ДДСҰ Қазақстанға сүр ет, құрт пен сүзбеден бас тартуды ұсынды

16344

Ұйым миллиондардың өмірін жалмайтын зұлматты жариялады. Бұл ескерту Қазақстанға да тікелей қатысты. Оған жол бермеу үшін ұйым тұзға қатысты шектеу енгізуді ұсынады. 

ДДСҰ Қазақстанға сүр ет, құрт пен сүзбеден бас тартуды ұсынды

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы дабыл қақты: егер мемлекеттер тиісті шаралар қабылдамаса, бұл әрекетсіздік миллиондаған жанның түбіне жетуі мүмкін. 

ДДСҰ есебінде айтылғандай, адамдардың натрий тұтынуын шектеу 2030 жылға қарай бүкіл әлемде кем дегенде 7 миллион өмірді құтқарып қалуға мүмкіндік береді.

Маңызды қоректендіруші зат саналатын натрийдің негізгі көзі – ас тұзы (натрий хлорид) болып табылады. Ол сондай-ақ тамаққа натрий глутаматы сияқты дәмдеуіштер арқылы түседі. Натрийді шектен тыс тұтыну жүрек-қан тамырлары ауруларының, инсульттың және мерзімінен бұрынғы ажалдың қаупін арттырады.

Тұзды көп жеу адамның қан қысымын да арттырады екен.

Ұйым есебінде айтылғанда, ДДСҰ-ға мүше елдердің тек 5%-ы ғана натрий құрамын қысқарту бойынша міндетті, кешенді саясатты ұстанады. Ол қатарға Қазақстан кірмейді. Республика мұндай саясатқа мүлдем мән бермейтін елдердің 73%-ының қатарында.

Сондықтан жаһандық ұйым егер үкіметтер тұзды қолдануға қатысты анағұрлым қатал шектеулер қабылдамаса, онда ағымдағы онжылдықтың соңына дейін тұзды шамадан тыс пайдалану кесірінен туындайтын аурулардан жеті миллиондай адам өлуі мүмкін деп ескертті.

Қауіптісі сол, адамдар өзінің күніне қанша тұз жегенін білмейді. Өйткені тұз судан бастап, әрбір азық-түлікте, деликатестерде де бар. Бір сорақы жайт: өз өнімі дәмді көрінуі үшін өнім өндірушілер оны көбірек тұздайды.

Бұған қазақтардың ащылауға, яғни аяусыз тұздалатын сүрі етке, құртқа, сүзбеге, қақталған, кептірілген балыққа құмарлығын қосыңыз. Дүниежүзілік ұйым Қазақстанға осының бәрін шектеуге рекомендация берді. Тағы бір шара мысалы, тауар өндірушілердің өз өніміне тұз қосуын азайтуға мәжбүрлеу болмақ.

"ДДСҰ үкіметтерді тамақ өнімдеріндегі натрий құрамының қатаң нормаларын енгізуге ұсыным берді. Бұған қоса, әрбір азық-түлік тауарының құрамындағы тұздың көлемін азайту, тұздың мөлшерін қаптамада ірі әріптермен көрсету, жазу қажет болады. Сонымен қатар жұртшылыққа ас тұзын үлкен көлемде тұтынудың қаупі барын жан-жақты түсіндіру жұмыстары қолға алынғаны жөн", – деп жазады The Washington Post.

"Натрийді шектен тыс тұтыну – денсаулыққа зиянды тамақты тұтынудың басты факторы саналады. Бұл жылына кемінде 1,8 миллион адамның көз жұмуына соқтырады. Бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының туындауына себепкер болады, ал жыл сайын тек осы аурулардан ғана әлемде 17,9 миллион адам өмірден өтеді. Басы артық тұз инсультқа соқтыруы ықтимал, одан дүниежүзінде 5 миллион адам өледі. Басқа да салмақты ауруларға ықпал етеді", – деп мәлімдеді ДДСҰ Денсаулыққа арналған тамақ және даму департаментінің директоры, доктор Франческо Бранка.

Сондықтан жаһандық ұйым сарапшыларының байламынша, егер әр мемлекет тұзға қатысты міндетті әрі қатаң шектеулер енгізсе, онда миллиондардың өмірін сақтап қала алады. Бранканың пікірінше, тұзға қатысты шектеулер экономикаларға үлкен соққы болмайды, оның есесіне бұл халықты қорғауға арналған тиімділігі жоғары шара болмақ. 

Төрткүл дүниедегі адамдардың көпшілігі күніне шамамен 10,8 грамм тұзды тұтынады. Бұл ДДСҰ ұсынған межеден екі есе көп.

Мамандар адамдарға күніне бір шай қасықтан артық тұз тұтынбауға кеңес береді. Бірақ әлгінде айтылғандай, тұз ыстық астан басқа да азық-түлікте бар. АҚШ Тамақ өнімдері мен медикаменттердің сапасын санитарлық қадағалау басқармасы анықтағандай, тұздың 70% адамдардың рационына асүйдегі тұз қорабынан емес, дүкеннен сатып алынған тауарлар арқылы түседі.

Сонымен бірге ДДСҰ тұздан толық бас тартуға да болмайтынын ескертті: ол ағза үшін қоректендіруші зат болып есептеледі, мысалы тұз құрамының 40 пайызын құрайтын натрий қан тамырларын нығайтады. Натрий болмаса, адамның жүрегі тоқтап қалуы мүмкін.

Демек, бұл жерде әңгіме тек оны тұтынуды шектен асырмау туралы ғана болып отыр.

Америкалық кардиология қауымдастығы, АҚШ Ұлттық ғылым академиясы да бұл есепті қолдап шықты, олар да натрийді тұтыну көлемін күрт азайтуды ұсынды. Олардың сендіруінше, бұл ұстаным ондаған жылдарға созылған ғылыми зерттеулердің қорытындыларына негізделген.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы 2025 жылға дейін жаһандық тұз тұтынысын 2013 жылға қарағанда, 30 пайызға азайту міндетін белгіледі. Бұл мақсатты кезінде 194 мүше мемлекет, соның ішінде Қазақстан да қолдапты. Бірақ басым көпшілігі содан бері аталған мақсатқа жету үшін пәрменді шаралар қабылдамады. Бұл туралы да ДДСҰ есебінде айтылған. Уақыт болса, шамалы қалды. 

Жаһандық ұйым мақсаттың межесін 2030 жылға дейін ұзартуды ойластыруда. Бірақ өзіне кіретін мемлекеттерден ісшаралар жоспарын бекітуді табанды талап етуге ниетті.

Мысалы, АҚШ Тамақ өнімдері мен медикаменттердің сапасын санитарлық қадағалау басқармасы (U.S. Food and Drug Administration) азық-түлік қаптамасындағы таңбалау қағидаларын өзгертуді жоспарлап отырғанын жариялады. Мысалы, шектен тыс тұздалған өнімдер "денсаулыққа пайдалы емес өнім" деп таңбалануы ықтимал. Бұған General Mills, Pepsi және басқа да ірі 1700 бренд кіретін Consumer Brands Association қауымдастығы қарсы шығып жатыр.

ДДСҰ түсіндіруінше, жылдар өткен сайын адамдардың дәм сезу рецепторларының сезімталдылығы төмендеді. Осыған орай тамақ өнімін өндірушілер өз тауарларына қосылатын дәмдеуіштерді, әсіресе тұздың көлемін барған сайын арттыруда. Сөйтіп, миллиондарды шын мәнінде, өлімге айдап жатыр.

Экономист Марат Ерғозин мұндай шектеу Қазақстан экономикасына зиян келтірмейді деп болжады.

"Қазақстанда тұз Атырау облысында да алынады. Бірақ негізгі өндірушісі – "Аралтұз" АҚ. Ол Арал ауданының қала құраушы кәсіпорны, 1,5 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтыды. Әрі өңірдегі елдімекендерді газдандыру сияқты жобаларды қаржыландырып, әлеуметтік жауапкершілік танытып отыр. Егер Үкімет тамақтағы тұз көлеміне қатысты шектеу қойса, бұл кәсіпорын дағдармайды. Өйткені өнімін шетелге де экспорттайды. Оның үстіне тұзды ауыл шаруашылығы, тамақ және басқа өнеркәсіптер де тұтынады ғой. Ал өнімдердегі тұз көлемін заңнамалық актілер деңгейінде шектеген жөн. Мемлекеттен нақты талап болмаса, бизнес тамақтағы тұз көлемін тек арттыра бермек. Себебі, бір өндіруші имандылық танытып, кесір құбылыстан бас тартса, оны басқа бәсекелесі орап кетеді. Жұртқа соның өнімі дәмдірек көрінеді", – деді М.Ерғозин.

Айтпақшы, тұзды көп тұтыну адамға зиян екені "Аралтұздың" ресми сайтында да жазылыпты.

"Натрийді жеткілікті мөлшерде ала алмау қиын: ол көптеген өнімде, етте, кез келген көкөністерде бар. Ол тек қана таза өсімдік майында немесе қантта жоқ. Қазіргі заманда тіпті тамақты әдейі тұздамасақ та, адам натрийдің тәуліктік мөлшерін еркін алады. Ал натрийді мөлшерден тыс пайдалану тез білінеді, бүйрек жеткіліксіздігіне соқтыруы мүмкін. Мысалы, егер бірден 6–7 ас қасық тұзды жеп қою тез өлімге әкеліп соқтыра алады. Осы тұрғыдан алғанда тұзды ақ у деп атауға да болады", – делінген кәсіпорын материалында.

Доктор Франческо Бранка адамдарға тұзды мүмкіндігінше аз тұтынуды ұсынады, соның арқасында адамдардың дәм сезу рецепторлары "басқа да дәмдерді жақсырақ сезе бастайтын" көрінеді.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу