Денис Евсеев ITF M25 Nur-Sultan турнирінің жартылай финалына шықты

1988

Жарыстың жүлде қоры 25 мың АҚШ долларын құрайды.

Денис Евсеев ITF M25 Nur-Sultan турнирінің жартылай финалына шықты

Елордада әйелдер арасындағы ITF "Forte 60 Women's" турнирімен қатар, "Дәулет" теннис орталығында ерлер  арасында ITF World Tennis Tour турнирі өтуде.

Жарыста екінші нөмірмен өнер көрсетіп жатқан Денис Евсеев ¼ финалда Беларусь өкілі Иван Лутаревичті 6:2, 6:2 есебімен сенімді түрде жеңді. Жартылай финалда Денис чехиялық Давид Полякқа қарсы ойнайды.

Ал Бейбіт Жұқаев ширек финалда әлемдік рейтингте 273-орында тұрған ресейлік Евгений Карловскийден жеңіліп қалды. Бірінші кезеңде ақтаулық жігітке сетті өз пайдасына аяқтау үшін бір брейк қажет болды – 6:3. Екінші ойынның басында қарсыластар брейкпен алмасты. Ойын тай-брейкке жалғасатындай болғанымен, 12-ші геймде Евгений қарсыласынан айласын асырып, сетті 7:5 есебімен аяқтады. Үшінші шешуші кезеңде де  Карловский жеңіске жетті – 6:3.

Сонымен қатар Жібек Құламбаева жұптық сында Ұлттық теннис орталығында өтіп жатқан Forte 60 Womens ITF турнирінің жартылай финалына шыға алмады. Қазақстандық теннисші Польша өкілі Мартина Кубкамен бірге ширек финалда өзбекстандықтар Нигина Абдураимова – Ақгүл Аманмұрадовамен шеберлік байқасты. Тартысты бәсекеде өзбекстандық жұп 7:6 (9:7), 7:6 (7:5) есебімен жеңіске жетті. Осылайша өз елімізде өтіп жатқан жарыста Қазақстаннан ешкім қалмады. Ертең жекелей сында ширек финалда Ева Лис (Германия) – Анастасия Захарова (Ресей), Грета Миннен (Белгия) – Валерия Савиных (Ресей), Куруми Нара (Жапония) – Анжелика Исаева (Ресей), Ясалин Бонавентура (Бельгия) – Алена Большова (Испания) кортқа шығады. Жұптық сында Н.Абдураимова – А.Аманмұрадова чехиялық Анна Сискова – ресейлік Мария Тимофеева, Я.Бонавентура – украиналық Валерия Страхова ресейлік Екатерина Макарова – чехиялық Линда Носкова жұбымен финалға берілетін жолдаманы сарапқа салады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу