Депутат Арал теңізін қайта толтыруға қатысты ұсыныс жасады

1656

Көкарал бөгетінің құрылысында жіберілген қателіктен 48 млрд текшеметр шамасында су зая кетті. 

Депутат Арал теңізін қайта толтыруға қатысты ұсыныс жасады Фото: коллаж inbusiness.kz

Мәжіліс депутаты Мархабат Жайымбетов депутаттық сауалында Кіші Аралға қатысты ұсыныс айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Сыр суының байырғы мамандары мен теңізбен тағдырлас халық Кіші Арал –жобасының екінші кезеңін жүзеге асыруда бір деңгейлік нұсқасын табанды түрде сұрап келеді. "САТ" жобасының бірінші кезеңі 2005 жылы "Көкарал" бөгетін көтерумен жүзеге асты. Бір әттегеңайы, "Сырдарияда су аз болады" деген орталықтағы мамандардың болжамымен өте төмен салынды.

Айта кететін жайт, бар ғұмырын су саласына арнаған Нариман Қыпшақбаевтың бөгетті 52-53 м. биіктікте көтеру туралы талап-ұсынысына жобалаушылар құлақ аспаған.

Көкарал бөгетінің құрылысында жіберілген қателіктен ұлы теңіз жағына қарай 48 млрд текшеметр шамасында су зая кетті. Мыңдаған тонна балық рәсуа болды. Енді тиімсіз жобаны жүзеге асырып, осылай, Аралдың тағы бір қасіретіне өзіміз жол бермекпіз бе?", - деді депутат.

Айтуынша, тиімділігі төмен әрі эксплуатациясы өте қымбат нұсқаны мақұлдануына жергілікті халық алаңдаулы.

"Айдыны қашқан теңіздегі халық Су ресурстары министрлігі ұсынған екі деңгейлі схемаға түбегейлі қарсы. Қазір жобаны жүзеге асыру үшін Дүниежүзілік банктен 1,5 миллион доллар бөлінген. Бір қызығы жергілікті халықпен толық келіспей, қоғамдық талқылаудан өткізбей қаражат игеріліп қойған. Оған мүдделі кім, қаржы мақсатты жұмсалды ма сауалдарды алға тартып, Қамыстыбас көлінің табиғи кешенін бүлдіруге болмайтынын тайға таңба басқандай баяндаған. Халық қырағы", - деп жалғастырды Жайымбетов.

Мәжілісмен келесі мәселелерді шешуді қажет деп санайтынын жеткізді.

"Бірінші кезекте, бір деңгейдегі схеманы қалдырып, екі деңгейлі САТ түбегейлі тоқтатылсын!!! Жергілікті халық өңірде бірнеше қоғамдық талқылау мен кездесулер өткізуді, оның ашықтығын қамтамассыз етуді сұрап отыр. Екінші, Солтүстік Арал теңізінің 12 шақырымдық Көкарал бөгетінің тұрақтылығын сақтау және қамтамасыз ету. Үшінші, Қамыстыбас көлі – аймақ жауһары, әрі өңірде экологиялық баланс сақтауда маңызы зор. Сондықтан оның режимін бұзудың қажеті жоқ! Төртінші, Ақлақ су торабының құрылысы бұрын кеуіп қалған Қарашалан, Баян, Сартерен, Домалақ және басқа да көлдерді қалпына келтіруге мүмкіндік берді. Енді жобаның 2-ші кезеңі шеңберінде Қамыстыбас, Ақшатау, Ақсай және Қуандария көлдер жүйесі үшін осындай жұмысты жүргізу", - деді Мәжіліс депутаты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу