендіреді, - деді Мартинелли.

Лодеттода супермаркет пен дәріхана жоқ. Шағын ғана ауыл болғандықтан тұрғындарға азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу үшін көрші Роватоға баруға тура келеді. Карантин жағдайында мұны жасау оңай емес. Әсіресе қауіпті аймақта тұратын қарт адамдарға қиынға соғуда. Сондықтан жастар бірігіп, қарт адамдар үйлерінде қалу үшін көмек көрсетуді ұйымдастырамыз деп шешкен. Кейбіреулеріне азық-түлік қажет болса, енді біреулері дәрі-дәрмекке зәру. Давиде Мартинелли қазіргі қиын кезеңде аздаған көмек болса да маңызды деп, еріктілер тобына қосылды.

- Осы бастама туралы достарымнан естіп білдім. Лодеттода супермаркет пен дәріханалар жоқ. Сондықтан жеке көлігі жоқ адамдар үшін азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу үлкен бір мәселеге айналды. Мен сол еріктілер қатарына қосылдым. Себебі осындай қиын қыстау заманда біз бірге болып, қолымыздан келгенше бір бірімізге көмектесуіміз керек. Менімен бір ауылда тұратын адамдар жарыстарда маған ылғи жанкүйер болып, қиын кезеңдерде қолдау көрсететін. Кәсіби велоспортпен айналысқандықтан уақыт ылғи да жетпей жатады. Ал енді барлығымызда уақыт жеткілікті. Сол себепті қазіргі таңда мен көршілеріме және туған жерім үшін көмектесудің сәті келді деп ойлаймын, - деді Мартинелли.

Жақында шабандоз велосипедпен көрші қалаға барып қарт кісілерге дәрі-дәрмек әкеліп берді. - Бүгін мен тағы үш отбасыға қажетті заттарын жеткізіп беруім керек. Ол үшін екі мәрте азық-түлікке және бір рет дәріханаға қалаға барамын. Әрине, карантинге байланысты барлық қағидаларды сақтауға тырысамын. Дүкенге немесе дәріханаға бару үшін велесебедпен бірнеше шақырым жүру маған еш қиындық тудырмайды. Қажет болғанша көмектесуді жалғастырамын. Бұл бір ерекше нәрсе емес. Бірақ, мүмкіндік барда неге қол ұшын созбасқа? – дейді "АстанаПроТим" шабандозы Давиде Мартинелли.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу