Дені сау бала туудың қандай жолдары бар?

8742

Жүктілік жайлы Нұр-Сұлтан қаласындағы №3 емхананың акушер-гинекологы Данагүл Қарабаевамен сұхбаттасқан едік. 

Дені сау бала туудың қандай жолдары бар?

Жүктілікті жоспарлау керек

– Данагүл Аллабергенқызы, баланың денсаулығы ана құрсағына біткеннен басталады. Дені сау әйел ғана дүниеге он екі мүшесі түгел бала әкелетіні де баршаға мәлім. Жүктілікті әйелдер қалай өткеруі керек?

– Алдымен жүктілік алдындағы дайындыққа тоқталғым келеді. Болашақ ата-анаға берер ең бірінші және ең негізгі кеңесім – дүниеге бала әкелуді жоспарлау керек. Әр емханада жүктілікті жоспарлайтын кабинеттер бар. Онда акушер-гинеколог, терапевт мамандары отырады. Сол кабинетке келіп, білікті мамандардан ақыл-кеңес алған дұрыс. Мұнда өз анамнездерімен танысып болғаннан кейін, жалпы қан, зәр анализдері, ультрадыбыстық зерттеулер жүргізіледі. Қажет болған жағдайда жыныстық қатынаспен берілетін жұқпалы ауруларға қарсы тексерістен өтеді. Егер тұқым қуалайтын немесе отбасында қандай да бір хромосомды аурулармен ауыратын балалары болса, онда медико-генетикалық кеңеске жіберіледі.

Осындай бірнеше тексерулерден өткеннен кейін жүктілікке ешқандай қарсы көрсеткіш болмаса, жұпқа жүктілікті жоспарлай беруге болады деп рұқсат беріледі. Болашақ ана міндетті түрде өз денсаулығын жүктіліктен 6 ай бұрын қадағалап, емделуі керек. Дәрумендер мен микроэлементтердің жетіспеушілігін толтыру керек. Тіпті осының барлығы орындалған жағдайда білгілі мерзім бойы фолий қышқылын қабылдау керек. Ол – ұрықтың туа бітті кемістіктерінің алдын-алудың бірден-бір жолы.

Ерлі-зайыптылар өмірге қанша бала әкелетіні, оны қай кезде әкелетініне дейін ойлануы шарт. Кейде ауырамыз, материалдық жағдайымыз төмен болады немесе басқа проблемалар бар дегендей. Оның барлығы болашақ балаға әсер етуі мүмкін.

Жүктілікті жоспарлағанға дейін вирустарға анализдер тапсыру керек. Осы сараптамалардан жүктілікке дейін өткен дұрыс. Егер анықталып жатса, оны емдеу үшін антибиотиктер қолдану керек. Ал жүктілік кезінде антибиотик қолдануға болмайды. Сондықтан бұл инфекциялар жүкті әйелден анықталса, толық емдеуге мүмкіндік болмайды. Салдарынан бала дүниеге келгенде бойынан кемістік табылуы мүмкін.

– Қай кезде жүктілік бойынша емханаға келіп тіркеуге тұру керек?

– Негізі біз жүктілікті ерте кезеңнен бастап есепке ала береміз. Өз критерийлері бар. Егер жүкті әйел 8-10 аптада келіп тіркелуге тұрса, тіпті жақсы. Себебі көп әйел өзінің жүкті екенін білген соң ғана емханаға тіркеуге тұрады. Осы уақытта бұл әйелдің экстрагенетальды аурулары, патологиясы болуы мүмкін. Сол себепті біз оларды салалық мамандарға қаратып, консилум құрамыз. Егер жүктілік әйелдің өміріне қауіп төндірсе, жүктілікті үзуге кеңес береміз. Қысқасы, әйел емханаға қаншалықты ерте келсе, соншалықты мүмкіндігі де зор болмақ. Жалпы әйелдің келісімімен 12 аптаға дейін жүктілікті үзуге болады.

Әйел тіркелуге ерте келгенде пренеталды скрининг деген бар. Аталған скринингтің елімізде жасалып келе жатқанына 15 жылдай болды. Алдымен ультрадыбыстық скрининг 11 апта мен 13 апта аралығында жүреді. Бұл зерттеу балада қандай да бір хромосомалық ақаулардың, туа бітті кемістіктердің бар-жоғын ерте анықтауға мүмкіндік береді. Скринингтен кейін жүкті әйел қан тапсырады. Мұны биохимиялық скрининг деп атаймыз. Сол себепті жүкті әйелдер ертерек қамдануы керек. Мұның бәрі жүктіліктің жақсы өтуіне, дені сау баланы дүниеге әкелуге жол ашады.

Кейбір жағдайда әйелдер жүктілігінің 5-6 аптасында дәрігер қабылдауына келіп жатады. Біз оларды да тіркеуге аламыз.

МӘМС жүйесінде жоқ әйелдер

– Жүкті әйел медициналық сақтандыру жүйесінде сақтандырылған болуы шарт па?

– Шарт емес. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының 15 жеңілдікті санаты бар. Соның қатарында "Жұмыссыз жүкті әйелдер" деген санат бар. Егер жүкті әйелдің сақтандыру мәртебесі болмаған жағдайда, қабылдап анықтама береміз. Ол сол жерде кабинетте отырып, "Qoldau24\7" қосымшасы арқылы өтініш бере алады. Ізінше гинеколог оны жүкті әйелдердің регистрі деген жүйеге енгізеді. 1-2 жұмыс күн ішінде әйелге "сақтандырылды" деген мәртебе беріледі. Атап өтерлігі, пациент "сақтандырылмаған" болса да, дәрігер қабылдауы керек. Кейбір әйелдер білместіктің салдарынан, "сақтандыру мәртебем жоқ, мені қабылдамайтын шығар" деп жүктілігінің соңғы апталарына дейін келмей жүріп қалады. Бұл дұрыс емес.

– Олар кез келген емханаға тіркеле ала ма?

– Бізде территориялдық принцип деген бар. Бұл жүкті әйелдерге қолайлы болуы үшін жасалған. Тұрғылықты жері бойынша емхананы таңдаса, ол өзіне жеңіл. Себебі жүкті әйелдер көптеген анализ тапсырады. Яғни уақытын үнемдейді. Екіншіден, жүктілік мерзімі ұлғайған сайын жүріп-тұру да қиындайды. Сол тұрғыдан алғанда үйге жақын емханаға тіркелудің пайдасы бар. Айталық, қызу көтеріліп немесе қандай да бір жағдай болса учаскелік дәрігерді үйге шақыруға мүмкіндік бар. Сонымен бірге патронаж жұмыстары бар. Ол да тұрғылықты жері бойынша жүргізіледі.

– Жүкті әйелдер қажетті медициналық көмек үшін ақы төлей ме?  

– Жүкті әйелдер тіркеуге тұрғаннан бастап медициналық қызметтің барлық түрі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында жүзеге асады. Яғни,  жұмыс істейтіндер жарна төлеп "сақтандырылған болса, жұмыс істемейтін жүкті әйелдер жеңілдік санатына кіру үшін тіркелген емханада жүктілігі бойынша уақтылы есепке тұруы тиіс. Соңғы 2 айда ол үшін зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдардың болмауы шарт. Оларға шамамен 2-3 күнде "сақтандырылған" мәртебесі беріліп, МӘМС пакетіне кіретін барлық медициналық қызмет түрлері қолжетімді болады. Айта кету керек, жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген және өз қызметін тоқтатпаған әйелдер, сондай-ақ бірыңғай жиынтық төлем төлейтін әйелдер жұмыс істейтін болып саналады және жеңілдік санатына енгізілмейді.

Ал жүктілік кезінде қандай да бір патология болып, салалық мамандардың көмегі қажет болған жағдайда, емханада қажетті маман болмаса, терапевт басқа көп бейінді орталықтарға жолдамамен жібереді. Әр емхана қандай да бір мамандар болмаса, басқа емханалармен, ғылыми орталықтармен келісімшарт жасасады.

Триместрлерге мән берген дұрыс

–  Жүктілік триместрлерге бөлінетінін білеміз. Бұл ана мен бала үшін қаншалықты маңызды?

–  Жүктілік 3 триместрге бөлінеді. Бірінші триместр дегеніміз – жүктілік пайда болғаннан бастап 13 аптаға дейінгі кезең. Екінші триместр – 14 аптадан 27 аптаға дейінгі кезең. 28 аптадан баланы босанғанға дейін аралық жүктіліктің үшінші триместрі болып саналады. Жүкті әйел үшін үшеуі де маңызды. Десе де, ең маңыздысы бірінші триместр дер едім. Себебі аталған кезеңде болашақ сәбидің барлық органдары, яғни эмбригенез процесі жүреді. Мысалы, жүрек-қан тамырлары мен орталық жүйке жүйесінің қалыптасуы алғашқы триместрде болады. Осы кезде жүкті әйел салауатты өмір салтын ұстанғаны абзал. Дұрыс тамақтанып, өзін ауыр жүктемелерден аулақ ұстауы тиіс. Егер оның зиянды әдеттері болса, аулақ болған жөн.

– Қатты ауырып тұрған жүкті әйел емханадағы дәрігер қабылдауына сол күні жазыла алмауы мүмкін. Мұндай жағдайда не істеу керек?

– Онда емханаға емес, 103 нөміріне хабарласып, жедел жәрдем көмегіне жүгінген жөн. Жедел жәрдем міндетті түрде келіп, көмек көрсетеді. Егер қандай да бір ауыр көрсеткіш байқалмаса, үй жағдайында қалдырады да міндетті түрде тұрғылықты жері бойынша емханаға ақпарат жолдайды. Оны актив деп атайды. Хабарламаны алған учаскелік дәрігер мекенжайға өзі барады. Егер жоспарлы көмек көрсету керек болса, алдын ала жазылу керек. Шұғыл көмек керек болған жағдайда, жазылмай-ақ келе беруге болады. Шұғыл келген жағдайда дәрігер адамды міндетті түрде қабылдауы керек.

– Жасанды жолмен бала көтерген әйелдердің тексерілуінде, анализдер тапсыруында айырмашылық бар ма?

– Айтарлықтай айырмашылық жоқ. Егер емханаға ЭКО әдісімен жүкті болған әйел келсе, бізде екінші бақылау кезеңі деген бар. Жоғары деңгейдегі бақылау кабинеттеріне жолдама береміз. Бұрын перинаталдық орталық десек, қазір көп бейінді ауруханалар дейміз. Сонда осындай жолмен жүкті болған әйелдерді қарап, жүктілігін жүргізетін арнайы мамандандырылған акушер-гинекологтар отыратын бөлімше бар. Егер қандай да бір ауытқулар мен шағымдар болмаса, физиологиялық жағдайда жүкті болған жандарды тексеруден айырмашылық жоқ.

Фолий қышқылы мүгедектіктің алдын алады

– Патологиясы бар, шағымы көп жүкті әйелдерге ем қалай жүргізіледі?

– Орынды сұрақ. Біз патологияны шартты түрде екіге бөліп қарастырамыз. Біріншісі – жүкті әйелдің өміріне қауіп төндіретін ауытқулар. Екіншісі – жүктілікке кері әсерін тигізбейтіндер. Бірақ ол экстрагенитальды патология болуы мүмкін. Денсаулық сақтау министрінің арнайы бұйрығы бар. Онда қандай әйелдерге жүктілік қарсы көрсеткіш болып есептелетіні жазылған. Мысалы, АИТВ, сифилистің, туберкулездің белсенді формалары, сондай-ақ жүкті әйел алғашқы триместрде қызылша, ветрянка болып ауырса және жүйке жүйесінің қандай да бір аурулары болса, артериялық гипертензияның үшінші-төртінші стадиясы, қант диабетінің декомпенсациясы кезеңі. Сондай-ақ әйелдердің бір бүйрегі ғана болуы мүмкін. Ол қабынған кезде  жүктілікке рұқсат етілмейді. Тізімді осылай жалғастыра беруге болады. Егер жүктілік медициналық көрсеткіш бойынша денсаулыққа қауіпті болса, жолдасына немесе ата-анасына ескертіліп айтылады. Ортақ келісіммен жүктілікті үзуге жібереміз. Ал экстрагенитальды патологияда белгілі бір салалық дәрігердің қабылдауына жіберіліп, дәрілер тағайындалады. Жүктілік бойы сол маманның бақылауында болады.

– Жоғарыда фолий қышқылы туралы айттыңыз. Ол не үшін керек?

Негізі әйелдер жүктілікті жоспарламас бұрын немесе жүктіліктің алғашқы триместрінде міндетті түрде фолий қышқылын 4 мг қабылдау керек. Біздің ағзамыз биохимиялық реакцияларға толы. Ұрықтың даму жүйке жүйесінің түтікшесі деген болады. Ол өсе келе баланың миы мен омыртқа жұлынына айналады. Фолий қышқылының жетіспеушілігінен аталған ұрық түтікшесінің дефектісі туындауы немесе жүктілік ары қарай дамымауы мүмкін.  Дамығанның өзінде бұл баланың миында ақаулар болады. Сондықтан жүктілікті жоспарлаған жұп 3 ай бұрын, тек қана әйел емес, жолдасы да күн сайын қабылдауы керек. Ал жоспарламай, жүкті болған әйелдің 12 аптаға дейін ішуге уақыты бар.

Сондай-ақ елімізде көп тараған патологиялардың бірі – темір жетіспеушілігі анемиясы. Жүктілікті жоспарлаған кезде бұл препаратты профилактикалық доза ретінде, яғни күн сайын 60 мг қабылдау керек. Ал тіркеуге қойылып, анализ тапсырған кезде анемия байқалса міндетті түрде 120 мг препаратын қабылдау керек. Себебі салмағы аз болып туатын балалардың басым бөлігі темір жетіспеушілігі анемиясымен дүниеге келеді. Сонымен қатар босанғаннан кейін көп қан кету, сепсис қаупі бар. Бір қарағанда көпшілік үшін темір жетіспеушілігі анемиясы жай нәрсе болып көрінеді. Ал оның салдары өкінішке қарай, орны толмас қайғыға алып келуі мүмкін.

–  Тұшымды сұхбатыңыз үшін мың алғыс!

Ғалия Әділ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу