"Өзгеріс жоқ": Зеленский Трамппен кездесуден кейін Еуропаның әрекетсіздігін сынады

409

Шетелдік БАҚ кездесу туралы әртүрлі ақпарат жариялады. 

"Өзгеріс жоқ": Зеленский Трамппен кездесуден кейін Еуропаның әрекетсіздігін сынады Фото: news24

Швейцарияның Давос қаласында Украина президенті Владимир Зеленский мен АҚШ президенті Дональд Трамп кездесті. Келіссөздер Дүниежүзілік экономикалық форумның аясында өтіп, шамамен бір сағатқа созылды. Сондай-ақ Зеленский форумда сөз сөйледі, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

DW агенттігінің жазуынша, кездесуден кейін Трамп журналистерге Зеленскиймен әңгіме өте жақсы өрбігенін айтты. Ақ үй басшысы Ресейдің Украинаға қарсы соғысы аяқталуы тиіс екенін, екі тараптың да бейбітшілікке қол жеткізуге ниетті екенін мәлімдеген.

Владимир Зеленский америкалық әріптесімен Украинаға АҚШ тарапынан қауіпсіздік кепілдіктерін беру мәселесі бойынша келісімге қол жеткізілгенін айтты. Оның сөзінше, қауіпсіздік кепілдіктері мәселесі толық шешілген.

"Құжатқа тараптар, яғни президенттер қол қоюы тиіс. Сонда ғана ол ұлттық парламенттерге жіберіледі", – деді Украина басшысы.

Украина президенті Вашингтонның қатысуынсыз Киев үшін қауіпсіздік кепілдіктерін құру мүмкін еместігін тағы айтты. Бұған дейін Ұлыбритания мен Франция атысты тоқтату режимін қамтамасыз етуге дайын екенін хабарлаған, бірақ АҚШ-сыз қауіпсіздік кепілдіктері ілгері баспайды. Бұдан басқа Украинаның шығыс аймағының болашағына қатысты мәселелер де әзірге шешімін таппады.

Украиналық УНИАН басылымының жазуынша, Украина президенті Владимир Зеленский Давоста Дональд Трамппен және еуропалық көшбасшылармен өткен кездесуде соғыстан кейін елді қалпына келтіру және қауіпсіздік кепілдіктерін беру жөнінде келісімге келе алмады. Десек те, Axios басылымы бұл кездесуді екі президент үшін де ең сәтті кездесулердің бірі деп атады. Ақпаратқа сәйкес, Дональд Трамптың келіссөздер барысында көңіл күйі жақсы болған.

Украина президенті Владимир Зеленский Трамппен кездесуінен кейін Давоста өткен Дүниежүзілік экономикалық форумда сөз сөйледі.

"Бір жыл бұрын ғана мен Давостағы сөзімді "Еуропа өзін-өзі қорғай алуы тиіс" деген оймен аяқтадым. Бір жыл өтті, алайда өзгеріс жоқ. Біз әлі сол күйдеміз, мен сол сөздерді қайта айтуға мәжбүрмін. Неге? Не жетпейді? Уақыт немеса саяси ерік-жігер ме?", – деді Зеленский.

Ол Батыс елдері жаһандық күшке айналудың орнына, ұсақ және орта державалардың жиынтығы болып отырғанын айтты. Зеленскийдің айтуынша, мұндай Еуропаға АҚШ президенті Дональд Трамп та құлақ аспайды. Сонымен қатар

Украина басшысы "Бейбітшілік кеңесін" сынға алып, Еуропаның бұл ұйымға қатысты әлі күнге дейін ортақ ұстанымы жоқ екенін жеткізді. Бұдан басқа Еуропаның Ресейдің "көлеңкелі флотына" тиесілі танкерлеріне жеткілікті деңгейде қысым көрсетпей жатқаны да айтылды.

"Ресей мұнайы Украинадағы соғысты қаржыландырып отыр. Еуропа бұдан да көп әрекетке көшуі тиіс. Мұнайды тоқтатып, оны тәркілеп, Еуропаның мүддесі үшін сатуы қажет. Путинде ақша болмаған жағдайда, Еуропа үшін де соғыс болмайды", – деп түсіндірді ол.

Украина басшысы Владимир Зеленский Ирандағы ахуалға да тоқталды. 

"Әлем иран халқына тиісті көмек көрсетпеді. Еуропадағы саясаткерлер жаңа жылдық демалыстан оралғанға дейін Аятолла мыңдаған адамды өлтірді. Адамдар қанға батты", – деді Украина президенті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу