Денсаулығына байланысты 14,5 мың бала үйде оқиды

1672

Еліміздің 6 өңірінде бұл оқушылардың саны көп.

Денсаулығына байланысты 14,5 мың бала үйде оқиды Фото: canva.com

Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес, денсаулығына байланысты тиісті құжаты бар балаларды ғана үйден оқыту қарастырылған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ата Заңда ел азаматтарының мемлекеттік оқу орындарында тегін орта білім алуына кепілдік берілетіні жазылған. Жалпы мемлекеттің басым бағыттарының қатарына мектеп жасындағы барлық балаға қолжетімді білім беру жатады. Бұл денсаулығына байланысты үйінде оқитын балаларға да қатысты. Психологиялық-медициналық-педагогикалық консультациялардың мәліметтері бойынша мүмкіндігі шектеулі 14 532 бала үйде оқиды.

Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі inbusiness.kz сайтының ресми сауалына берген жауабында хабарлады.

"Оның ішінде Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында балалар саны ең көп. Үйде 6-10 жас аралығында 5690 бала, 11-15 жаста – 7392 бала, 16-18 жастағы 1450 оқушы білім алады", - делінген ведомствоның мәліметінде.

Бүгінде елімізде барлығы 100 психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру, 211 түзету кабинеттері жұмыс істейді. Ведомствоның хабарлауынша, үйде оқыту – денсаулығына байланысты мектепке бара алмайтын балаларды оқытудың бір түрі.

"Білім беру ұйымы білім алушылардың ата-аналарымен немесе оларды алмастыратын адамдармен бірлесіп, білім алушының жеке мүмкіндіктеріне сәйкес үйде жеке тегін оқытудың үлгілік оқу жоспарының бөлінген сағаттары шегінде пәндер арасында сағаттарды бөледі. Емдеуші дәрігердің келісімі бойынша білім алушылардың мектепте жекелеген сабақтарға қатысуы көзделеді. Үйде жеке тегін оқыту үшін үлгілік оқу жоспарларына сәйкес түзету сабақтары өткізіледі", - деп түсіндірді министрлік.

Оқу-ағарту министрлігі еліміздегі білім беру ұйымдарында тьютор лауазымы қарастырылмағанын жеткізді. Министрліктің 2023 жылғы 21 шілдедегі  №224 бұйрығына сәйкес жалпы білім беретін мектептерде ПМПК ұсынымы бойынша педагог-ассистент лауазымы белгіленеді.

Осы орайда денсаулығына байланысты білім алатын оқушылардың білімі қалай бағаланатынын да білдік.

"Оқушылардың білімін бағалау "Бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білімнің білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарындағы білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылаудың, оларды аралық және қорытынды аттестаттау жүргізудің үлгі қағидалары" бұйрығына сәйкес өткізіледі. Ерекше білім берілуіне қажеттіліктері бар білім алушыларды бағалау кезінде мұғалім сараланған және/немесе жеке тапсырмаларды қолданады, сондай-ақ білім алушының ерекшеліктерін есепке ала отырып, оның ішінде жеке оқу бағдарламаларын іске асыру кезінде бағалау өлшемшарттарына өзгерістер енгізеді", - деп жазылған Оқу-ағарту министрлігінің жауабында.

Денсаулық сақтау министрінің бұйрығымен үйде оқытуды талап ететін аурулардың тізімі айқындалған. Олардың қатарына ісіктер, қан айналым жүйесінің аурулары, психикалық бұзылулар мен мінез-құлықтың бұзылуы, шизофрения, нерв жүйесінің аурулары, эндокриндік жүйе аурулары, ас қорыту ағзаларының, тыныс алу ағзаларының аурулары және т.б. кіреді. Дәрігерлік-консультациялық комиссия баланың бойындағы аурудың аталған тізімде бар-жоғын анықтап, үйде оқытуға жіберу бойынша тиісті шешім шығарады.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, ерекше білім беруге қажеттілігі бар балалар үйде білім алу кезінде психофизикалық мүмкіндіктеріне қарай жалпы білім беретін, қысқартылған немесе арнайы бағдарламалармен оқиды.

Бірінші кезекте баланың көңіл-күйіне мән беремін – мұғалім

Астанадағы № 65 мектептің мұғалімі Маржан Адепбаеваның еңбек өтілі 30 жыл. Ол орыс тілінде білім алатын оқушыларға қазақ тілі мен әдебиеті пәнін оқытады. Ұстаз денсаулығына байланысты үйде оқитын балалармен де жұмыс істейді.

"Бұл оқушылардың психологиялық көңіл-күйі әртүрлі болады. Баламен жұмыс істер алдын оның оқшауланып қалмағанын, басқаларға керек екенін сезіндіруге тырысамын. Бірінші кезекте баланың көңіл-күйіне қараймын. Кейде дайындап келген материалын баланың күйіне сай келмей қалуы мүмкін. Сол кезде аяқ астынан жоспарым да өзгеріп кетуі де мүмкін. Биылғы оқу жылында үйде білім алатын 2 оқушымен жұмыс жүргіземін. Біреуі тоғызыншы сыныпта оқыса, екіншісі бесінші сыныпта. Олардың диагнозы екі түрлі. Біреуінде психологиялық ауытқуы бар болса, екінші баланың жүрегіне ота жасалған. Бесінші сыныпта оқитын балаға денсаулығына байланысты көп уайымға салынуға болмайды", - деді мұғалім.

Ол оқушылардың жаңа ақпаратты қабылдауы әртүрлі екенін баса айтты.

"Мәселен, 9-сыныпта білім алатын оқушы көбінесе жаңа технологияға бейім. Оған ақпаратты ауызша қабылдағаннан гөрі әртүрлі презентацияның көмегімен түсінген ұнайды. Ал 5-сынып оқушысы ауызша жауап бергенді жақсы көреді. Ақпарат қабылдаудағы бұл ерекшеліктерді ескере отырып, оқушыларға мұқият дайындалып барамын. Бірақ екеуіне де бірдей қазіргі заман талабына сай жаңа технология дағдыларын сабақтарда қолданамын", - деп түсіндірді Маржан Адепбаева.

Ұстаз үйде білім берудің дәстүрлі оқытудан негізгі айырмашылықтары барын жасырмады.

"Айырмашылығы – күнделікті жоспарымызды бір балаға бейімдеп жасауымызда. Оны құрғанда бірінші кезекте оқушының диагнозын ұмытпаймыз. Сонымен қатар баланың ізденуіне, берілген тапсырмаларды сәйкестендіру, өзінің ойын жеткізуі, сурет, аудиомәтін, презентация, тыңдау арқылы сауатты жаза білуіне басымдық беріледі", - деді спикер.

Маржан Адепбаеваның сөзінше, бұл оқушылардың ата-анасын балаларының басқалары сияқты мектепте оқыса деген сұрақ алаңдатып жатады.

Денсаулығына байланысты үйде білім алатын оқушылар негізгі пәндерді оқиды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу