2–4 қазан күндері Алматыда мәнерлеп сырғанаудан Денис Тенді еске алу турнирі өтті. Challenger сериясына кіретін бұл жарыс Олимпиада ойындарының-2014 қола жүлдегері, әлем чемпионаттарының жүлдегері Денис Теннің рухына бағышталды.
Жарыстың басты қаһарманы – қазақстандық Михаил Шайдоров. 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері жаңа маусымды сенімді бастады. Қысқа бағдарламада ол төртік лутц – үштік тулуп каскадын орындап, көрерменді тәнті етті. Еркін бағдарламада Шайдоров өзіне тән күрделі элементтерін – үштік аксель, төрттік сальхов, төрттік лутц пен флипті көрсетті. Бірқатар қателіктерге қарамастан, оның техникасы мен бағдарламаның мазмұны жоғары бағаланды. Бұл нәтижемен ол Олимпиада медалі үшін басты үміткерлер қатарынан ойып орын алды.
Екінші орынды грузин спортшысы Ника Эгадзе иеленді. Ол еркін бағдарламада үш төрттік секіру орындап, 266,90 ұпай жинады. Үшінші орын АҚШ спортшысы Джейсон Браунға бұйырды. Ол төрттік секіру жасамағанымен, жоғары компоненттік бағаларының арқасында үздік үштіктен көрінді.
Әйелдер арасындағы жарыста жеңіс оңтүстіккореялық Ли Хэ Иннің еншісіне тиді. Әлем чемпионатының күміс жүлдегері бұл жолы да шеберлігін танытты. Дегенмен кейбір секірулерде қателіктер жіберді. Оның отандасы Юн А Сон күміс жүлде иеленсе, қола медальға канадалық Мадлен Скизас қол жеткізді.
Мұздағы билерде грузин жұбы Диана Дэвис – Глеб Смолкин ешкімге дес бермеді. Олар қарсыластарынан 14 ұпайға озып, жарыс жеңімпаздары атанды. АҚШ-тық Уна және Гэйдж Браун күміс жүлдегер болса, Швеция өкілдері Милла Рууд Рейтан – Николай Майоров үздік үштікті түйіндеді.
Нәтижелер:
Ерлер: Еркін және қысқа бағдарламаларды қоса алғанда
1. Михаил Шайдоров (Қазақстан) – 282,22
2. Ника Эгадзе (Грузия) – 266,90
3. Джейсон Браун (АҚШ) – 257,81
Әйелдер: Еркін және қысқа бағдарламаларды қоса алғанда
1. Ли Хэ Ин (Корея Республикасы) – 196,84
2. Юн А Сон (Корея Республикасы) – 174,37
3. Мадлен Скизас (Канада) – 164,39
Мұздағы билер: Ырғақты би және еркін би
1. Диана Дэвис – Глеб Смолкин (Грузия) – 193,14
2. Уна Браун – Гэйдж Браун (АҚШ) – 178,86
3. Милла Рууд Рейтан – Николай Майоров (Швеция) – 177,25
Бұл турнир бір жағынан қазақстандық спорт жанкүйерлеріне Денис Теннің жарқын бейнесін еске салса, екінші жағынан жаңа Олимпиада маусымының қандай қызыққа толы болатынын көрсетті.