"Дена Рахсаз" "ҚазАвтоЖол" АҚ-ны ұятқа қалдырды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2575

Астана-Павлодар автожолының құрылысына қатысты байқау қайта жарияланады.

"Дена Рахсаз" "ҚазАвтоЖол" АҚ-ны ұятқа қалдырды

Астана-Павлодар автожолын қайта қалпына келтіру жұмысы 2016 жылдың соңында аяқталуға тиіс еді. Тас жол төрт жолақты болғандықтан, жол ақылы болады деп жоспарланған. Алайда үш учаскедегі проблеманың салдарынан жоспар ойдағыдай орындалмай отыр. Бұл жолды 2014 жылы тендерді ұтып алған ирандық "Дена Рахсаз"  компаниясы сала бастаған еді. Алайда ол өзіне жүктелген міндетті орындауда қиындыққа тап болды. Келісімшартты теңгемен жасаған ирандық компания Қазақстандағы теңгенің құнсыздануынан зардап шеккен.

"Дена Рахсаз" жұмыс істеген алғашқы учаскеде қазір байқау рәсімі жүріп жатыр. Өкінішке қарай, бірінші байқау болмай қалды. Тағы да байқау жарияладық, ол шамамен шілде айында өтуі керек. Ал "Дена Рахсаздың" қалған екі лоты бойынша 2014 жылғы байқаудың екі жеңімпазын шақырдық. Бұл "Автожолсервис" және "К-Жолқұрылыс" компаниялары. Олар бұл жұмысты бұрынғы бағамен бітіріп беруге келісіп отыр, тіпті жазбаша келісім де берді. Қазір келісімшартты талқылау мен қол қоюға дайындау рәсімдері жүріп жатыр", – деді "ҚазАвтоЖол" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов inbusiness.kz-ке.

Сонымен бірге ол бұрын "Дена Рахсаз" жұмыс істеген ұзындығы 24 шақырым болатын бірінші учаске бойынша жасалған келісімшарт "бір көзден алу" қағидасы негізінде жасалғанын айтты. Бұл участкі автожол компанияларының арасында байқауға шығарылмақшы.

"Автожолсервис" компаниясы ұзындығы 45 шақырымды құрайтын учаскедегі, ал "К-Жолқұрылыс"  ұзындығы 46 шақырым болатын учаскедегі құрылыс жұмысын аяқтауға мүмкіндік алған.  

"Бұл учаске Орталық-Шығыс дәлізіне кіреді. Астана-Павлодар оның ішінде Қалқаман – Екібастұз учаскесінде қиындық бар екені рас. Ол жерде ирандық "Дена Рахсаз" компаниясы мердігер болған. Былтырғы жылдың соңында компания мүлдем жұмыс істемей қойды. Банкпен, министрлікпен, мемлекеттік органдармен бірлесіп, қолдан келген шараны жасап, компанияның жөндеу жұмыстарын жылдың соңына дейін бітіруіне бар күш салдық. Өкінішке қарай, компания экономикалық жағдайды көтере алмады. Қазіргі таңда бұл компаниямен "қоштасып", келісімшартты бұздық. Бүгінде мердігерді алмастыру жұмысы жүріп жатыр", – деді журналистерге Ермек Қизатов.

"Заңға және "Самұрық-Қазына" ҰӘҚ ережесіне сәйкес, біз бұрын тендерге қатысқан екі қатысушы "Автожолсервис" және "К-Жолқұрылыс" компанияларын жұмысты 2014 жылы ұсынылған баға бойынша жалғастыруға шақырдық. Бұл компаниялар жазбаша келісім берді, қазір келісімшарт жасалып жатыр. Рәсім өте күрделі, жұмыс көлемі есептеліп жатыр. Аптаның соңына дейін барлық жұмыс аяқталып, компаниялар 1 шілдеден бастап жұмысқа кіріседі деп ойлаймын. Биылғы жылы Қалқаман-Екібастұз учаскесінде бір жолақ бойынша жүретін жаңа жолды ашуды жоспарлап отырмыз. Келесі жылы бұл жұмысты толығымен аяқтаймыз", – деді ол.

Бұған дейін "ҚазАвтожол" ҰК"АҚ жақын арада  Астана-Павлодар автожолының үш учаскесіінде құрылыс жұмысын жүргізген ирандық "Дена Рахсаз" компаниясының орнына басқа компанияны алатыны туралы айтылған еді.

"Шамамен 400 шақырым болатын Астана-Павлодар автожолының үш учаскесінде "Дена Рахсаз" компаниясы құрылыс жұмысын жүргізген болатын. Өкінішке қарай, шетелдік компания бюджеттік нысандардағы жұмыстың жартысын теңгемен, жартысын доллармен жасауға уағдаласқан. Дағдарыс кезінде компанияның қаржылық жағдайы қиындап кетті де, бұл компаниямен жұмыс істеу соңғы жылдары қиындады. Ақыр соңында келісімшартты бұзуға тура келді", – деді инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек 12 маусым күні болған есептік кездесу барысында.

Сол кезде ирандық компанияның орнына осы тендерден екінші және үшінші орын алған компаниялар келе алатыны немесе "ҚазАвтоЖолға" жаңа тендер өткізу керектігі айтылған болатын.

"Бір ай ішінде бұл учаскелерде жұмыс істейтін мердігерлер анықталады. Осыдан екі-үш жыл бұрын тендерде екінші, үшінші орын алған компаниялар мердігер болуы мүмкін. Мүмкін жаңа байқау өткізілер. Қалай болғанда да бұл учаскелердегі жөндеу жұмыстары 2018 жылы толық аяқталып бітуі керек. Ал Астана-Павлодар автожолындағы қалған учаскелердегі жөндеу жұмысы осы жылы аяқталады", – деді министр.

Министр ирандық өкілетті органдар "Дена Рахсаз" компаниясына қатысты шешімді қайта қарауға өтініш жасағанын айтты.

"Бірақ бұл компаниямен жұмыс істеудің болашағы бар деп ойламаймыз. Бұл компания "ҚазАвтоЖол" АҚ-ны ұятқа қалдырды. Онымен одан әрі қарай жұмыс істеуден бас тартамыз", – деді ол.

Жеңіс Қасымбек inbusiness.kz-ке "ҚазАвтоЖол" Астана-Павлодар тас жолын қайта қалыпқа келтіру мәселесі бойынша жұмыс істеп жатқанын айтты.

"Олар осы жылы бұл учаскелерде үлкен көлемді жұмыс атқаруды жоспарлап отыр. Келесі жылы үш учаскені аяқтайды. Бұл Павлодар жаққа бара жатқандағы үш учаске. Шетелдік компания келісімшартты теңгемен жасап, "қиындыққа тап болды", – деді ол.

Гүлназ Ермағанбетова, Жанболат Мамышев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу