Депозиттік-жинақтаушы жүйенің клиенттері зар илеп жүр

5790

Мыңдаған үлескер ұзақ жылғы мәселеге нүкте қойылуын күтуде.  

Депозиттік-жинақтаушы жүйенің клиенттері зар илеп жүр

Кеше Нұр-Сұлтан қаласында бірнеше проблемалы тұрғын үй кешенінің қожайыны болған "ASI" ЖШС директорына қатысты бір шешім шығуға тиіс еді. Бұл күнді үлескерлер тағатсыздана күтті. Әр тұрғын үй кешенінің әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі топтары сот болатын күн жақындаған сайын гуілдеді. Алайда сот қайтадан кейінге қалды, деп жазады Inbusiness.kz.

Сотқа қатысуға барған үлескерлер жариялаған құжатта айтылғандай, судья мұны қолы босамағандығымен түсіндіріпті. "Сотқа берілген Сергей Владимирович Котляровқа қатысты қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлімінің 1-тармақшасы бойынша 28-эпизодтан, 190-баптың 4-бөлімінің 2-тармақшасы бойынша 7 эпизодтан тұрады. 2021 жылғы 1 маусымдағы сағат 11:00-ге тағайындалған отырыс судьяның өзге адамдарға қатысты іс бойынша кеңесу бөлмесінде болуына байланысты өтпей қалды", – делінген құжатта.

Сот отырысы 2021 жылғы 16 маусымға шегерілді. Сот бастамашыл топ өкілдерін отырысқа онлайн қатыстыруға уәде еткен көрінеді.

Бұл жайт үлескерлерді қапаландырды. Олардың кейбірі сотқа қатысу үшін өзге өңірлерден елордаға әдейі келіпті.

"Сот отырысын кезектен тыс тыңдау өтуіне байланысты қалай кейінге қалдыруға болады? Мұндай мемлекетте тәртіп болмайды! Котляровтың қайтадан жолы болды. Ол енді қала бойынша еркін қозғалысты қарастыратын үй қамағында тағы екі апта талтаңдайтын болды", – деп алаңдайды үлескердің бірі Әсет Жуасбаев.

Өзге үлескерлер "Котляров Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған рақымшылыққа ілігіп кете ме?" деген қаупін жасырмады.

Шағымданушылар екіге жарылды

"Сергей Котляров – ең бір батпайтын құрылыс салушылардың бірі. Оның "Виктория", "Шығыс", "Жағалау" және басқа тұрғын үй алаптарында алдап кеткен қаншама үлескері көз жасын төкті. Кейбірі қайтыс болды. Мысалы, "Виктория" тұрғын үй кешенінің үлескерлері өз пәтеріне 10 жыл өткен соң ғана кіре алды. Оның өзінде қаншама құрылыс нормалары мен қағидалары бұзылғаны байқалады. Жалпы вентиляциялау, өртке қарсы қауіпсіздік, түтінді жою және басқа да жүйелері жоқ. Бүгінде пәтер иелері құрылыста жіберілген кемшіліктерді компания есебінен түзету үшін әлі күнге өзге соттарды жағалап жүр. Үлескерлердің лайықты және қауіпсіз баспана иелену үшін тағы қанша уақыт жүйкесі жұқаратыны, күші мен уақытын сарп ететіні белгісіз", – дейді бастамашыл топ белсендісі Алма Қайруллина.

Ол осы құрылыс компаниясының аталған ТК-сынан пәтерді "депозиттік-жинақтаушы жүйе" (ДЖЖ) бағдарламасы бойынша бөліп төлеу тәсілімен сатып алған. Ақшаны алғанымен, салушы тұрғын үйді үлескерлер игілігіне тапсырмаған. Содан құрылыс компаниясына, "Объектілерді сауықтыру дирекциясы" ЖШС-ына, қаптаған сыбайлас "қызмет көрсетуші компанияларға" қарсы үлескерлер қозғалысы басталды.

"Объектілерді сауықтыру дирекциясы менімен арадағы алдын ала сату-сатып алу келісімшартын бұзу үшін сотқа берді. Негізсіз талап-арызды сот қараусыз қалдырды. Содан кейін мен "Виктория" ТК жерін кепілге қою туралы келісімнің күшін жойғызу үшін салушы мен банкке қарсы сотқа шағым түсірдім. Құрылыс компаниясы өз баспанамыздың иесі атануымызға күші жеткенше кедергі келтіріп бақты. Үлескерлердің өмірі күреспен өтуде. Алдағы сотта заң үстем болып, әділдік орнайтынына сенеміз", – дейді А.Қайруллина. 

Өзге үлескерлер өз баспаналарына 12 жылдан бері кіре алмай келе жатқандарын айтады.

Дегенмен, үлескерлердің бір бөлігі барлығына жалғыз С.Котляров айыпты еместігіне назар аудартады.

"Біз де соттың үкімін күтіп жүрміз. Бірақ бәріне бір адамды кінәлауға бола ма?! Депозиттік-жинақтаушы жүйенің күшін жою туралы шешімді Үкімет қабылдады. Котляров болса, құрылысты аяқтау үшін басқа серіктестерді таба алмады. Оның бар айыбы сонда болса керек. Қаражат үйлердің каркас-қабырғаларын тұрғызуға жеткен. Үлескерлердің бәрі бірдей төлемін толық жасамаған. Кінәлілерді одан да жоғарыдан, әкімдіктен іздеген жөн сияқты", – дейді Гүлжамал Жанәбілова.

Әлеуметтік желілерде С.Котляровты ақтап, өзге үлескерлермен қызылкеңірдек айтысып жатқандар да бар. 300 үлескер оны қолдап, петицияға қол қойған.

Енді бірі құрылыс компаниясының басшылығы бір пәтерді бірнеше рет сатқаны үшін айыпты екенін тұспалдайды. Қалай болғанда, бұл іске төрелікті сот айтпақ. Үлескерлер соны ары қарай күтетін болады.

Мемлекеттік банктің бәсекелесі еді...

Жасыратыны жоқ, 2000-шы жылдардан бері бас қалада жабайы құрылыс та өркен жайды. Жекелеген тұрғын үй кешендері, тіпті тұтас тұрғын үй алаптары ешқандай рұқсатсыз және сараптамасыз салынып, үлескерлердің ақшасын жинап жатты. Мысалы, 2014 жылға қарай астанада заңсыз бой көтерген 7 заңғар тұрғын үй анықталған. Тағы 11-інің құрылысы тоқтатылған. 

"ASI" инвестициялық құрылыс компаниясының клиенттері сол жылы дабыл қаға бастады. Себебі, "Жағалау-3", "Шығыс", "Виктория" секілді тұрғын үй кешендерінің іске қосылу мерзімдері бірнеше рет кейінге шегерілген. Мәселен, "Шығыс" 2010 жылы аяқталуға тиіс болатын.

2014 жылғы тамызда салушы компания құрылысты тәмамдау мақсатында еліміздегі ірі банктен 3 миллиард теңге қарыз алды. Бұл ретте тұрғын үй нысандары банкке кепілзатқа берілген. Осыған орай үлескерлермен арадағы келісімдер қайта бекітілді. Компания өкілдері үлескерлерден талап етілетін сома көлемі өзгеріссіз қалатынына сендірді. Артынша қосымша келісімде бағаның өзгергені, жетпейтін соманы клиенттер ипотекаға рәсімдеуге мәжбүр болғаны әшкереленді.

"ASI" инвестқұрылыс компаниясы 2004 жылдан бері "депозиттік-жинақтаушы жүйе" тетігі кең пайдаланып келді. Баспананың бастапқы жарнасына жететін ақшасы да жоқ адамдар осы жүйеге қатысып жатты. Осы арқылы ол мемлекеттің "Тұрғынүйқұрылысжинақ банкіне" балама болды әрі азаматтар арасында кең танылды. Салушы өз тұрғын үй кешендері үшін сатып алушылардың үлкен пулын қалыптастырды.

Алайда компанияның бағасын арзан деу қиын: бастапқыда әр шаршы метрді 190–200 мың теңгеден сатқан. Кейін 250 мың теңгеге көтерді. Осы бағаға жалғыз "Шығыс" ТК-інің өзінде жалпы көлемі 150 мың шаршы метрдей баспананы сатып үлгерді. Осыдан-ақ салушының қанша миллиард қаражатты қолға түсіргенін аңғаруға болады.

Компания 2013 жылы ДЖЖ-дан бас тартты. 2016 жылы Inbusiness.kz-ке берген сұхбатында Сергей Котляров мемлекет тұрғын үй құрылысы саласындағы заңнаманы қатайтқандықтан компанияға бұл тетіктен бас тартуға тура келгенін айтып, ақталды. "ASI" нысандарының іске қосылу кестесінен кешігуіне 90% осы фактор себеп болғанын" жеткізді.

Бұл кезде мыңдаған үлескерді жинап үлгерген болатын. Қаншама жыл төлем енгізіп, баспанасын сарыла күткен біраз адам сол арманына жете алмады. Кейбірі қолды бір сілтеп, үлесін арзанға сата салды.

Беріде проблемалы тұрғын үйлердің мәселесін шешуге мемлекет араласты. Бюджеттен 70 миллиард теңгеден астам қаражат бағытталған. Соның арқасында "Виктория", "Жағалау-3", сондай-ақ "Шығыстың" кейбір блоктары қолданысқа берілді.   

"Жағалау-4", "Шығыс" ТК-ларының тұрғызылмай қалған 14 үйіндегі мыңдаған үлескердің бейнеті, баспанасыздық мәселелері жалғасуда. Олар өз пәтері үшін толық төлем жасапты. Осы мақсатта біразы несие алған. Енді бірі өз үйін сатып, жалдамалы үйлерді жағалап жүр. Нұр-Сұлтандағы аңсарлы баспанасы салынбаған күйде жатыр.

Әкімдіктің "Елорда Құрылыс Компаниясы" ЖШС бас қаладағы проблемалы тұрғын үйлер мәселесін әзірге толық шеше алмады.

2021 жылдың басында Нұр-Сұлтанда 117 проблемалы үй қалған. Олардың 10,5 мыңдай үлескері бар. Қала әкімдігінің мәліметінше, 2021–2023 жылдар кезеңінде осы 117 тұрғын үйді толық аяқтау үшін бұрын бөлінген және тартуға жоспарланған қаржыларды ескергеннің өзінде, тағы 76,4 миллиард теңге тапшы көрінеді. Егер мемлекет осы 76,4 миллиардты бөлсе, 2021 жылы – 72 үйді, 2022 жылы – 37 үйді, 2023 жылы – 8 үйді аяқтау жоспарланған.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

  

 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу