Денсаулық сақтау министрлігі қайтыс болғандардың органдарын алуға рұқсат сұрау тәртібін жоюды ұсынып отыр

2803

Бұған келіспейтін адамдар көзі тірісінде қарсылығын тіркетуі керек болады. 

Денсаулық сақтау министрлігі қайтыс болғандардың органдарын алуға рұқсат сұрау тәртібін жоюды ұсынып отыр Фото: ammiac.com

Қолданыстағы Денсаулық сақтау кодексіне өзгерістер мен толықтырулардың үлкен топтамасы әзірленуде. Олардың мәнісін Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің мамандары түсіндірді.

Аталған кодекстің 209-бабының 8-бөліміне сәйкес, қолданыстағы тәжірибе бойынша, жан тапсырған соң өз органдарын соған зәру сырқаттарға таратып беріп, жалған дүниедегі соңғы қайырымдылығын жасағысы келетін донорлар өз келісімін eGov.kz порталындағы арнайы бөлімде тіркетуге тиіс.

Сонымен қатар наным-сеніміне қарай ағзаларын ешкіммен бөліскісі келмей, оның бәрін көрге ала кеткісі келетін қазақстандықтар да алдын ала донор болуға қарсылығын "Электрондық Үкіметтің" веб-порталында тіркетуі шарт.

Нәтижесінде, дәрігерлер дүние салған адамның аты-жөнін осы тізімдерден іздейді. Егер ерікті донорлар тізілімінде болса, онда еш дау тумайды, ағзаларын трансплантаттау рәсімдері жүргізіледі. Егер наразылар тізімінен табылса, оған тиіспейді. Егер екеуінде де жоқ болса, марқұмның жақын-жуықтарымен келіссөздер жүргізіледі.  

Мамандардың айтуынша, бұған тым ұзақ уақыт кетуі мүмкін. Туысқандарын табу, қайғыдан қабырғасы қайысқан адамды шек тартқыза шошытпай, жайымен трансплантацияның маңызын түсіндіріп, көндіру оңай шаруа емес.

Белгілі трансплантолог маман, ғалым, профессор Сергей Готье өмірден өткен адамның ағзалары ұзақ сақтала алмайтынын жеткізді.

"Өлімді констатациялау үшін нұсқау бойынша реаниматолог дәрігер бірқатар нышандар бойынша "мидың біржола семуін" (мидың өлуін) растап, диагноз қоюға тиіс. Дәл осы кезде сырқаттың жүрегі жұмыс істеп жатуы, өкпелері жасанды желдетуде болуы мүмкін. Яғни, тиісті медикаментозды қолдау болса, оның барлық органы ары қарай жұмыс істей береді. Тірі болып көрінеді, бірақ миы біржола семсе, оның адам болып тұруы неғайбыл. Көптеген адам осыдан шошынады: тірі жатқан адамды ағзаларын алу үшін өлтіріп тынды деп сезіктенеді. Бірақ диагноз мығым, нақты болуы үшін констатациядан соң тағы бірнеше сағат, әдетте алты сағат бақылайды. Егер осы кезеңде өлген адам донор ретінде танылса, оның ағзаларын алу операциясы басталады. Егер әлдебір себептермен, донор болуға жарамаса, өкпені жасанды желдету аппараты ағытылады", – деді ғалым.  

Оның түсіндіруінше, әрбір органның консервациялаудан кейінгі жарамдылық мерзімі шектелген. Бүйректерде – 24  сағат, бауырда – 12 сағат, жүректе – әрі кетсе, 6 сағат қана, өкпеде де – 6 сағат.  

Содан болса керек, Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі бұдан былай азаматтардың донорлыққа келісімін сұрамауды ұсынып отыр. Кім үзілді-кесілді қарсы болса, бас тартуын рәсімдесін. Басқаларының бәрі – әлеуетті донор саналмақ. ДСМ-ның бұл ұсынысын Үкімет пен Парламент құптаса, онда қолданыстағы кодекстің 209-бабының 8-бөлімінен "келісімі" деген бір ғана сөз алып тасталады.

"Ағзалардың, ағза бөлігінің, тіндердің, тін бөлігінің қайтыс болғаннан кейінгі донорлығына құқығын білдірген азаматтардың Тіркелімінде Қазақстан азаматының қайтыс болғаннан кейін оның ағзаларын (ағзасының бөлігін), тіндерін (тінінің бөлігін) трансплантаттау мақсатында алудан бас тартуы туралы ерік білдіруін тіркеу медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тікелей жүгінген кезде немесе "Электрондық Үкіметтің" веб-порталында жүргізілуі мүмкін", – делінген жаңа нұсқасында.

ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті мамандарының байламынша, бұл өзгеріс "келісім презумпциясы" ұғымын енгізетін болады. Тұрмыстық деңгейде мұны "үнсіз қалғаны – келіскені" деп атайды. Егер адам көзі тірісінде ағзаларын бермеуге тырысып, аталған Тіркелімде еш ақысыз, тегін тіркеліп, бас тарту өтінішін бермеген екен, онда ол қарсылық танытпаған деп есептеледі. Оның ағзалары үшін өзге адамдардың келісімі талап етілмейтін болады.

"Біз бұған еріккеннен барып отырған жоқпыз. Қазақстанда органдар донорлығына, трансплантацияға қатысты күрделі жағдай қалыптасты. Қайтыс болған не қаза тапқан адамдардың туыстарының басым көпшілігі "аруағынан қорқамын" деп, оның ағзаларын алуға келісім беруден ат-тонын ала қашады, тыйым салады. Олай болса, адамдардың өздері тірі кезінде келісім беріп кетсін деп, порталда келісімді тіркеу рәсімі енгізілді. Одан енді адамдардың көбі қорқады, өзіне өзі өлім тілегендей көрінсе керек. Адамдардың көбі тіпті көзі тірісінде өсиет-завещание жазудан шошиды. Содан қолданыстағы бұл тәжірибе өзін ақтамады. Сондықтан өлгеннен кейінгі донолыққа келісім презумпциясын енгізу қажет", – дейді комитет мамандары.

Ведомство ұстанымынша, әрбір кәмелетке толған азамат, ақыл-есі түзу адам қатты қаласа, көзі тірісінде ағза донорлығына қарсылығын білдіре алады, ол үшін мемлекет жағдай жасапты.

"Егер адам өз өмірінде өлгеннен соңғы донор болуға наразылығын білдірмеген екен, онда оны ағзалар доноры болуға келіскен деп санау керек. Сонда ғана Қазақстанда осы саладағы ахуал түзелуі мүмкін. Қазіргі кезде республикада донорлық органдарға зәру сырқаттардың саны өсіп барады. 2023 жылғы бірінші жартыжылдықта ағзаларды күту парағында 3 965 пациент тұрды. Олардың ішінде трансплантациялауды зарыға күткен 106 бала бар. Тірілер жанталасып, өлген адамдардың ішкі құрылысын қорғаштап жүргенде, биылғы 5 айда күту парағында тұрған 111 адам мерт болды. "Әр қазақ менің жалғызым" десек, солардың бәрін құтқарып қалуға болатын еді ғой?", – деп қамығады мамандар.

Халқымыз "соқыр сенімдердің" жетегінде жүргенде, отандық трансплантология саласы да "өлудің" аз-ақ алдында тұрған көрінеді. 2023 жылғы қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанда органдарды трансплантаттау бойынша небары 95 операция жасалған. Бірақ соның ішінде бар-жоғы 1 ғана ота өлгеннен кейінгі донордың ағзасын пайдалана отырып, жасалды.

Бұл ретте Денсаумині дерегінше, Транспланткоординациялық қызмет әлеуетті 35 донорды тапты. Алайда соның ішінде бақиға аттанған 26 донордың органдарын беруден жұбайы немесе туысқандары бас тартты. Егер келіскенде, қаншама адамды құтқарып қалатын ба еді?

Сонымен бірге, Денсаулық сақтау министрлігінің Денсаулық сақтау кодексіне ұсынып отырған кейбір түзетулері алда пікірталас туғызуы мүмкін.

Мысалы, профессор Сергей Готье туберкүлез, басқа да жұқпалы аурулары бар донорлардың органдары трансплантаттауға жарамайтынын айтады.

Бұл қазақстандық заңнамада бекітілген. Кодекстің 209-бабының 5-бөлімінде "Тірі кезінде немесе қайтыс болғаннан кейінгі инфекция жұқтырған донордан ағзаларын, тіндерін реципиентке трансплантаттау үшін алуға тыйым салынады", – деп қадап айтылған.

Денсаулық сақтау министрлігі бұл бапты сәл өзгертіп, ондай ағзаларды, тіндерді тек "инфекция жұқтырмаған реципиентке трансплантаттауға тыйым салуды" ұсынады.

"Донорлық органдарды алмастырып салуға мұқтаж адамдардың саны әлеуетті донорлар санынан бірнеше есе асып түседі. Бұған қоса, әлеуетті донорлардың бір бөлігінен түрлі инфекциялар табылып, олар санаттан шығып қалады. Сонымен бір мезгілде күту парағында гепатиті бар реципиенттер де тұр. Оларға дәл сондай аурулары бар өлген донорлардың ағзасы жарайтын еді", – деп дәйектеді Денсаумині.

Ведомствоның сендіруінше, мерез-сифилис "органдар донорлығы үшін қарсы көрсетілім" болып табылмайды. Әлемдік трансплантология тарихында, бүгінде "сифилистің алмастырылатын ағза арқылы донордан реципиентке трансмиссиялануының бірде бір оқиғасы тіркелмепті".

Аталған жұқпалы дерттің берілу қаупі бәрібір сақталады: тәуекелі жүз пайыз ішінде 0,15%-дан аспайтын көрінеді. Ол тәуекелді жою үшін әлеуетті донорды жан сақтау және интенсивті терапия бөлімінде соңғы үлгідегі антибактериалдық препараттармен емдеу, ағзаларды дұрыс консервациялау талап етіледі.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу