Депутат ауылдағы ағайынның көңілінен шығатын ұсыныс айтты

536

Мәжіліс депутаты Ерболат Саурықов ауылдық жерлерде арнайы тұрғын үй бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. 

Депутат ауылдағы ағайынның көңілінен шығатын ұсыныс айтты Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Бұл туралы ол өзінің депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023–2027 жылдарға арналған тұжырымдамасында және "Ауыл – Ел бесігі" жобасы аясында инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілгенімен, ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға тікелей бағытталған жеке мемлекеттік бағдарлама әлі күнге дейін қалыптастырылмаған. Қолданыстағы бағдарламалар негізінен инженерлік инфрақұрылым мен әлеуметтік нысандарды қамтиды, ал тұрғын үй мәселесі жүйелі түрде шешілмей отыр. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, ауылдық жерлерде тұрғын үй салуға бағытталған мақсатты бағдарламалар – ауылды сақтаудың және дамытудың тиімді құралы", – деді мәжілісмен.

Бұл ретте Ерболат Саурықов еліміздегі оң тәжірибеге де тоқталды. Оның сөзінше, Қызылорда облысы – Қазақстанда баламасы жоқ бастамаларды қолға алған бірегей аймақ. 

"Өңір басшылығы құрылыс қарқынына сараптама жасай келіп, қалада тұрғын үй неғұрлым көп салынған сайын, соғұрлым ауылдан жастардың қалаға көшу көрсеткіші де өсетінін байқаған. Оның нәтижесінде, орталықта емес, ауыл-аймақтарда тұрғын үй салу жұмыстарына басымдылық беру қажеттілігі туралы шешім қабылданған. Нәтижесінде, соңғы 3 жылда Қызылорда облысының барлық аудандарында жаңа тұрғын үйлер салынып, алғаш рет 1800-ге жуық пәтер пайдалануға берілген", – деп атап өтті Мәжіліс депутаты.

Депутат осы мәселеге байланысты бірқатар ұсыныс тастады.

"Бірінші – ауылдардың демографиялық, экономикалық және әлеуметтік әлеуетін ескере отырып, ауылдық елді мекендердің бірыңғай картасын әзірлеу. Бұл карта әр ауылдың даму бағытын айқындауға, тұрғын үй құрылысы мен мемлекеттік қолдау шараларын дәл жоспарлауға мүмкіндік береді. Екінші – ауылдық елді мекендерге арналған, тұрғын үй салуға тікелей бағытталған жеке мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасын әзірлеу. Аталған бағдарлама "Ауыл – Ел бесігі" жобасын толықтырып, ауылда тұрақты өмір сүруге нақты жағдай жасауға бағытталуы тиіс. Үшінші – ауылда жұмыс істеп, сол жерде үй салып, тұрмысын жақсартқысы келетін жастар мен жас отбасыларды қолдауға арналған "Туған жер, туған ел, өз ауылым" секілді арнайы жобаларды енгізу", – деді ол.

Мәжілісменнің сөзінше, мемлекет есебінен салынатын тұрғын үйлерді әлеуметтік санаттар бойынша бөлген жөн. Атап айтқанда, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға, жас отбасыларға, ауылға көшіп келгісі келетін азаматтарға арналған жеке қолдау тетіктерін (жеңілдіктер, кредиттік схемалар, инженерлік инфрақұрылымға қолжетімділік, жұмыспен қамту) қарастыру қажет.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу