Шорт-тректен Нидерландының Дордрехт қаласында өтіп жатқан әлемдік турдың төртінші кезеңінде Қазақстан құрамасының намысын 11 спортшы қорғауда. Олар – Денис Никиша, Абзал Әжғалиев, Әділ Ғалиахметов, Глеб Ивченко, Мерсаид Жақсыбаев, Нұртілек Қажғали, Яна Хан, Ольга Тихонова, Алина Әжғалиева, Зейнеп Құмарқан және Малика Ермек.
Турнирде Денис Никиша 500 метр қашықтықта өткен сайыста 41.004 секунд нәтижемен ширек финалға өтті.
Естеріңізге сала кетейік, Денис 2024 жылы Нидерландыда шорт-тректен өткен әлем чемпионатында дәл осы қашықтықта 41.676 секунд көрсеткішімен тарихи күміс медальға қол жеткізген болатын.
500 метрлік сайыста Абзал Әжғалиев (41.270) пен Мерсаид Жақсыбаев (41.159) қосымша жарыста ширек финал жолдамасын сарапқа салады.
1500 метрде Нұртілек Қажғали мен Әділ Ғалиахметов ширек финалда сүрінсе де, жартылай финалға шығу мүмкіндігі сақталып отыр.
Ал әйелдер арасында 1000 м, 3000 м және 2000 м аралас эстафетада спортшыларымыз келесі кезеңге өте алмады.
Айта кетейік, әлемдік турдың алғашқы төрт кезеңі іріктеу ретінде өткізіледі. Сол кезеңдердің қорытындысына сәйкес 2026 жылғы XXV қысқы Олимпиадаға жолдама үлестіріледі.